Қазақстан • 21 Сәуір, 2017

ЭКСПО-ға 2,3 млн турист келеді

135 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

​Қазақстан Президенті Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аумағындағы нысандардың дайындығын тексерді.

ЭКСПО-ға 2,3 млн турист келеді

«Мен жаңа ғана салынып жатқан нысандарды көріп келдім. Дайындық жоғары деңгейде, құрылыс жақын арада аяқталғалы тұр. Нысандарды абаттандыру, толықтыру жұмыстары жүруде. Көрме өткізуді лайықты ұйымдастыру әлемдік қауымдастыққа тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін көрсетеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев көрмеге дайындық және Астананың даму мәселелері бойынша өткен жиналыста. 

Мемлекет басшысы соңғы 5 жылда аймақтық өнімнің үш есеге өскенін, бұл кезеңде елордаға шамамен 4,5 триллион теңге инвестиция құйылғанын атап өтті. Ел экономикасындағы Астана үлесі 12% дейін көтерілді.   

«Яғни, біз Қазақстанды тағы бір қаламен - өзіне салынған қаражатты мемлекет қазынасына қайтара бастаған үлкен активпен байыттық. Қала экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесі 46% құрайды - бұл елдің өзге аймақтары арасындағы ең жоғары деңгейді құрайды. Астана миллионер қалаға айналды. Өткен жылы ел аумағында 10,8 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, соның 2,3 миллион шаршы метрі немесе 20%-дан астамы Астанаға тиесілі. Қала маңызды әрі жаһандық шаралар мен кездесулерді ұйымдастыратын дәстүрлі орынға айналды», - деп толықтырды Н.Назарбаев.  

Өз кезегінде "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов көрмеге дайындық барысы туралы баяндама жасады. 

"Қазіргі уақытта ЭКСПО-ның 20 нысанының 18-і аяқталды. Екі нысан салыну үстінде, олар - Конгресс орталық (жаңа Конгресс холл сарайы - ред.) пен қонақүй. Конгресс орталық Сіздің тапсырмаңызбен қайта жобаланды. Қонақүй де берген ескертулеріңіздің негізінде өзгертілді. Сонымен қатар инвесторлар тартылды. Нәтижесінде оның құны 20 млрд. теңгеге қысқарды. Инвесторлардың салған қаражатын ескерсек, мемлекеттік бюджет қаржысының шығыны 30 млрд. теңгеге дейін қысқарады. Конгресс орталық та қайта жобаланды, соның арқасында оның функционалдық мүмкіндігі кеңейді және одан 9 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік туды. Бұл екі нысанның құрылысы мамыр айының соңында аяқталуы тиіс. Шетел президенттерін осы жерде қарсы аламыз, ЭКСПО-ның ашылуы осында болады", - деп атап өтті А. Есімов. 

Оның сөзінше, ЭКСПО-ның 115 қатысушы мемлекеттің 110-ы өз павильондарын алды, 90-ы - безендіруге кірісті. 

Ең басты - "Нұр Әлем" павильонын безендіруге Италия, Испания және Швейцария әріптестерімен бірге "Cembol" компаниясы айналысуда. Қатысушыларға қызмет көрсету орталығы іске қосылды. Ол бір терезе принципі бойынша жұмыс істейді. 

Бүгінгі таңда 28 мыңнан астам адам аккредитациядан өтті. 500 БАҚ өкіліне арналған баспасөз орталығы құрылды. Көрменің қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы да ашылды. Сонымен қатар кедендік қызметі бар логистикалық орталық ұйымдастырылды. 

"Астанаға ЭКСПО кезінде 2,3 миллион турист келеді. Көрмеге келушілер саны 5 млн. адамды құрайтыны жоспарлануда. Қазіргі таңда 930 мың билет сатылды. Билеттерді 44 шет мемлекеттер де сатып алды", - деді Есімов.


Соңғы жаңалықтар