Қазақстан • 21 Сәуір, 2017

Мемлекет басшысы Астанадағы ескі үйлерді сүріп тастауды тапсырды

218 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

​Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесінің дайындық барысына және Астана қаласын дамытуға арналған кеңесте елорда әкімі Әсет Исекешевке қала орталығындағы ескі үйлердің мәселесін шешуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Астанадағы ескі үйлерді сүріп тастауды тапсырды

Кеңес барасында Мемлекет басшысы елорда аумағындағы бірқатар көшелердің бойында қаланың көркін бұзып тұрған нысандар мен жеке тұрғын үйлердің суретін көрсетті. 

«Ескі үйлерді сүріп тастау бойынша жұмыстарды жандандыру қажет. Дәл осы жерлерге туристер барып, суретке түсіріп, барша әлемге көрсетеді», - деп ескертті Президент. 

Осы орайда Мемлекет басшысы көшенің келбетін әсемдегенімен, нысандардың артқы жақтарында кемшіліктер бар екенін қадап айтты. 

«Жұмыстарды тыңғылықты атқарыңыздар. Қажет болса, арнайы қаржыны бөлу керек. ЭКСПО аясында барлығын тәртіпке келтіру мүмкіндігі бар. Осы жерлерде тұрғын үйлер салынатын болса, құрылысшыларға арзанға түседі. Себебі орталықта коммуникациялар, жылу жүйесі тартылған. Атап айтқанда, қаланың орталық аудандарын ескі үйлерден босату керек», - деді Н. Назарбаев. 

Бұл тұрғыда Президент егер де Парламентте арнайы заңнаманы қабылдау қажет болса, құжатты тездетіп енгізуді тапсырды. 

«Өйткені бұл мәселелер елорданың, жалпы елдің мүддесін қамтиды. Ешкім де алып-сатарлықпен айналысып, бұл ескі үйлер есебінен табысқа кенелемін деп ойламауы тиіс», - деді Елбасы.

Өз кезегінде Астана әкімі Әсет Исекешев осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

«Қазіргі кезде 117 екі қабатты үй бұзылды. Жыл соңына дейін 228-і сүріліп тасталады және тұрғындарды жаңа үйлерге көшіру жолымен 6 700 пәтер салынады. Жинақталған тәжірибені, сондай-ақ бұл бағдарламаның биыл аяқталатынын ескере отырып, оны қалалық ортаны қайта жаңарту бағдарламасына екі бағыт бойынша масштабтауды ұсынамыз», - деді әкім. 

Бұл бағыттағы ұсыныстар мақұлданған жағдайда, бағдарламаға сәйкес, жеке тұрғын үйлер мен саяжайлар сүрілетін болады. Олардың орнына қазіргі заманғы жайлы үйлер салынады деп жоспарлануда.

Осы орайда, мемлекет басшысы Астана әкіміне елордада жинақы құрылыс жүргізудің ұсынысын енгізуді жүктеді. 

«Атап айтқанда, қаланың орталық аудандарын ескі үйлерден босату керек. Егер де Парламентте арнайы заңнаманы қабылдау қажет болса, құжатты тездетіп енгізіңіздер. Өйткені бұл мәселелер елорданың, жалпы елдің мүддесін қамтиды. Ешкім де алып-сатарлықпен айналысып, бұл ескі үйлер есебінен табысқа кенелемін деп ойламауы тиіс. Бірінші кезекте инфрақұрылымы бар аумақтарды игеру керек. Сондықтан да жазықтағы алыс аудандарға қымбат инфрақұрылымды тарту қажет болмайды. Барлығы сыртқа қарай ұмтылады. Жаңа алаңдарда құрылыс жүргізуге тыйым салу керек. Алдымен қаланың ішін игеріңіздер, тек содан кейін ғана бұл тақырыпты қарастыратын боламыз», - деді Н. Назарбаев. 

Президент жинақы әрі тығыз құрылыс жүргізу барлық қалаларға тән құбылыс екенін атап өтті. Бұл ретте ескі үйлер бұзылғаннан кейін, қаланың ішіндегі алаңдарды игеріп, содан соң жаңа бос алаңдарда құрылыс жүргізу мәселесін талқылауға болатынын жеткізіп, баспана құрылысы жеке инфестициялар мен мемлекеттік-жеке серіктестік есебінен жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. 

«Астана әкіміне елордадағы құрылысты жинақы жүргізу бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын, себебі жыл сайын салып жатқан баспанамыз артып келеді. Сонымен бірге мемлекеттік қордан пәтер алуға кезекке тұрғандар саны да өсіп отыр. Қандай мемлекеттік қор? Біз нарықтық кезеңде өмір сүріп жатырмыз ғой», - деп атап өтті Назарбаев.


Соңғы жаңалықтар