Үкімет • 21 Сәуір, 2017

Қазақстан мен Қытай Сыртқы істер министрлері меморандум жасасты

232 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

​Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астанаға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван Имен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.

Қазақстан мен Қытай Сыртқы істер министрлері меморандум жасасты

«Біздің кездесуіміз Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жоғары деңгейін растайды. Биыл екіжақты дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде елдеріміз арасындағы ынтымақтастық ұдайы өсу және нығаю жолымен дамып келеді. Бұл, көбінесе, біздің мемлекет басшыларымыздың тұрақты байланыстары арқысында мүмкін болып отыр», – деді Қ. Әбдірахманов. 

Келіссөздер барысында тараптар саяси және сауда-экономикалық салалардағы, оның ішінде трансшекаралық су ресурстарын пайдалану, сондай-ақ консулдық мәселелер бойынша іс-қимыл жасау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қарады. Өзекті мәселелер бойынша диалогті стратегиялық әріптестік рухында дамыту маңыздылығы атап көрсетілді.

Сондай-ақ министрлер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 14-15 мамырда Бейжіңде өтетін «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық форумға қатысуына, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 7-9 маусымда Астанаға ресми сапарына дайындық мәселелерін талқылады. Екі мемлекет басшысының қатысуымен 8-9 маусымда Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының Саммиті де ірі халықаралық оқиғаға айналмақ.

ҚХР Сыртқы істер министрі Қазақстан мен Қытай арасындағы егжей-тегжейлі стратегиялық әріптестік жаңа сипатта дамитынына сенім білдірді. Оның пікірінше, ынтымақтастықты күшейтуде екі ел лидерлері арасындағы жеке достық, жиі байланыстар мен өзара сенім ерекше рөлге ие.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқы қарышты өсу мен тұрақты даму жолына көшті. Ел маңызды реформаларды іске асыра отырып, заманауи қадамдар жасауда», – деді қытайлық министр.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Қытай сыртқы істер министрліктері арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл – алдағы үшжылдық кезеңге арналған сыртқы істер министрліктері арасындағы екіжақты өзара іс-қимыл жасаудың «жол картасына» айналатын құжат.

Министрлер Қазақстан-Қытай екіжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелері мен халықаралық істер бойынша, оның ішінде Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігі шеңберінде кездесулер мен консультациялар өткізіп тұруға уағдаласты.

Тараптар Азиядағы сенім шараларын нығайту маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберінде ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты.

«Бүгін ұйымға қатысушылар арасындағы ынтымақтастық пен сенімді нығайтуға ықпал ететін көпжақты дипломатияның тиімді құралы ретінде АӨСШК-ге қатысты оң көзқарас қалыптасты», – делінген құжатта.

Айдар ӨРІСБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024