Қазақстан • 22 Сәуір, 2017

Қостанай облысына су тасқынынан 200 миллион теңге шығын келді

283 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

​​Қостанай облысында тасқын судан болған шығын 200 миллион теңгені құрады.

Қостанай облысына су тасқынынан 200 миллион теңге шығын келді

Қостанай облысында тасқын судан болған шығындарды анықтап, зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында екі комиссия құрылды. Оның бірі  мал шығынын, екіншісі суда қалған баспаналардың жағдайын анықтады. Қарғын судан барлығы 17 ірі қара, 74 уақ мал, 200 шамасында шошқа, 600-ден артық құс шығын болған. Ол барлығы 7 миллион 300 мың теңгені құрады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов малы өлген тұрғындарға  ақшалай  көмек  жақын күндері беріле бастайтынын айтты.

Комиссия  су басқан 10 елді мекенді аралап, 4 күннің ішінде  12 үйге жөндеу жұмыстары жүргізуді, 5 үй бұзып, қайтадан салуды керек ететінін анықтады. Бұл жұмыстардың барлығы да орнына келтірілетін болды. Қазір облыста тасқын судан зардап шеккендерге көмек үшін арнайы қор құрылды. Оған қазірдің өзінде 10 миллион теңге аударылды.

«Шығынның жалпы көлемі аса көп деуге болмайды, барлығы 200 миллион теңгеден сәл асады. Біз республикалық бюджетке салмақ салмаймыз, қажетті қаржыны өзіміз табамыз. Судан зардап шеккендердің ешқайсысы көмексіз, назардан тыс қалмайды. Жағдайды бақылап отырмыз. Қазір адамдар өз үйлеріне қайтып келіп жатыр. Суда қалған ауылдардағы қарғын су сорылып, тазарту жұмыстары жүргізілуде» деді  облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Архимед Бегежанұлы.

Сонымен қатар, сәуірдің 15 және 16-сы күндері қардың күрт еруі себебінен жолдар да бұзылды.

«Негізінен ойпатта, өзен жағасында орналасқан елді мекендер суда қалды. Жолдарды 12 жерден су орып кетті.   Оған жолдар астындағы су өткізгіш құбырлар қуатының аздығы, жіңішке болғандығы,тозғандығы себеп болды. Қаржы бөлінді, көп ұзатпай жолдар да жөнделеді, ол жерлердегі және жалпы су ормаған   жолдар астындағы су өткізгіш құбырлардың да ені 4-5 есеге дейін кеңейтіледі» деді Архимед Бегежанұлы.

Сонымен қатар, облыс әкімі су тасқыны таза табиғи апат, оған ешкімнің де кінәсі жоқ екенін ескертті. Күннің тез жылынуы, қардың күрт еруі және жаңбырдың көп жаууы себеп болған. Тасқынның алғашқы күнінен бастап барлық жағдай облыс басшылығының бақылауында болды. Қар суынан зардап шеккен елді мекендерде облыс әкімінің өзі, оның орынбасарлары болып, жағдайды көзімен көрді. Уақытылы құтқару жұмыстары жүргізілді.  Алайда әлеуметтік желілерде кейбір блогерлер Қостанай облысындағы су тасқыны туралы анықталмаған, артық ақпараттар берді. Адам өлімінің тасқын суға ешқандай қатысы болмаған. Әкім оның барлығы да жіті тексерілгенін, бірақ әлеуметтік желідегі алып-қашпа сөздердің ешқайсысы  дәлелденбегенін айтты.

Нәзира Жәрімбетова

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ


Соңғы жаңалықтар