Дүйсенбі күні еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның электр энергетикасы саласында кезекті айтулы оқиға орын алды. Ислам Инфрақұрылымдық Қоры жай акцияларға жазылу жолымен «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ капиталына еніп отыр. Ендігі жерде ИИҚ компанияның жарғылық қорына 50 миллион АҚШ долларын инвестициялайды.
Жуырда ғана Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы Еуропалық қайта құру және даму банкімен қомақты заем келісіміне қол қойғанын ескерсек, бұл ОАЭК өміріндегі екінші елеулі оқиға.
Осы арада Ислам Инфрақұрылымдық Қоры Ислам Даму Банкі мен Азиялық Даму Банкінің бірлескен қоры болып табылады. Сингапурде штаб-пәтері бар Capital Advisors Partners Asia (бұдан әрі – CapAsia) жеке компаниясы Қордың басқарушы компаниясы екендігіні еске сала кеткен жөн. Ал, ОАЭК – Қазақстандағы аса ірі, жеке тікелей интеграцияланған, елдің электр қуатының 7 пайызынан артығын өндіретін энергетикалық компания.
Сонымен жаңа қаражат көзі компанияның уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімімен әзірленген және мақұлданған инвестициялық бағадарламасын жүзеге асыруға жұмсалмақ. Қысқасы, бұл капитал – Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы генерациялаушы активтерінің қуатын арттыруға, өндірістің экологиялық көрсеткіштерін жақсартуға, қалдықтарды қайта өңдеу, жылу мен электр қуатын жоғалтуды азайту мақсатында желілік активтерді қайта құру мен жетілдіруге бағытталатын болады.
Маңызды оқиғаға орай өткен баспасөз мәслихатында ОАЭК Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебанов:
– Ислам Инфрақұрылымдық қорының «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясының капиталына енуі күллі Қазақстанның энергетика саласы үшін маңызы зор үлкен оқиға. Бұл келісім энергетика саласындағы коммуналдық кәсіпорындардың жұмысының ашықтығын көрсетеді. Ол жеке инвесторлар үшін де, ірі халықаралық даму институттары үшін де инвестициялық тартымды сала болып келе жатқанының дәлелі, – деді.
Ақиқатында, Ислам Инфрақұрылымдық Қорының ОАЭК капиталына кіруі тек компания үшін ғана емес, тұтас елдің электр энергетикалық саласы үшін аса маңызды. Бұл мәміле Қазақстанның электр энергетикасының жеке инвесторлары үшін де, ірі халықаралық даму институттары үшін де инвестициялық тартымды сала болып келе жатқандығының дәлелі болса керек.
Баспасөз мәслихатында журналистердің қойған сауалдарына орай, CapAsia президенті Доктор Иоганн Бастин:
– Бұл біздің Орталық Азиядағы алғашқы инвестициямыз. Біз Орталық Азиядағы ірі жеке электр энергетикалық компаниясымен және бас инвесторлары болып табылатын Еуропалық қайта құру және даму банкімен серіктес болғанымызға қуаныштымыз. ОАЭК компаниясы өзінің ұтымды менеджментімен, корпоративтік мәдениетімен және беделімен баурады. Біз компанияның пайдаланушы сипаттамаларын жақсартуға, қуатты пайдалану тиімділігін арттыруға және зиянды қалдықтарды азайтуға бағытталған ұтымды инвестициялық бағдарламасын қолдауға дайынбыз. Біз Қазақстанды Үкіметтің елдің инфрақұрылымын одан әрі дамытуды және қаржыландыруды қамтамасыз етуге жеке секторларды тарту амалын ұстанғандығынан ИИҚ үшін негізгі нарық деп танимыз, – деді.
Келесі қырынан қарағанда, Ислам Инфрақұрылымдық қорының «Орталық Азия электр энергетикалық» АҚ капиталына кіруін заңдылық деп те қарау керек. Бұл келісімдердің бәріне қазақстандық компания оңайлықпен қол жеткізіп отырған жоқ. Бұл Елбасы мен Үкіметтің жүргізген экономикалық саясатының кезекті табысты көрінісі. Мәселен, 2009 жылы мемлекетіміз «тарифті инвестицияға айырбастау» тетігін іске қосқанын білеміз.
«Электр қуаты – табиғи түрде өздігінен қордаланатын мұнай да емес, газ да емес» деп Александр Клебанов мырза алға тартқандай, Орталық Азияны айтпағанның өзінде, ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр нысандарының тозуы ертеден келе жатқан көкейкесті мәселенің бірі. Олардың кейбірі инвестицияланса, кейбіріне әлі қаражат тартылмаған. Алайда осының бәріне қарамай, электр қуаты қымбаттаған жоқ, тариф тұрақты болғанын тұтынушылар біледі.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.