25 Сәуір, 2017

​Елбасы һәм елдік жобалар

214 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ғасырға бергісіз осы 25 жылдың ішінде біз санамыздағы «сарысулардан» арылып, еңсемізді тіктедік, елдігіміздің іргесін бекіттік. Отарлық саясат құрдымға жібергісі келген ұлттық құндылықтарымызбен қау­ыштық. Дініміз бен діліміз қайта жаң­ғырды. Тағдыр жазуымен түрлі кезеңдерде киелі Қазақ жеріне келіп тұрақтаған ұлыстардың ынтымақ-бір­лігі нығайып, біртұтас халық ретінде қалыптасуға бет алды. Оның бүгінгі айқын көрінісі – Елбасының Мәңгілік Ел идеясының Қазақстан қоғамы тарапынан дұрыс қабылдануы және осы мұрат жолында ұйыса бастауы.

​Елбасы һәм елдік жобалар

Әлбетте, мұның бәрі өткен 25 жылда өздігімен бола салған жоқ. Бұған біз Елбасының ұйытқы болуымен Тәуелсіздіктің белгілі бір кезеңдерінде арнайы жоба-жоспарларды жүзеге асыру арқылы, сол жобаларға халықты тіке­лей қатыстыру арқылы қол жеткіздік. Дағдарып қалған посткеңестік қоғамның назарын бір арнаға бұру, ортақ мақсатқа жұмылдыру тұрғысынан өз уақытында аса маңызды идеологиялық міндет атқарған бұл жобаларды мазмұн-сип­атына, көтер­ген жүгіне қарай екі ке­зеңге бөліп қарас­тыруға болады. Оның бірінші кезеңі, әрине, 90-жылдарға тиесілі. 

Есімізде болса, Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығында әр жылды нақты бір тақырыпқа арнап отырды. Мәселен, 1995 жылы Қазақстан халқы Ұлы Абайдың 150 жылдығын атап өтсе, 1997 жыл «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» деп аталды. Ал 1998 жыл «Халық бірлігі және ұлттық тарих жылы» ретінде жарияланды. Осы­лай­ша, 70 жыл бойы кеңестік идеоло­гия қамытын киіп келген халықтың жа­дын жаңғыртып, тарихындағы ақтаң­дақтарын тануына мүмкіндік туды. Жаңа ғылыми-зерттеу жұмыстары ар­қылы бұрын бүркемеленін келген ақи­қаттар ашылып, тың тақырыптарды қозғаған сүбелі еңбектер көптеп жарыққа шықты. Ұмытыла бастаған мәдени-рухани құндылықтарымыз қайта оралды.  Нәтижесінде, санада сілкініс жасалды. Ұлттық рух осылай оянды. Бұл  екі ғасырға жуық уақыт бұрын өзін өзі басқару құқығынан айырылған, патшалық Ресейдің отарында, кейіннен Кеңес өкіметінің құрсауында болған және тәуелсіздігін енді ғана алған еліміз үшін аса маңызды процесс еді.

Бірақ ел болып кету үшін ұлттық рух­тың оянуы жеткіліксіз. Халық өз күшіне, әлеуетіне сенім артуы және оны жүзеге асыруы тиіс. Сондықтан, келесі кезеңде Елбасы біртіндеп еліміз­ді муль­ти­­пликативті әсер беретін халық­ара­лық жобаларды жүзеге асыруға жетеледі. Бұл орайда, ең алдымен, ойға оралатыны – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық және оның Астана саммиті, одан кейін Астана мен Алматыда өткен 11-ші қысқы Азия ойындары және қысқы Универсиада.

Осы тұста сәл кейін шегініп, аталған жобаларды елімізде өткізу идеясы ортаға тасталған кезде басым көпшілігіміз қарсы болғанымызды еске ала кеткен артық болмас. «Дағдарыс кезінде сонша қаржы жұмсап шығындалудың не қажеті бар?» деген сауал бәріміздің көкейімізде тұрды. Ашық айтылып та жатты. Бірақ нақ осы жобалар елімізге, жалпы, қоғамға оң ықпалын тигізгенін көп­­­шілігіміз байқамай да қалдық. Мысалы, ЕҚЫҰ саммитін өткізу ісіне халық тікелей қатысқан жоқ, бірақ осындай аса ауқымды халықаралық жиынды өткізе алатынымызға көз жеткіздік. Ал Азиа­даны және  күні кеше Алматыда өткен Универсиаданы өткізу барысына халықтың белгілі бір бөлігі, соның ішінде жастар волонтер ретінде ұйымдастыру жұмыстарына тікелей тартылды. Спортқа талабы бар қаншама өреніміз бақ бен бап сыналған сәттерді өз көзімен көріп, жүрегіне от жақты. Жарыстарға көрермен болып барған бұқара халық та кімнің қай ұлт екеніне қарамастан, бәріміз бір командаға – Қазақстанның спортшыларына жанкүйер болдық. Жеңісті сәттерге бәріміз бірдей мерейлендік. Ұлтаралық бірлігіміз осылай нақты көрініс берді. Бұл бір. Екіншіден, осындай халықаралық іс-шараларды табысты жүзеге асыру елдің өз әлеуетіне, күш-қуатына деген сенімін нығайтты.  

Үшіншіден, қоғамда халықаралық шараларды атқару мәдениеті қалыптаса бастады, ағылшын тілін үйреніп жүрген студенттерге аз күнге болса да тіл білі­мін практикалық деңгейде қолдану мүм­кіндігі туды.

Төртіншіден, бірнеше күнге созыл­ған, шетелдіктер көп келген мұндай үлкен іс-шаралар халыққа сервистік қызмет көрсету секторындағы шағын кәсіпкерліктің дамуына да оң ықпалын тигізді. Мысалы, Алматыда Универсиада нысандарының құрылыс жұмыстары 1550 шағын және орта бизнес субьектісін тапсырыспен қамтамасыз етіп, осы кезеңде 30 мыңнан аса жұмыс орны ашылған.

Енді, міне, алдымызда бірнеше айға созылатын ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу сынды аса жауапты міндет тұр. Бұл көр­менің елімізге келтірер пайдасы бұ­ған дейінгі жобалардан да зор болмақ. Өйткені, ол нақты қаржы түріндегі экономикалық табыспен ғана емес, игілігі алдағы жылдары айқын білінетін, қоғамның барлық саласына  тигізетін мультипликативтік әсерімен өлшенетін болады.

Айбын Шағалақ,

«Егемен Қазақстан»