Облыс орталығындағы Асхат Күзеков басқаратын «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының зәулім ғимаратына табалдырық аттап кіргеннен-ақ, «Сәлеметсіз бе, кімге келдіңіз», деп күзет қызметін атқаратын жігіттер қарсы алып, ілтипат көрсетіп жатады. Кәдімгі қазақы сөзбен айтқанда, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына келгенде қазақ тілінің иісі аңқып тұрады деуге болады. Әр басқарма басшысы А.Күзеков сияқты туған тілімізге осылай жанашыр бола білсе, қандай ғанибет. Ал, енді осы қоғамның қабылдау бөлмесіне телефон шала қалсаңыз:
– «Қазақтелеком», қабылдау бөлмесі. Сізді Оксана тыңдап тұр», – деген жауап естисіз.
– Оксана дейсің бе? Сен орыстың қызы сияқтысың, қалай қазақша жақсы сөйлейсің? – дей қалсаң:
– Жоқ, мен орыс емеспін, украин қызымын, – деп күле жауап береді. Мен де Оксанамен осылай қабылдау бөлмесіне телефон шаламын деп танысқанмын. Енді Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Оксана туралы мақала жазғанды жөн көріп, онымен хабарластым.
– Кездесіп, сөйлесейік дейсіз бе? Жарайды, қазір, кешіріңіз, – деп тұрып қалды. Қабылдау бөлмесі болған соң, белгілі ғой, тынымсыз телефон соғылып жатады.
– Ой құдайым-ай, кешіріңіз, жарайды, сол сіз айтқан жерге жұмыстан соң келейін, – деді Оксана бізге. Бір байқағаным, әдеті болып кеткен бе, ылғи да қазақшалап «о, құдайым-ай» деген сөзді жиі айтады екен.
– Енді ауылда үлкен кісілер ылғи да солай деп жатады ғой. Бала кезден құлағымызға сіңіп кеткен сөз, сондықтан өзінен-өзі тілге оралып, ауызға түсе береді, – дейді Оксана. – Мен алыстағы ауылда туып-өстім, әке-шешем қазір де сонда, Шарбақты ауданындағы Галкин деген ауылда тұрып жатыр. Мен олардың жалғыз қызымын.
Анасы Надежда ауылдағы мектепте мұғалім, математика пәнінен сабақ берсе, әкесі Николай үйде мал, құс бар дегендей, өзі жеке шаруашылықпен айналысады екен. Оксана өскен ауыл дәл орманның шетінде, тіпті орманның ішінде тұр десе болады, жылда өрт шығып, жұртшылықты мазалайтын облыстағы Шалдай орман белдеулері, міне, осы Оксана туған ауылды орап өтеді. Ауылдың балалары улап-шулап осы орман, қалың ағаш ішінде балалық күндерін өткізеді.
– Мен 1996 жылы ауылдағы мектептің қазақ сыныбына оқуға бардым. Орыс сыныптары да болды, бірақ, мені ата-анам, өзім де қарсы болмай, қазақша оқуға келісім бердім. Ол жылдары қазақша мектепке бару деген әлі бастала қоймаған еді ғой, бірақ біздің отбасымыздың таңдауы осылай болды. Ауылдағы мектепте білім берген ұстаздарым Балжан Ахатқызы, Дәурен Нұрпейісұлы, Алмагүл Әбденоваға ризамын. Олар білім берумен қатар, қазақ тілін үйреніп шығуыма үлкен үлестерін қосты. Бірге оқыған барлық сыныптастарым да маған түсіністікпен қарады. Сөйтіп, мен 2005 жылы осы мектепті толықтай қазақша бітіріп шықтым, – дейді Оксана.
Содан облыс орталығындағы Инновациялық Еуразия университетінің студенті атанады. Университетке оқуға да қазақ бөліміне түседі. Орман ішінде, ауылда, табиғатқа жақын өскен қыз анасы сияқты мұғалім болуды армандап, биолог мамандығын таңдапты. Өмір деген осындай, өзің ойлағандай болмай, өз сыйын ұсынады екен. Сол жоғары оқу орнында оқып жүргенде-ақ, Оксананың көзге түскені студент қыздың қазақ тілін жетік біліп, кәдімгі қазақтардай сөйлейтіні болыпты. Оған сонысы үшін де курстастары да, оқытушылары да қатты қызығып, сүйсінеді екен. Өз тілдерінде сөйлегісі келмей, «орысшалап» кететін дос-жарандары да көккөз қыздың қазақ тілінде сөйлеп жүргенін көріп, өз тілдеріне құрметпен қарайтын дәрежеге жетіпті.
Содан, Оксананы бәрі біліп, көпке үлгі ете бастайды. Қазақ тілінде болатын байқау-жарыстарға, «Мемлекеттік тіл – елдің бірлігі» атты республикалық деңгейде өтетін конкурстарға шақырылады.
– Ал, Асхат Сәйфіұлы осындай жауапкершілігі мол қызметке шақырғанда, әрине, ойланбастан келдім. Расында да, бұл жерде екі тілді білетін, орыс-қазаққа бірдей жауап беріп, сөйлей алатын, жаза алатын адамның болғаны қажет екенін түсіндім. Әрі мен сияқты көккөз қыздың қазақ тілінде қазақтардай ағып сөйлеп тұрғаны, өзге ұлт өкілдеріне, тіпті, кейбір қазақ жастарының өздеріне де ой салатыны анық. Әріптестерімнің арасында қазір қазақ тілін кеш те болса үйренуге құлық танытып жүргендер аз емес. Мысалы, біздің байланыс қызметтеріміз қазір қазақша сөйлей бастады.Тілдерін сындырып болса да қазір біздің «Қазақтелекомның» қызметтері орыс тілімен қатар, мемлекеттік тілге көшті. Қайда, қандай қызмет жасасам да мен қазақ тілін біліп, жазып, сөйлеп тұрғанда биікте тұрғандай сезінемін. Өйткені, мен өзім тұрып өмір сүріп жатқан елдің тілін білемін. Бұл – бақыт қой, – дейді Оксана.
– Жалпы, біздің Асхат аға Сәйфіұлы басқаратын ұжымда менен басқа да қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері аз емес. Көпшілігі қазақ тілін үйрену курстарына қатысады. Мысалы, біздің Олег Ткаченко мен қарындасы Алена украиндар. Олар қазақша майын тамызып сөйлегенде таңқаласыз. Олегтің әйелі Әйгерім – қазақтың қызы, Арлан деген ұлдары бар. Олег Баянауылда өскен, әрине, ондай ғажап жерде өскен адамдар қалай қазақша білмесін. Керісінше, Әйгерімге Олег қазақша үйрететін сияқты. Өзіңіз білесіз, арамызда қазақ тілінде, яғни өз ана тілінде сөйлегісі келмейтін қыз-жігіттер әлі аз емес. Өкінішті-ақ! Бізді әке-шешеміз қазақтың жерінде туып-өскен соң, тағдырымыз, бүкіл өміріміз енді осы жерде өтетінін білген соң, қазақша білсін деп қазақша оқытты. Біз одан кем болған жоқпыз, керісінше, өмір сүріп отырған қазақ мемлекетінің тілін білгенімізді мақтаныш етеміз, – дейді Оксана.
Сөйтіп, Оксана екеуміздің шағын әңгімеміз осылай аяқталды. Қоштасарда мен одан газет бетіне шығатын сурет сұрадым. Екеуміз газетке лайық қандай сурет бар деп қарай бастадық. Солардың арасында бір жігітпен түскен суреті бар екен.
– Ал, мына жігіт кім? – дедім күліп.
– Иә, ол қазақтың жігіті, менің болашақта тұрмысқа шығайын деп жүрген адамым, аты – Асылан, – деді Оксана. – Екеуміздің де ата-аналарымыз шет жағасын біледі, сондықтан отбасын құруға алдағы уақытта барлығы да тілектес болады деп ойлаймын.
Біз де жастарға сәттілік, махаббат тіледік.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.
--------------------------------
Суретте: Оксана Логвиненко.