Аталған шараға Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары – «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева, Парламент депутаттары, сондай-ақ, мемлекеттік орталық органдардың, облыс әкімдіктерінің, университеттердің, колледждердің, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.
Отырысты ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары соңғы 16 жылдың ішінде Қазақстанда жұмыссыздықтың екі есеге азайып, ол 13 пайыздан 5 пайызға төмендегенін айта келіп, бұл өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік-экономикалық саясатының тиімділігінің айқын дәлелі болып табылатынын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан Еуропа одағынан (8,2%), Украинадан (9,7%), Қырғызстаннан (8%), Бразилиядан (12%), Ресейден (5,6%) озып, АҚШ пен Ұлыбританияның (4,8%) көрсеткішіне жақындап қалған.
Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхаммед адам капиталының сапасын көтеру мен азаматтарды тұрақты жалақымен қамтамасыз ету, биылғы жылы Мемлекет басшысы серпін берген ауқымды және жаппай жаңғырудың көздеген басты мақсаты болып табылатынын атап өтті. «Сан миллиардтаған инвестицияларды тарту, жаңа зауыттар мен фабрикалардың құрылысы, бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын көтеру, инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік жағдайды арттыру – осының бәрін де біздің Елбасымыз халқымыздың әл-ауқатын жақсарту үшін істеп жатыр. Соның арқасында бізде қазір тіпті жұмыс күші жетіспеуде. Елімізде 445 мың жұмыссыздың тіркелгеніне қарамастан, өткен жылы ғана ең алдымен көрші елдерден табыс табу үшін көптеген шетелдіктер келді. Осындай үйлесімсіздікті түзету биылғы жылы Президенттің тапсырмасымен жүзеге асырыла бастаған, ауқымы жағынан бірегей, нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі болып табылады», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова аталған жаңа бағдарламаның бес жылға арналғанын хабарлады. «Үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап Елбасының тапсырмасына сәйкес дайындалған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыра бастадық. Қазіргі таңда бағдарламаға қатысушылардың саны 122 мыңға жетті. Олардың 50 пайызға жуығы ауыл тұрғындары. Өткен екі айдың ішінде республика көлемінде 57 мың азамат ашық вакансияларға, яғни тұрақты жұмысқа орналастырылып, 23 мыңнан астам жас әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар практикасына тартылды», – деді министр.
Т.Дүйсенова одан әрі бағдарламаның негізгі мақсатын сөз етті. Оның айтуынша, бұл жаңа бағдарлама азаматтарды жаппай оқыту арқылы олардың өздігінен жұмысқа тұруын қолдау, несие беру арқылы өз кәсібін ашуға мүмкіндік жасау болып табылады. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда министрлік облыс әкімдерімен бірлесе отырып жаңадан ашылатын жұмыс орындарын анықтау ісін аяқтаған.
Жиында белгілі болғандай, осы жылдың соңына дейін ірі мемлекеттік және салалық жобаларды іске асырудың, сондай-ақ, жаңа кәсіпорындарды құрудың арқасында 346 мың жұмыс орны ашылатын көрінеді. Бұл орайда адамдарға сұранысқа ие мамандықтарды игеруге көмек көрсетіледі. Мәселен, биылғы жылдың қыркүйегінде 21 мың жас адам техникалық және кәсіптік білім ұйымдарына оқуға жіберілмек.
Сала министрінің айтуынша, еңбек нарығында электр газбен дәнекерлеушілердің, аспаздардың, жөндеу жұмыстарын жүргізетін темір ұста-
ларының, электрмонтерлердің, мал дәрігерлерінің, электриктердің, монтажшылардың және тігіншілердің жетіспеушілігі байқалады. Жастарға осы мамандықтарды мемлекет есебінен меңгеруге мүмкіндік туып отыр. Жиырма төрт жастан асқан азаматтарды тегін, қысқа мерзімді білім алу курстарына жіберіп, содан кейін оларды жұмысқа орналастыру көзделуде.
Сонымен қатар, министр еңбек күшін жұмылдыруды арттыру бо-
йынша да жұмыс жүргізіліп жатқаны, халық тығыз орналасқан өңірлердің тұрғындарына жұмыс қолы жетіспейтін жерлерге қоныс аудару ұсынылып, бұл процесс басталып кеткенін сөз етті.
Отырыста тағы бір бағыт – кәсіп-
керлікті дамыту мәселесі де сөз болды. Биылғы жылы ғана ауылды жерлердегі өз ісін бастаған кәсіпкерлерге 3300 несие беру жоспарланған екен. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның айтуынша, кәсіпкер жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға 18 миллион теңгеге дейін несие ала алады.
Жиында Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының орындалу барысы таныстырылғаннан кейін нұротандықтар мемлекеттік органдар мен өңір басшыларының алдында атқарылып жатқан жұмыстардың көңіл аударарлық тұстарын нақтылап берді. Мәселен, депутаттарды өңірлік деңгейдегі еңбек балансының ресурсы, жұмыспен қамту орталықтарының жұмыс сапасы, еңбек миграциясының жоспарлануы, көрші елдерден келетін заңсыз жұмыс күшінің ағымы, шағын несиелерге қол жетпеушілік, білім беру мекемелерін қайта бейіндеу және басқа да бірқатар мәселелер атап өтілді.
Тыңдау барысында аталған мәселелерді талқылауға Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға тікелей қатысатын ауыл кәсіпкерлері мен қоғамдық ұйымдар өкілдері де онлайн көрсетілім арқылы қатысты. Олар түйткілді мәселелерді атап, ахуалды түзеуге байланысты өз ұсыныстарын жеткізе білді әрі өздерін толғандырған сауалдарын тиісті минис-
трліктер мен мемлекеттік органдар басшыларына қойып, лайықты жауаптарын алды.
Отырысты қорытындылаған Мұхтар Құл-Мұхаммед жүз мыңдаған қазақстандықтың әл-ауқатының арта түсуі жаңа бағдарламаға байланысты екеніне тоқталды. Сондықтан да партия алдағы уақытта да оның орындалуының сапасын қатаң қадағаламақ.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»