Қазақстан • 28 Сәуір, 2017

Бейбітшілік пен тыныштықтың арқауы

805 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өзінің туған жерін, туған елін сүймейтін адам бола қоймас. Өйткені, отанды сүю, ең алдымен, адамдықтың, азаматтықтың белгісі. Отанды сүюден отанды қорғау бастау алады. Елім деп ержеткен ерге отанынан артық ештеңе жоқ. Ондай адам отан-анасын ештеңеге айырбастамайды, ешуақытта опасыздық жасамайды.

Бейбітшілік пен тыныштықтың арқауы

Сондықтан да Ғабит Мүсірепов  «Еліңе опасыздық – туған анаңа опасыздық» деп бекер айтпаса керек. Ендеше, қолына қару ұстап, Отанды қорғау күзетінде жүрген ел жастарының қазіргі жалынды істерін мақтанышпен айту парыз. Өйткені, біздің қазақстандық жігерлі жастарымыздың, яғни айбынды әскери қызметшілеріміздің Отан қорғау жолында атқарып жатқан іс нәтижесі жоғарыдағы сөз төркінімен ұштасатындығы қуанта түседі. 

Кең-байтақ елімізді күзетіп, хал­қы­мыздың тыныштығын сақтап отырған әскери қызметшілердің еңбегі ерекше. Ол әскеріміз осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай құрылды. Ал бүгінде бұрын-соңды болып көрмеген әлеуеті асқақ әскеріміз, саны мен сапасы жарасқан Қарулы Күштеріміз бар.

Өткен ғасырдың 90-жылдары тәуе­л­сіз­дік алуымызға байланысты елі­міздің ал­дына өткір, бірақ өмірлік ма­ңызы зор міндет – өзінің Қарулы Күш­те­рін жа­ңадан құру міндеті қойылған еді. Әскер – ел қорғаны. Оның үстіне, егемен ел болған соң, өзін өзі құрметтеп, өзін өзгеге сыйлата білетін мемлекет кез келгеннің басынуына жол бермейді. Кең-байтақ қазақ жері кезінде басқыншы жаулардан аз зардап шеккен жоқ. Сондықтан, сол заманда-ақ ата-ба­ба­мыз «Жау жоқ деме, жар астында, бө­рі жоқ деме, бөрік астында», деп сақтық­пен де, сақтандыра да айтқаны белгілі.

Біздің айбарлы бабаларымыз кезінде ел мен жердің тәуелсіздігі үшін сан күресті. Солардың арқасында, яғни аттары аңызға айналған көшпелілер – сақтар, ғұндар мен көк түркілердің ұрпағы ретінде біз басты байлығымыз – қазіргі Қазақстанның ұлан-байтақ даласына мұрагер болдық. Арада небір сұрапыл жылдар өтті. Халқымыздың тәуелсіздікке, аумақтық тұтастыққа деген сан ғасырлық арман-мүддесі өткен ғасырдың 90-жылдарында жүзеге асты. Еліміз егемендігін алды. Алайда кеңестік кездегі қияңқы саясат өз ізін ойсыратып қалдырған еді. Сол Кеңес Одағынан қалған қирандыдан мықты әскер жасақтау қиял секілді көрінетін. Өйткені, өзіндік айбынды армия республиканың ерекшелігіне және географиялық жағдайына байланысты қайта құруды, айтарлықтай материалдық шығынды қажет етті. Соған қарамастан, сол кезде: «Ішкі және сыртқы саясаттың құрылымындағы негізгі іргетас – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондықтан, бізге ел егемендігін қор­ғау мүддесі үшін кез келген қатерге төтеп бере алатын, сапасы зор заманауи әс­кер қажет», деген болатын Президент Н.Назарбаев.

Міне, бұл орайда халық Нұрсұлтан Әбішұлына өз тағдырын, өз болашағы мен ұрпақтарының болашағын сеніп тапсырды. Президент елдің дамуы мен гүлденуіне теңдессіз күш салды. 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Көп ұзамай ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып аталды. Тәуелсіз республиканың заңдық құқықтарының негіздеріне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қаты­сушы мемлекеттер арасындағы қол жет­кен келісімдерге байланысты Пре­зиденттің 1992 жылдың 7 мамырын­дағы Жарлығы бойынша Қазақ­стан аумағында орналасқан Қарулы Күш­тер өздерінің мүліктерімен қоса респуб­ликаның қарауына өтті. Жоғарғы Бас қол­басшы ретінде Қарулы Күштерді бас­қаруды Президент өз қолына алды. Осылайша, 1992-1998 жылдары Тәуел­сіз Қазақстанның Қарулы Күштері қай­та құрылды, ал 1999 жылдан оны жасақ­таудың түбейгейлі реформасы басталды.

Әрине, мына алмағайып заманда қуатты әскердің қажеттігі сөзсіз. Бірақ, ол басқыншылық әрекеттерді қалайтын, соғысты шақыратын әскер болмауы керек. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен біздің кең-байтақ Отанымызда тыныштық пен бейбітшілік болғанын қалаймын. Ол миллиондаған қазақстандық отбасылар үшін қажет. Мен қайғыдан шашы ағарып кеткен әзіз аналардың темір табыт құшақтап отырып, егіліп перзенттерін жоқтағанын, жастардың жалыны тұтанбай жатып, қанаты қиылып, мүгедек болғанын, қариялар жермен жексен болған үйлерінің орнын іздеп шарқ ұрып, нақақтан көз жасын төккенін қаламаймын», деп жазды. Тура солай.

Біздің Қарулы Күштеріміз бейбіт­ші­лік­ті ту етіп ұстанады. Әскери доктринамыз да бейбіт мақсатты, өзара достықты көз­дейді. Бұл – біздің еліміз, халқымыз үшін қажет ұстаным.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар