Қазақстан • 01 Мамыр, 2017

Алматыда Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнатылады

432 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

​Алматыда 1931-1933 жылдардағы Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылады. Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1931-1933 жылдардағы Ашаршылық құрбандарын мәңгі есте сақтау мақсатында Алматы әкіміне арнайы ескерткіш ашуды тапсырған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнатылады

Бүгін Алматы қаласының əкімі Бауыржан Байбек бір топ зиялы қауым өкілдерін аталған ескерткіштің жобасымен таныстырды. Ескерткіштің авторлары: Дулат Үсенбаев, Айдос Бүркітбаев және Қанат Бегулиев.  

ҚР Үкіметі жанынан құрылған арнайы комиссия мүшелері ескерткіш авторларының жобаларын анықтаған болатын. Ескерткіш Алматыдағы Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы скверде орналасады. Айта кетер жайт, 1992 жылы осы орынға ескерткіш орнатылатыны туралы белгітас қойылған.  

Ескерткіштің ашылуы 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне жоспарланған.  

1931-1933 жылдардағы жаппай Ашаршылық бай-манаптарды жою мен ұжымдастыру және орталық билік органдары тарапынан қазақтардың мал-мүлкін тәркілеп, сол арқылы азық-түлік жинау мақсатында ұйымдастырылған. Тартып алған мүлік тәртіп сақшылары көмегімен қажетті жерге жеткізіліп отырған. Осындай әрекеттердің салдарынан туындаған ашаршылық жаппай Қазақстанды жайлады.  

Түрлі деректер бойынша, осы нәубеттің салдарынан қазақ жерінде 2-3 миллионға жуық адам құрбан болып, 1,5 миллион адам шетелге босты. Жалпы алғанда ашаршылықтың құрбанына айналғандар қазақ халқының 60-65 пайызын қамтыды. Халықтың көпшілігі Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран мен Ауғанстанға көшуге мәжбүр болды.

 

Соңғы жаңалықтар