Қазақстан • 02 Мамыр, 2017

Он алты сенатор сайланады

267 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жұма күні Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың төрағалық етуімен Комиссияның отырысы өтті. Онда 2017 жылғы 28 маусымға тағайындалған Парламент Сенаты депутаттарының сайлауына дайындық туралы және Сайлауға халықаралық байқаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдерін шақыру және аккредиттеу туралы мәселелер қаралды.

Он алты сенатор сайланады

Орталық сайлау комиссияның төрағасы Берік Имашевтың атап өткеніндей, биылғы жылдың 31 тамызында 2011 жылғы 19 тамызда сай­ланған сенаторлардың өкілеттік мерзімі аяқталады. Соған байланыс­ты 28 маусымда республиканың 16 өңірінде еліміздің заң шығарушы органының жоғарғы палатасына бір депутаттан сайланады. Сайлау жанама түрде өтетіндіктен, Парламент Сенаты депутаттарын сайлауда дауыс беруге тек таңдаушылар – мәслихаттар депутаттары ғана қатысады. Осылайша, азаматтардың тікелей сайлау кезінде сайлаған мәслихаттар депутаттары сенаторларды сайлайды және олар Парламентте сол өңір жұртшылығының мүдделерін білдіреді. 

«Қазақстан Республикасында облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі мәслихаттардың 3335 депутаты бар, Сенат депутаттарын сайлау солардың таңдауына байланыс­ты болады,− деді ОСК төрағасы. − Конституцияға және заңнамаға сәйкес жасы 30-ға толған, жоғары білімі бар және жұмыс өтілі бес жылдан кем емес, сондай-ақ, еліміздің аумағында соңғы он жыл бойы және өзі дауысқа түсетін өңір аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын Қазақстан азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алады. Кандидаттарды ұсыну мәслихаттар сессияларында және өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өздерінің мәслихаттардағы өкілдері арқылы өз кан­дидаттарын ұсынуға да мүм­кіндігі бар. Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер өңірдегі барлық мәслихаттар депутаттарының кемінде он пайызының қолдауына ие болуы тиіс. Бұл қолдау мәслихаттар депутаттарының тиісті қолдар санын жинау арқылы куәландырылады. Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутаттарын сайлау балама негізде өтеді».

Орталық сайлау комиссиясының 2017 жылғы 28 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарын сайлауды әзір­леу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы Ортсайлауком хатшысы Бақыт Мелдешов айтып берді. «Аталған жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну 28 мамырға дейін, кандидаттарды тіркеу 7 маусымға дейін жүреді, ал сай­лау алдындағы үгіт 8 маусымда басталып, 26 маусым күнгі сағат 24.00-де аяқталады. Дауыс беруді, дауыстарды санауды және нәтижелерін жариялау­ды облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары бір күн ішінде – 28 маусымда жүргізеді. Ал Парламент Сенатының депутаттығына кандидатқа сайлау алдындағы үгітті жүргізуге, сондай-ақ көліктік шығын­дарға республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Кандидаттардың әрқай­сысының сайлау қоры 4 млн 891 мың 800 теңгеден аспауы қажет. Сондай-ақ, кандидаттардың сайлау қорына азаматтар мен ұйымдардың да қар­жы қосуына болады. Ол 12 млн 229 мың 500 теңгеден аспауы тиіс», деді ол.

Сыртқы істер министрлігі Ортсай­лаукоммен бірлесіп халықаралық байқаушы институтын ашады. Халық­аралық байқаушыларды, шетелдік БАҚ өкілдерін шақыру және аккредиттеу мәселесі бойынша ОСК мүшесі Марат Сәрсембаев хабардар етті. Оның айтуынша, 2014 жылы Сенат сайлауына ОСК 166 халықаралық байқаушыны, Сыртқы істер министрлігі шетелдік БАҚ-тардың 110 өкілін аккредиттеген. Осы сайлауға 160-тай байқаушы келеді деп күтілуде. Ортсайлауком Парламент Сенаты депутаттарын сайлауды ұйымдастыруға және өткізуге жалпы басшылық етеді. Сенатқа сайлауды өткізуді облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиялары тікелей қамтамасыз етеді.

Отырыс барысында Ортсайлауком басшысы қазіргі уақытта ОСК мен науқанға жұмылдырылған сайлау органдары транспарентті сайлау өткізуге қажетті ұйымдастырушылық, ақпа­раттық, техникалық және қаржылық ресурстармен қамтамасыз етілетінін атап өтті.

Отырыстан кейін Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос пен Комиссия мүшесі Ләззат Сүлеймен алдағы Се­нат депутаттарының сайлауына бай­­­ла­нысты брифинг өткізді және жур­­налистердің сұрақтарына жауап қайтарды.

Әлисұлтан Құланбай,

«Егемен Қазақстан»




Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20