Аймақтар • 02 Мамыр, 2017

Ардагердің айтары көп

226 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Уақыт көші сырғыған сайын қатары сиреп бара жатқан ардагер қарттарды құр­меттеудің қадірі арта бермек. От пен оқтың ортасына түсіп Отан қорғаған арда­гер­лердің ерен ерлігін қалай дәріптесек те, оларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

Ардагердің айтары көп

Алматыда «Ұлы Отан соғысының Ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен майдан балалары кеңесінің» ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының ардагері Жарқожа Асқарбаев ақсақалмен журналистердің кездесуі өтті.

Жасы 93-ке келген қарияның айтары көп. Майдангермен кездесуге келген журналистер қауымы сұм соғыстан қалған түнекті де, жолда үзіліп жалғанбай қалған тілекті де ардагер атаның әжім басқан келбетінен көргендей болды. Сұрапыл соғыс кезінде Қазақстаннан Мюнхенге дейінгі жерді жүріп өткен жауынгер қарт көргені мен түйгенін шежіре қылып шертті. 1941 жылы 18 жасында екі ағасымен бірге майданға аттанған өрімдей жас Беларусь, Брест, Минск шайқастарына қатысып, ерлігі үшін бірқатар медальдармен марапатталып, сондай-ақ, генерал Жуковтың қолынан төсбелгі алды.

«Үлкен ағам Бекқожа Асқарбаев Курск майданында опат болды, екінші ағам Әлхан Асқарбаев соғысқа бір көзін беріп елге оралды. Бір ауылдан майданға бірге аттанған 25 жігіттен үш азамат қана елге аман-сау қайттық. Көрер жарығымыз бар екен. Майдандас бауырларымның барлығы да елі үшін жан аямай күресті. Олар – зор құрметке лайық жандар. Көпшілігінің артында әулетінің көшін жалғайтын із де қалмады», деп еске алды қарт. Ардагердің осы бір сөзі, алапат соғыс қай шаңыраққа болса да оңай соқпағанын аңғартса керек. Расында да, түтінін де түтетіп үлгере алмай қапыда қыршын кеткен батырлар рухының алдында бәріміз борыштармыз. Соғыстан кейін елге оралып, туған жері Жамбыл облысы, Қордай ауданында қажымай еңбек етіп, аудандық комсомол комитетінің хатшысы, кеңшар директоры сынды бірқатар жауапты қызметтерді абыроймен атқарып зейнетке шыққан Жарқожа ақсақал бүгінгі таңда немере-шөберелерінің атасы, еліне сыйлы ардақты ардагер.

Жастығын майданға беріп, сұм-соғыстың әлегін бір кісідей тартқан ақсақал жастарға ақ батасын берді. «Бейбітшілік пен берекенің қадірін біліңдер. Одан асқан бақыт жоқ. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қаны­мыздан келе жатқан қасиет. Ең бастысы, осы қасиетті жоғалтып алмаңдар. Тәуелсіздігіміз мәңгілік, ел іргесі берік болсын! Келешек ұр­пағымның алдынан енді ешқандай кедергі кез­­деспесін. Тек қана мамыражай бейбіт заман болып, соғыс өрті тұтанбасын. Адамды адам қы­л­атын, адамгершілік пен адал ең­бек қа­на», дейді көпті көрген Жарқожа Асқар­баев.

Қамкөңіл қариялардың қас-қабағына қарап, қал-қадіріміздің жеткенінше оларға көмек көрсетіп, өсиетін өне бойымызға сіңіру бәрімізге ортақ міндет.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ