Қызылордада жергілікті «Қайсарды» 3:0 есебімен ұтқан теміржолшылар соңғы төрт ойынның өзінде қарсыластар қақпасына жауапсыз 13 гол соқты. Қазір «Астана», жоғалтқан ұпай саны бойынша есептер болсақ, өзін өкшелеп келе жатқан «Қайраттан» жеті ұпай алда тұр.
Алматылықтар бұл турда «Ақжайықты» қабылдап, 4:1 есебімен күйрете жеңді. «Қайраттың» қыр соңынан қалмай келе жатқан қос клуб – «Тобыл» мен «Ертіс» өзара ойнап, кім мықтыны анықтай алмады. Бұл жағдай «Қайраттың» биылғы маусымда тұңғыш рет екінші орынға көтерілуіне мүмкіндік берді.
Бірін-бірі ала алмаған Қостанай мен Павлодар клубтарына «Ордабасы» жақындай түсті. Оңтүстік- қазақстандықтар Теміртау қаласында 2:1 есебімен «Шахтерден» басым түскен болатын.
Турнир кестесінің төменгі жағында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, ФИФА «Атырауға» қарсы жазалау шарасын жеңілдетіп, «тәркіге» ұшыраған тоғыз ұпайдың алтауын қайтарды. Мұндай шешім қанаттандырған мұнайшылар Таразға барып, жергілікті клубтан 2:1 есебімен басым түсті. Сөйтіп, «Атырау» әлі күнге дейін жеңістің дәмін татпаған «Шахтерді» артқа тастап, турнир кестесінде бір сатыға жоғарылады.
Тоғызыншы тур мынадай нәтижелермен аяқталды:
«Оқжетпес» – «Ақтөбе» – 2:1 (1:1), Шафф, 1 (1:0). Чертов, 11 – өз қақпасына (1:1). Досмағамбетов, 90+2 (2:1). «Тараз» – «Атырау» – 1:2 (0:0), Ли, 62 (0:1). Зайнутдинов, 73 (1:1). Максимович, 89 (1:2). «Қайрат» – «Ақжайық» – 4:1 (2:0), Исламхан, 1 (1:0). Гоу, 32 (2:0). Валиуллин, 48 – өз қақпасына (3:0). Сүйімбаев, 58 (4:0). Валиуллин, 82 (4:1). «Тобыл» – «Ертіс» – 0:0 (0:0). «Шахтер» – «Ордабасы» – 1:2 (0:2), Ковальчук, 2 (0:1). Ковальчук, 37 (0:2). Шахметов, 57 (1:2). «Қайсар» – «Астана» – 0:3 (0:2), Твумаси, 28 (0:1). Маевский, 34 (0:2). Мұртазаев, 76 – пенальтиден (0:3).
Сұрмергендер көшін бұрынғыша Жерар Гоу («Қайрат») бастап келеді. Оның еншісінде 9 гол бар. Бес гол соққан Жуниор Кабананга («Астана») екінші орында. Ал үшінші орынды төрт голдан соққан Алексей Щеткин («Тобыл») мен Аслан Дарабаев («Ертіс») бөлісіп тұр.
Бүгін, мамырдың 2-сі күні өтетін 10-турда мына командалар өзара күш сынасады:
«Оқжетпес» – «Шахтер», «Ақжайық» – «Тобыл», «Атырау» – «Қайсар», «Ертіс» – «Ордабасы», «Астана» – «Қайрат», «Ақтөбе» – «Тараз».
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»