Ұлттық спорт • 02 Мамыр, 2017

Жастар жарыс көрігін қыздырды

243 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Жамбыл облысының Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылындағы атшабарда Ұлттық спорт түрлерінен өткен биылғы жылғы жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды. Көкпардан ХІІІ, аударыспақтан ХІІІ, теңге ілуден ХІ, жамбы атудан ІІІ мәрте ұйымдастырылған бұл чемпионатқа 1996-1999 жылы туған жастарымыз қатысып, бір апта бойы бәсеке көрігін қыздырды.

Жастар жарыс көрігін қыздырды

Биылғы елішілік жастар чемпионатына 12 команда қатысты. Былтырғы жылдың қазан айында Ақтөбеде өткен жастар бәсекесіндегідей биылғы чемпионатты да жас көкпаршылар бас­тады. Көкпар ойынында серке жаңа ережеге сәйкес шеңберге тасталды. Б.Момышұлы атындағы атшабардағы көкпар ойынында алғашқы болып Батыс Қазақстан және Алматы облыстарының құрамасы кездесті. Қарсыластарына еш мүмкіндік бермеген Алматы облысының жастар құрамасы 8:1 есебімен жеңіске жетті. Қызылорда мен Ақмола облыстары командаларының арасындағы ойын да тартысқа толы болды. Бұл ойында ақмолалық шабандоздар қарсыластарын 2:0 есебімен жеңді. Ал, Ақтөбе облысы мен қарағандылық көкпаршылардың арасында өткен үшінші кездесуде ақтөбеліктердің мерейі үстем болып, 4:0 есебімен жеңіске жетті. Келесі кезекте Павлодар облысының құрамасымен кездескен алматылық шабандоздар қарсыластарын 8:0 есебімен ойсырата ұтты.

Жарыстың екінші күні ең алғашқы болып көкпар алаңына шыққан Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыс­тарының көкпаршылары арасында өткен кездесу 6:1 есебімен сол­түстікқазақстандықтардың пай­да­сына шешілді. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының құрамасымен кездескен маңғыстаулық жігіттер 8:4 есебімен жеңіске жетті. Ал, жамбылдық шабандоздар Қызылорда облысының көкпаршыларымен кездесіп, абырой биігінен көріне білді. Бұл ойында тараз өрендері 12:0 есебімен жеңіске жетті.

Оңтүстік Қазақстан облысы мен батысқазақстандық көкпаршылар арасындағы кездесу де тартысқа толы болды. Ат спорты ерекше дамыған Оңтүстік Қазақстан облысынан келген өрендер кездесуде 12:0 есебімен жеңіс туын желбіретті. Ақтық бәсекеде жамбылдық жастардың мерейі үстем болып, бас жүлдені қанжығаларына байлады. Екінші орынды Маңғыстау командасы иеленсе, үшінші орын Алматы облысының командасына бұйырды.

Сондай-ақ, аударыспақтан елу келі салмақ дәрежесінде ақтө­белік А.Жанарбекке тең келер қарсы­лас табылмады. 60 килода қызыл­ордалық Ә.Файзулла, 70 килода жам­былдық Д.Ережепбаев, 80 килода қыз­ылордалық С.Әмірсейіттің мерейі үстем болды. Ал, сексен килодан жоғары салмақтағы сайыста шым­кенттік С.Болат жеңімпаз атанды.

Теңге ілуден ақтөбелік Әліхан Бәшембаевтың жұлдызы оңынан туса, жамбы ату бәсекесінде оңтүстік облыстың ұланы Айтбек Сарыбайдан асқан сұрмерген болған жоқ.

Бұйыртса, алдағы айларда ұлттық спорт бәсекелерінің думаны жиілемек. Мамыр айының 13-19 жұлдызы ара­лығында көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы атудан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты Алматы қаласында өтеді. Маусым айының басында бәйгенің үш түрінен Президент жүлдесіне арналған аламан жарыс, маусымның ортасында аударыспақтан І әлем чемпионатының жалауы көтерілмекші.

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,

ҚР Ұлттық спорт түрлері

қауымдастығының баспасөз қызметкері