Медицина • 02 Мамыр, 2017

Қақпақ жинап та қайырымдылық жасауға болады

561 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қалалық оқу бөлімінің мәліметінше, облыс орталығындағы жалпы орта білім беретін мектептердің оқушылары ата-аналарымен, мұғалімдерімен бірлесіп «Мейірімділер клубы» атты еріктілер ұйымдастырған қайырымдылық шарасына белсене қатысуда.

Қақпақ жинап та қайырымдылық  жасауға болады

Бұл кәдімгі өзіміз ішіндегі суын ішіп, лақтырып тастай бере­тін пластик құтылардың қақпағы. Күнделікті өмірде қол­данатын заттардың барлығы да қажетті, қалдықтарды тастауға болмайды. Олардың бәрінің де өз бағасы бар дейді еріктілер. Акция барысында оқушылардың жинаған пластик қақпақтарының салмағы 6 күнде 38 килоға жетіп, саны 15 мың 780 болыпты.

Қайырымдылық шарасының мақсаты – ауыр науқасқа шалдық­қан баланың жеке есеп шотына ақша аудару. Ұраны – «Қақпақ жи­най берсек – ауру балалар саны азаяды!». Бірінші болып Павлодардағы №17, №24 мек­теп­тердің шәкірттері мен ата-аналар қауымы қолдап, белсенділік танытты. Жиналған қақпақтар қайта өңдеуге жіберіледі. Одан түскен ақша бір күндік болса да науқас баланың еміне жұмсалды.

– Бұл шара біздің оқушылары­мызды мейірімділікке тәрбиелейді. Екіншіден, еріктілер айтқандай, қалдықтардың да, қақпақтардың да күнделікті тұрмыста қажеттігін біліп өседі. Қалдықтан дүние жа­сап шығаратын шетелдердегі тиімді тәжірибе, осылай біздің өмі­рімізге де енуде, – дейді қала­лық оқу бөлімінің қызметкері Балжан Әділханова.

Айтса айтқандай-ақ, мейі­рім­ді­ліктің үлкен-кішісі жоқ. Жан жылуы деген осы. Оқушылар мектепте мониторинг өткізіп, күн сайы­н ақпараттық қабырғаға қанша қақпақ жиналғаны жөнінде хабарлап отырады. Осы шара барысында қақпақ жинаушы белсенді сыныптар аталып өтеді. Ал ең бел­сенді оқушылар еріктілер тарапынан марапатталады.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар