Білім • 02 Мамыр, 2017

Астанада аймақтық робототехника олимпиадасы өтті

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл сайын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі қолдауымен оқушылар мен студенттерге арналған World Robot Olympiad (WRO) - Халықаралық роботтар олимпиадасын ұйымдастырады.

Астанада аймақтық робототехника олимпиадасы өтті

Биыл да Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің спорт алаңы дарынды балалар мен жетекшілердің көмегімен басқарылатын ғажайып роботтар әлеміне айналды. 

Іс-шара оқушылар арасында ғылыми-техникалық шығармашылықты дамыту, жоғары технология және инновация саласына қызығушылықты арттыру, болашақ мамандықты таңдаудағы пәнаралық байланысты нығайту, робототехника бойынша мұғалімдердің кәсіби дамуын, сондай-ақ робототехникалық жүйені құру бойынша перспективалық ғылым және техника саласына назар аудару, қазіргі замандағы ғылыми-техникалық шығармашылықты дамыту мақсатында ұйымдастырылған. 

Аймақтық жарыс кегельринг, сумо, футбол, шығармашылық жобаларды қамтитын категорияларға (негізгі, шығармашылық, еркін, футбол) жас ерекшелігі бойынша бөлініп өткізіледі.

Әр жыл сайын қатысушылар саны көбейіп барады. Мысалы 2016 жылы олимпиадаға не бары 4 мектептің 19 командасы қатысатын болса, биыл командалар саны 50-ге дейін өскен. Жалпы өз роботтарының шеберлігін көрсеткен балалар саны 100-ден асып, қала бойынша қатысушы мекемелер саны 17-ге жетті.

Ережеге сәйкес жарыс басталмай тұрып оқушылар роботтарын бөлшектеп карантинға қояды, содан кейін қазылар алқасы роботтарды тексеруден өткізіп болғаннан соң, балалар роботтарды құрастырып, сайысқа даярлайды.

Әр жылы байқау белгілі бір тақырыпта ұйымдастырылады. Осы маусымның тақырыбы - "Sustainobots [Robots for Sustainability]" ("Тұрақты дамуға бейімделген роботтар").

Осы маусымның тапсырмасы аймақтың тұрақты дамуына өз септігін тигізетін робот құрастыру. Ол робот келесі мақсаттардың бірін қамту керек: “Арзан әрі таза энергия көзі”, “Тұрақты қалалар мен елді мекен”, “Климат өзгеруімен күресі”, “Жер үсті экожүйесін сақтау”.

Олимпиада нәтижесі бойынша үздік атанғандар: Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі (шығармашылық, футбол категориялары бойынша), №3 мектеп гимназиясы мен №68 орта мектебі (еркін категориясы бойынша) және Астана қаласындағы Халықаралық мектебінің оқушылары.

Аталмыш желілік олимпиада бір уақытта еліміздің әрбір аймағында өткізілді. Аймақтық кезеңнің жеңімпаздары 2017 жылдың 1 шілдесінде Астана қаласында өтетін Республикалық кезеңге жолдама алады.