02 Мамыр, 2017

Бөгенбай батырдың айбалтасы мұражайға қойылады

332 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

​Қанжығалы қарт Бөгенбай атанған батырдың есімі бүгінгі күні де даңқ биігінде. Батырға қатысты кезкелген мәлімет пен деректерге қызығушылық танытылады. Күні кеше ғана «Ақ жол» партиясының кеңсесінде ұйымдастырылған шара соның айғағы.

Бөгенбай батырдың айбалтасы мұражайға қойылады

Қорғаныс министрлігі Қарулы күштерінің 25 жылдығына орай аты аңызға айналған батыр бабаның айбалтасы Қазақстан Қарулы күштерінің әскери-тарихи мұражайына тапсырылды. Мәжіліс депутаттары, Қорғаныс министрлігі мен БАҚ өкілдері қатысқан шарада «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев айбалтаның тарихына тоқталды. Оның айтуынша, ұрпақтары үш ғасырдан бері сақтап келе жатқан батырдың айбалтасы кеңес үкіметі кезінде-ақ белгілі болған. «Ақ жол» партиясы Қорғаныс министрлігінің ұсынысымен батырдың тікелей ұрпақтарымен келісім жасасып, айбалтаны көрмеге қоюға алып келген. «Айбалта батырдың тікелей ұрпағының зайыбы Фатима Жұмағазықызының қолынан кепілдік хат арқылы алынды. Көрме жұмысы аяқталған соң заңды иелеріне қайтарылады. Айбалта ақ болаттан жасалған. Күміспен зерленген», - деген партия төрағасы айбалтаны Қарулы күштер әскери-тарихи музейі қызметкерінің қолына тапсырды. 

Сонымен, үш ғасырдың куәгері болған айбалта Қарулы күштердің 25 жылдығына орай ашылатын көрмеге қойылады. Кім біледі, бұл бәлкім Бөгенбай батырдың әкесі Ақша батырдың қолынан шыққан дүние ме екен? Біраз деректерде Ақшаны әрі батыр, әрі ұста, қару-жарақтар соққан деген мәліметтер де жүр.

Айгүл Сейілова, 

"Егемен Қазақстан"

Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20