05 Мамыр, 2011

Өрісі кеңейген өндірісті өңір

288 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Дамудың жаңа кезеңіне жарасты жасампаз істер еліміздің барлық өңірлеріндегідей отандық өндіріс қарашаңырағында да тынымсыз қазір. Мұның үстіне ел қуатының эконо­ми­ка­лық тірегі саналатын аймақта көшбасшылық үрдісті сақтап, жаңғырту жауапкершілігі бөлек. Сол орынға берік болуға ұмтылыс қашанда ерекше. Биыл да соған айғақ ізденіс-шаралар жетіп артылады, тындырылғаны да аз емес, атқа­рыл­мақтығы бұдан да көп. Өткен жылды жалпы өнім кө­лемі бойынша тұңғыш рет 1 триллион 16 миллиард теңгеге асы­рып, жемісті қорытын­ды­ла­ған облыс экономика мен әлеу­меттік саланы одан әрі өрлетуге нық қадам баса түсті. Оған әлеу­ет толық, мүмкіндік кеңді­гіне бүгінде жер-жерде қайнаған жұ­мыс­тар дәлел бола алады. Бірінші тоқсандағы аяқ алыс алға қойылған міндет үдесінен шы­ғуға үміттендіреді. Өнеркәсіпте, өңдеуші секторда өндірістің 13 пайызға артуы есебінен даму қарқыны қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға инвестиция көле­мі былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 1,5 есеге өсуі ор­тақ іске зор қозғау болды. Соның ішінде құрылыстың қызу қолға алынуы нәтижесінде 68 мың шар­шы метр тұрғын үй пай­да­лануға берілді. Мұның өзі өткен жылдағы осы кезеңмен салыс­тыр­ғанда 26 пайызға артқан­ды­ғын алға тартар дерек. Осын­дай­лық оң өзгерістер бюджет түсім­дерінің молаюына да әсерін тигізуде. Кіріс бөлігі биылғы үш айда былтырғыдан 3 миллиард 404 миллион теңгеге артық толықты. 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағдар­ла­масының шеңберінде Индус­трия­ландыру картасына енгізілген, жалпы сомасы 47 миллиард теңгеден асатын 24 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұ­лардың қатарында жарық беретін шам өндірісін ұйымдастыру тә­різді республикалық маңыздағы жобалар бар. Мәселен, ол Қа­зақ­станға жылына 300 Мвт генера­ция­лық қуаттылықты үнемдеуге мүмкіндік жасайды. Көше шам­дары көп орнатылған Алматы мен Астана қалалары үшін аса пайдалы. Шикізаттық емес экс­портты ынталандыру мақсатында басталған «Экспорт-2020» бағ­дар­ламасы жергілікті өнімдер өтімділігін арттыруға ықпал етсе, ал 2011-2015 жылдарға және 2020 жылға дейінгі кезеңге ар­налған агроөнеркәсіп кешенін ин­дустриялық-инновациялық да­мытудың ауқымды іс-шаралары осы бағытта елеулі өзгерістер күт­тіріп отыр. Елбасының тап­сыр­маларына сәйкес өркендеу жо­лындағы жаңа бір қарышты қадам бұл күнде облыс тыны­сы­на осылайша тың серпін беріп келеді. Ел тарихындағы ең мерейлі мереке – Тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғын сүбелі табыстармен атап өтуге таудай талпыныс қара­ған­дылықтарға ортақ ынта. Облысқа жұмыс сапарын жал­ғастырған Президент Н.Назарбаев кеше Қарағандыда жаңадан қатарға қосылған әлеуметтік-эко­номикалық нысандарды аралап көріп, істерімен танысты. Он­да­ғы ұжымдар Президентті сай­лау­дағы тамаша жеңісімен құт­тық­тап, өздерінің қуаныштарын білдірді. Алдымен Елбасы «Эргоно­ми­ка» ЖШС-інде болып, оның бү­гінгі тыныс-тіршілігімен таныс­ты. Бұл кәсіпорын 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Ол – тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық саласын жылумен қам­тамасыз етуде, энергия үнем­деуде және ауыз суды тазалау, есептеу жұмыстары бойынша жаңа, инновациялық технология­лар­ды енгізу мақсатымен құрыл­ған ғылыми-тәжірибелік орта­лық. Өндіріске енгізген кейбір жаңалықтарын фирма алдымен өздерінің кеңсесін салғанда пай­даланыпты. Сол «Эргономика» офисін салғанда қолданылған энергия үнемдеу технологиялары мен жабдықтары қазір де тиімді жұмыс істеп, фирманың осы шы­ғындарға төленетін қаражатын айтарлықтай үнемдеп отыр екен. Барлығы 1850 шаршы метрді құ­райтын офис ғимаратының энер­ге­тика мен жылуға төленетін қа­ра­жаты дәл өзіндей басқа ғима­раттармен салыстырғанда әлде­қай­да төмен көрінеді. Елбасы Н.Назарбаевқа қол­данылған жабдықтар мен технологиялар көрсетіліп, олардың жұмыс істеу тәртібі танысты­рыл­ды. Соның ішінде жылуды бұ­рынғыша қабырғалар арқылы беру емес, аяқтың астынан жіберу, сондай-ақ суық көбірек енетін сол­түстік қабырғаларды тұтас қойып, терезені оңтүстік жақтан шығару идеясы Елбасына қатты ұнады. Кәсіпорын басшылығы жылу беретін маусымда осы жаб­дықтарды пайдаланудың арқа­сын­да жылуға төленетін 650 мың, ал электр энергиясына төле­нетін 300 мың теңге үнем­дел­генін айтты. «Эргономика» ЖШС аясында көптеген кәсіпорындар жаңа технологияларды енгізу ту­ралы ұсыныс түсіріп, оны тә­жірибеден өткізеді. Соның ішінде ЖШС «АлмазСервис» суды бұ­зылудан сақтайтын «Пенетрон» гидроизоляциялау жүйесін, Қа­зақ­стан мен Германияның «Минова Казахстан» БК жылу жүйе­сіндегі жылудың температурасын төмендетпейтін изоляциялау ма­те­риалдарын алдымен тәжіри­бе­ден өткізіп, қазір өндіріске енгізіпті. Ал «Қарағанды Жарық» ЖШС электр жүйелерін жаңарту мен дамытуға қажетті «АСКУЭ 0,4-10 кв» инвестициялық жоба­сын іске асырыпты. Н.Назарбаевтың Қарағандыда атбасын тіреген екінші нысаны облыстық қан құю орталығы бол­ды. Аумағы 12 993 шаршы метр болатын бұл ғимарат көлемі 1,6 гектар жерді алып жатыр. 2008 жылы басталған оның құрылысы жақында ғана аяқталыпты. Ор­та­лық жылына 20 мың литр қан сақтай алады. Осынау алып ме­ди­циналық мекеменің жалпы құны 2,7 млрд. теңге екен. Ел­ба­сы оның көптеген блоктарын аралап, орталықтың жұмыс істеу тәртібімен танысты. Ғимаратта қарсы алып, оның ішін аралатып жүрген облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының бастығы Е.Әбілқасымов аймақта медици­на­лық мекемелерді салу қарқыны артып, олардың материалдық-тех­­никалық базасы нығайып келе жат­қанын айтты. «Президент бекіткен «Саламатты Қазақстан» бағ­дарламасында белгіленген мақ­саттарды толығымен орындау жо­лында алға баса беретін боламыз», деді ол. Қан құю орталығының директоры В.Лактионов Елбасын донорларды іріктеудің алғашқы кезеңінен хабардар етті. Сондай-ақ қан дайындау бөлімшесін, плазмоферез бен плазмоцитоферез залдарын, қан кетуді тоқта­ту­ға және жара орнының тез бітуіне арналған фибрин атты меди­ци­налық желім әзірленетін зерт­хананы көрсетіп, олардың функ­цияларымен таныстырды. Бұл орталық қазіргі заманғы халықаралық талаптарға сай келетін жоғары технологиялы диа­г­нос­тикалық және қан мен оның компоненттерін сақтайтын тер­мо­жабдықтары, қан арқылы берілетін инфекцияны анықтайтын тес­тісі бар бірегей кешен болып табылады. Оны салу Елбасының тікелей тапсырмасының нәтиже­сінде жүзеге асқан. Кешенді аралап шыққан соң Н.Назарбаев Қарағандыға жаса­ған сапарын қорытындылап, журналистермен брифинг өткізді. Осындай қан орталықтары Шым­кентте тіркелген трагедиялық жағ­дайлардан кейін қолға алын­ды. Онда жауапсыз, бей-берекет өмір сүріп жүрген кезбелердің қа­нын құюдың салдарынан адамдар өліміне жол берілген еді. Ал­дағы уақытта сондайды болдыр­мас үшін біз сапалы қан орталық­тарын ашу ісін шұғыл түрде қол­ға алдық. Оның алғашқысы Шым­кентте, одан кейін Астанада, енді міне, Қарағандыда да ашы­лып отыр, дей келіп, Елбасы орталықтың жетістіктері туралы айтып берді. Дер кезінде қажетті қанды құю арқылы адамды өлім­нен алып қала аламыз. Соның арқасында ана мен бала және басқа да адамдардың өлімі азай­ып, халық саны да артатын бо­ла­ды. Қазір қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын 72-ге жет­кізу мақсат етіліп отыр, деді Президент. Елбасы Қарағандыдағы ден­сау­лық сақтау саласының жалпы жұмысы туралы айтқанда, оған толық қанағаттанатынын білдірді. Соңғы бес жылда ғана об­лыста он сегіз денсаулық сақтау мекемесі салынған және олар жоғары талаптарға жауап беретін құрал-жабдықтармен жарақ­тан­ды­рылған. Денсаулық сақтау са­ласының жаңа жүйесін енгізу ар­қылы дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің әлеуметтік қам­сыздандырылуы да жақса­рып, жалақы өскен. Кардиологиялық орталық та ашылғалы жатыр. Сөйтіп, облыс азаматтары жүрек-қан тамырлары ауруларының қымбат отасын шетелге барып жасатпай, өздерінде-ақ жасата алатын болады. Осының өзі өлімді азайтып, халықтың өмір сүру жасын ұлғайтуға мүмкіндік береді, деді Президент. Облыстың жалпы даму қар­қынына баға бере келе, Елбасы оның дұрыс бағытта екенін атап айтты. Барлық салада да қараған­дылықтарда ілгерілеу бар. Соның ішінде үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарлама­сы бойынша биыл 24 нысан іске қосылмақшы, бұл республика­да­ғы ең жоғары көрсеткіш, деді Елбасы. Сондай-ақ ол ауыл ша­руашылығы, ғылым және басқа салаларда да үлкен жетістіктер барын атап өтті. Сөзінің соңында Президент қарағандылықтарды Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні мерекелерімен құттықтап, жақсылық тіледі. Жақсыбай САМРАТ, Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.