06 Мамыр, 2011

Мәдени ықпалдастық аясындағы апталық

488 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Астанада «Корея Республикасының Қазақстандағы жы­лы­ның» ашылуына орайластырылған баспасөз конференциясы өтті. Бұл шараға Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігі ұйыт­қы болды. Баспасөз мәслихатына Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм бірінші вице-министрі Мо Чхоль-мин, Кореяның ұлттық брендинг жөніндегі президенттік кеңесінің төрайымы Ли Бэ-енг, көпшілік қауымға «Ханзада Жумонг» сериалы арқылы таныс белгілі оңтүстіккореялық актер Сон Иль-гук, әнші Со-Енг-ын, корейдің дәстүрлі «Чонгдонг» театрының ак­терлері, сондай-ақ, «T-MAX» және «JQT» музыкалық топ­та­ры­ның әншілері қатысты. Қазақстан мен Корея Рес­пуб­ли­касының дипломатиялық ын­ты­мақтастығы 1992 жылдан бастау алған. Осы уақыт аралығында қос мемлекет арасында түрлі салада жан-жақты байланыс орна­ған. Яғни, екі ел әріптестігі эко­но­мика және саясат салаларымен ғана шектелмейді. Бүгінде мәде­ни саладағы әріптестік те белгілі деңгейде жанданып келеді. Мә­селен, 2010 жылы «Қазақстан­ның Кореядағы жылы» шеңбе­рінде түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылып, корей халқы Қазақстан тарихы мен мәдение­тінің өзіне тән ерекшелігі жө­нінде кеңірек мәлімет алған еді. Биылғы жылғы «Кореяның Қа­зақ­стандағы жылының» көздеген мақсаты да әріптестіктің осы бір тінін нығайту болып табылады. «Мен «Кореяның Қазақ­стандағы жылына» арналған ша­раларға қатысуға Қазақстанға арнайы келдім. Осы орайда, сіздің елдеріңізде өтетін «Корея Республикасының Қазақстандағы апталығы» фестивалі  қазақстан­дықтардың корей халқының мә­дениетімен, өнерімен жақынырақ танысуына мүмкіндік беріп қана қоймай, екі елдің болашақтағы ықпалдастығына да өз әсерін тигізеді деп ойлаймын», – деді Кореяның ұлттық брендинг жө­ніндегі президенттік кеңесінің төрайымы Ли Бэ-енг өз сөзінде. Ал Кореяның Мәдениет, спорт және туризм бірінші вице-министрі Мо Чхоль-мин өткен жылы «Қазақстанның Корея Республи­ка­сындағы жылы» өткеніне, бұл шара Қазақстан туралы тереңірек мәлімет алуға мүмкіндік бергеніне тоқталып өтті. «Ал биыл біз өз еліміздің мәдениетімен, тарихы­мен  жақынырақ таныстыру мақ­сатымен Қазақстанға келдік. Осы орайда, 30-ға тарта шара өтпек», – деді  Мо Чхоль-мин. Бұл күні кешке елордадағы «Қазақстан» орталық концерт за­лында «Корея Республикасының Қазақстандағы жылының»  ашы­лу салтанаты өтті. Ашылу рә­сіміне Кореяның Қазақстандағы елшісі Ли Бен Хва, Кореяның Мәдениет, спорт және туризм бірінші вице-министрі Мо Чхоль-мин, еліміздің Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев, сон­дай-ақ, өнер және мәдениет өкіл­дері қатысты.  Концертке жиыл­ған қауым белгілі оңтүстік­кореялық әртістермен жүзбе-жүз кездесіп, дәстүрлі «Чонгдонг» театры актерлерінің, «T-MAX», «JQT» топтары әншілерінің өне­рін тамашалауға мүмкіндік алды. Бір айта кетерлігі, «Корея Республикасының Қазақстандағы апталығы» мамырдың 6-сынан 9-ына дейін жалғасады. Яғни, дәл осы күндері қала тұрғындары мен қонақтары «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында корей­дің киноларын көруге, сондай-ақ, осы елдің туризмін, оның ішінде табиғат жауһарларын насихат­тайтын фотокөрмені тамашалауға мүмкіндік алады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.