06 Мамыр, 2011

Болашақ маршалға командир болған Шаймұхан

425 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Оның өмір мектебі − қатал соғыс болды. Асыл жастық шағы адам қаны суша аққан майданда өтті. Отан үшін от кешіп, жаумен қасық қаны қалғанша айқасты. Бұған “Қызыл ту”, “Александр Невский” ордендерін, оннан аса  медальдар алғаны нақты айғақ. Ұрысқа алғаш кіргенде техник еді, соғыстың ең ауыр кезеңі, 1942 жылы батальон командирі болып тағайындалды. Ол кезде Шаймұхан Мұханов небәрі  жиырмадан енді ғана асқан еді. Бір батальонда 4 рота, 15 взвод бар десек, қазақтың өрімдей жігітіне 600 адамның тағдырының сеніп тапсырылуы  командирлік тәжірибесін, ерлігін бағалау болатын. Сөйтіп ол соғыстың алғашқы күнінен аяғына дейін алдыңғы шептен ғана көрінді. Иә, Шаймұхан Мұханов 1940 жылдың қазан айында әскер қатарына шақырылып, Новочеркасск қаласындағы әскери-техни­калық курсқа қабылданады. Арада жыл өтпей жатып Ұлы Отан со­ғысы басталады. 19 жастағы жа­лын атқан Шаймұхан бір топ жолдастарымен Ленинград қала­сы­ның іргесіндегі Боровичи шә­ріне келеді. Осы жерде жасақтал­ған 177-атқыштар дивизиясының жауынгерлерімен бірге шілде айы­ның 10-ы күні алғы шепте жатып, соғыстың нендей кесепат екенін сезінеді. Жас жігіт өмір мен өлімнің аралығы қас қағым сәт екенін сол күні аңғарады. Алғаш­қы айларда басынан кешкен қатер­лі сәттерді естелігінде тәптіштеп баяндауы содан болса керек. Сол естеліктердің бірінде ай­тыл­ғандай, жауынгерлерді қару-жарақпен қамтамасыз ететін қыз­меттің бастығы подполковник Сидоров Шаймұханға: «Оқ тиелген 5 арбаны алдыңғы шепке жеткіз!», деп, қасына бірер жауынгер қоса­ды. Жолшыбай оларға жаралы солдаттар кезігіп: «Әй, ақымақ, мына жарақты кімге апарасың? Алдыңғы шепте қару ұстарлық жауынгер қалған жоқ...» − дегеніне сеніп, кері қайтады. Подполковник оның жауабын тыңдамай, бала­ғаттап, атып тастамақ болып, тапаншасын суырады. «Менің ба­ғы­ма сол сәтте полктың тылын басқаратын, жасы алпысты алқым­даған қартаң офицер келе қалып, әлгі әкіреңге: «Тапаншаңды шо­шаң­датпа! Немістің оғынан жусап жатқан боздақтар аз емес. Әуелі алдыңғы шептегі жағдайды білейік!..», деп біздің жігітті ертіп, бірде бүкеңдеп, бірде жер бауыр­лап жетсе, қолына қару ұстарлық тірі жан қалмағанын аңғарады. Екеуі содан ұрымтал тоғайға шегініп, тыңнан шеп құрған бөлімшеге тап болады. Нәтижесінде техник жігіт 5 арба жарақты соларға жеткізіп беріп, ерекше бөлімнің тергеуінен аман құтылады. Фашистермен жан аямай шай­қасқан Шаймұхан Мұхановтың әскери беделінің өсуі 3-баталь­он­ның пулеметшілер ротасына командир болғанда айрықша байқал­ған. Пулеметшілер ротасының міндеті − танкілердің соңында келе жатқан жаяу әскерді құрту. «Бір кезде біздің зеңбіректер гүрсілге басты. Танкілер алға жылжи алмай, кейін қарай жалт берді. Сол сәтте мен пулеметтің құлағына жармасып, сатырлатып ата баста­дым. Өзге пулеметшілер де тұс-тұстан оқ жаудырды, − деп си­паттайды Шәкең өз ротасы жүргіз­ген шайқасты. − Дәлдеп жаудыр­ған оғымыз жау солдаттарын танкілерден бөліп тастап, көпшілігін жер жастандырды. Сол күні немістер үш дүркін шабуылға шықты, Екінші шабуылдан кейін өз кісілерімді түгендесем − 11 пулеметтің үшеуінде ғана атқыштар қалыпты. Кеш бата тағы түгендедім. Бүкіл ротадан төрт-ақ адам аман қалған, біреуі − өзім...» Немістің әскербасылары негізгі күштерін Мәскеуді тезірек алуға жұмсап, Ленинградты жермен-жексен ететін ұрыстарды кейінге шегергені Ұлы Отан соғысының тарихынан мәлім. Алайда, ұзақ қантөгіспен жаулап алған күнба­тыстағы аймақты уысынан шығар­мау үшін неміс командованиесі бірнеше дивизия ұстауға мәжбүр болған. Кеңес әскербасылары да Ленинград төңірегінде бекінген әскерді қозғамаған. Біздің жігіт − қорғанушы топтың жуан орта­сында... «Тоғай ішінде бірнеше ай жаттық. Ұрыс саябырлаған сәтте жауынгерлерге қару-жарақты ұтым­ды пайдалану тәсілдерін үйретеміз. Мен көбіне мерген вин­товкасын ұстап, жау жақты аңди­мын...» − деген лебізді Шәкең осы мезгілге арнаған. «Бірде батальон командирі ротаға келіп, маған алғыс жариялады. Сөйтсем, зеңбі­рекшілердің бақылау пунктінен неміс мергенімен менің жекпе-жегімді байқағандар болыпты.  Жау мергенін жайратқаным үшін маған “Ерлігі үшін” медалі беріліп, іле-шала Коммунистік партия қата­рына мүшелікке қабылдандым» − делінген естелікте. Бір айдан кейін ол батальон командирінің орынба­сары міндетін атқаруға кіріседі. Ал сәуір айында 21 жасқа енді ғана аяқ басқан қазақ жігіті, аға лейтенант Мұханов батальон командирі бо­лып тағайындалады. 1944 жылдың маусым айының бас кезінде Нарва өзенінен өтіп, Выборг қаласын жаудан азат ету үшін басталған шабуыл кезінде капитан Мұханов мина жарықша­ғы­нан ауыр жарақаттанады. Емделіп, Иванов облысының Кинешма қаласындағы госпитальда төрт ай жатыпты. Содан сауығып шық­қан кезде ол әскери рәсімді тәрк етіп, өзі бауыр басқан дивизияға қайтып келеді. 1945 жылғы сәуір­дің 29-ы күні бұлардың дивизиясы Курляндия түбегіне пойызбен жеткізіледі. Осы жерде немістердің 350 мың әскері шоғырланған, олар және ақтық оғы таусылғанша қар­сыласпақ дегенді естиді. Сон­дық­тан 3-батальонның командирі 8 мамыр күнгі ертеңгілікте әр жауын­герге автоматтың 4 дискасын, 4-5 граната үлестіріп, винтовка ұста­ған­дарды да мол оқпен көтерге­нінше жабдықтап, шабуылға шы­ғуға сақадай сай отырады. «Ша­буылға бұйрық күтіп дегбірсізденіп тұрғанда телефон шырылдап, бай­ланысшы трубканы маған ұсынды, − деп сыр шертеді Шаймұхан ақсақал кітабында. − «Тыңдап тұр­ған капитан Мұханов», деп едім, полк командирінің саяси орын­басары М.Ферберев: «Шаймұхан, жеңіспен құттықтаймын!» −  деді бар даусымен айқайлап. Сол сәтте не дегенімді білмеймін, есім шы­ғып, трубканы тастай салып:  «Қымбатты жолдастар, соғыс бітті. Біз жеңдік! Ура... − деп үнім қар­лыққанша айқайлай беріппін» дейді. Содан Шаймұхан 1946 жылдың маусымында, яки жеті жыл ұдайы әскери міндетін үздіксіз атқарудан соң елге қайтады. Омырауы ордендер мен медаль­дарға толы, майдангер майор, коммунист, жасы жиырма бестің шебінен енді ғана асқан жігіт әуелі Талдықорған облыстық партия коми­тетінің кадр жөніндегі хатшы­сына кіреді. Олар оны бірден обкомның ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы етіп тағайындайды. Бір жарым жылдан кейін Шәкең ұйым­дастыру бөлімінің орынбасары бо­лып тағайындалады. 1950 жыл­дың басында сол кезде Қаратал ауданы аталатын аупарткомға екінші хат­шы болып сайланады. Екі жылдан соң Талдықорған қалалық партия комитетіне хатшы болып ауысады. Кеңес Одағының билігін қо­лына алған Н.С.Хрущевтің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан социалистік басқару жүйесіне пайдалы да, залалды да өзгерістерді күштеп енгізіп, халықтың дағдылы тірлігін қауырт өзгертуге ұмтылғаны мәлім. Солардың бірі, сірә, ең сәттісі − мемлекеттік қауіпсіздік органын игі істерімен сыннан өткен, тәжірибелі партия кадрларымен күшейту әре­кеті болған секілді. Осы науқан Шаймұхан Мұханов­ты да айна­лып өтпеген, сөйтуге, сірә, әскери тәжірибесі де ескерілген. 1962 жылы ол осы жүйенің Алматы облыстық комитеті төр­ағасы бо­лып тағайын­далады. Бірер жыл­дан соң қайтадан құрылған Тал­дықорған облысын­дағы басқар­маға ауысады. Одан кейін Жам­был облысында істейді. Өз ай­туынша: «КСРО қауіпсіздік коми­теті­нің құрметті қызметкері» деген мәртебелі атаққа ие болдым. Партия сенімін ақтау үшін аянбай еңбек етіп, КСРО-ның қорғаныс қа­білетін сақтауға, арттыруға хал-қа­дерімше қызмет еттім. Ақыр аяғын­да жасым егде тартып, ден­саулық сыр бере бастаған соң өз қала­уыммен зейнетке шықтым», дейді. Зейнетке шыққан соң-ақ жас күнінен бауыр басқан Талды­қор­ған қаласына көшіп келеді. Бірақ, жергілікті әкімдер қайраткерлігі мен іскерлігі мәлім зейнеткерді үйінде отырғызбапты, келген бе­тінде-ақ облыстағы ардагерлер ке­ңесіне төрағалыққа тағайын­дай­ды. Шәкең соны да абыроймен атқарады. Сөйтіп жүргенде 1996 жылдың қоңыр күзінде Талдықор­ған қаласының байырғы тұрғыны, дербес зейнеткер Шаймұхан Мұ­хановтың балалары өткізбек бол­ған “алтын тойға” кенеттен қала әкімдігі араласады. Сөйтсе Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһар­маны Сағадат Нұрмағамбетов қа­ла әкіміне телефон соғып: «Мар­шал Дмитрий Язов және мен ер­теңгі ұшақпен сіздерге келеміз. Майдангер Шаймұхан ағамыздың соғыс жылдарында оған командир болғанын, сірә, сіздер білмейсіздер. Маған соны Дмитрий Тимофеевич Мәскеуден телефон соғып, қарт ұстазын құттықтау үшін  келетінін хабарлады...», − дейді. Содан ноян әскербасылар ұшақ­тан түскенде, қолдарына гүл ұстаған бір қауым ел әуежайда күтіп тұрады. Оркестр марш ой­нап, кең алаңды дүбірлете баста­ғанда, маршал Язов адымдап келіп: «Жолдас взвод командирі, өзіңіздің орынбасарыңыз, қазіргі маршал шәкіртіңіз шақыруыңыз бойынша құзырыңызға келгенін мәлімдеймін!..» − деп рапорт береді. Шәкең де бойын тіктеп: «Рахмет, Митя! Рапортыңды қа­был­дадым. Өзің бір кезде адал қызмет еткен қазақ еліне хош келіпсің!» − деп құшағын айқара ашады. Олар ұзақ қауышқанда, оркестр туш ойнап, алаңдағы жұрт дүркірей қол соғып, мәре-сәре болыпты... Өйткені, кезінде әске­ри училищені жедел тәмамдап, кіші лейтенант шенімен Ленинград майданына келген өрімдей жас, талдырмаш жігіт Митя Язов сол қарсаңда Шәкеңе орын­басар бо­лып, блиндажда жарым жылдай уақыт бірге болыпты. Шәкеңнің әскери дәрежесі өсіп, рота командирі болғанда, ол өз взводын жас офицерге тапсырған. Содан өзі батальонға ие болғанда, рота командирі етіп тағы да осы жігітті тағайындапты. Қалайда қимыл-әрекеті жіті әрі ақылмен әрекет ететін бозбалаға ерекше сенім білдіріп, жантүршігерлік ауыр со­ғыстың қатал мектебінен тезірек өтуіне септігін тигізген. Иә, адам қаны суша төгілген соғыс күндерінде байланған дос­тықтың бекем болатыны әлмисақ­тан мәлім. Демек, біздіңше, Дмитрий Язовтың жүрегінде мәңгі ұялап, маршал атанған мәртебелі шағында да өзіне қамқорлық көр­сеткен алғашқы командиріне ізетпен қарауының түп себебі осы деп білеміз. Медеу СӘРСЕКЕ, жазушы.