Кеше Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілігімен өткен палатаның кезекті отырысында төрт мәселе депутаттар назарына ұсынылды. Соның екеуі келісімдерді ратификациялауға байланысты заңдық құжаттар болып табылады.
Бірінші болып күн тәртібінде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Корея Республикасы дипломатиялық өкілдіктерінің ғимараттарын салу үшін Астана қаласында жер учаскелерін беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Ол бойынша баяндама жасаған Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев Астана қаласынан Корея елшілігін салуға 1 гектар және Елші резиденциясын салуға 0,5 гектар жер телімі бөлінетіндігін жеткізді. Жер 49 жыл мерзімге жалға беру шартымен берілмек екен. Жалдан өзге барлық салықтардан, алымдар мен баждардан босатылғандығын айта кету керек. Қосымша баяндамашы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов Кореямен ынтымақтастық ерекше дамып отырғандығын жан-жақты дәлелді жеткізді. Сенаторлар Сеул қаласында 2010 жылы сәуірде жасалған келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қабылдады.
Келесі қаралған мәселе «Валюталық саясаттың келісілген қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Келісімге Қазақстан, Беларусь және Ресей Федерациясының президенттері 2010 жылғы желтоқсанда Мәскеуде қол қойған. Онда қатысушы мемлекеттердің валюталық саясат жүргізуін жүзеге асыратын қағидалар айқындалыпты. Атап айтқанда, олар валюталық саясатты үйлестіруді кезең-кезеңімен жүзеге асыру және оны қалыптастыру мен жүргізуге қойылатын тәсілдерді жақындастыру, валюта саласындағы ықпалдастық үдерістерін дамыту үшін ұйымдастыру-құқықтық жағдай жасау, қатысушы мемлекеттердің ұлттық валюталарына деген сенімді арттыру болып табылады. Заң жобасы бойынша депутаттардың сауалдарына Ұлттық банк төрағасының орынбасары Д.Ақышев жауап берді. Сөйтіп, заңдық құжат депутаттар тарапынан бірауыздан қабылданды.
Осыған дейін бір рет мақұлдаудан өткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Заң жобасы қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізуге, жер туралы заңнаманы жетілдіруге және Жер кодексінің кейбір ережелеріндегі қайшылықтар мен қиғаш түсінушілікті алып тастауға бағытталған. Жобаға енгізілген өзгерістер Мәжіліске жіберілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.