Ғасырлар бойы аңсаған азаттығына қолы жеткен, арман-мұраты ізгілікпен өрілген қазақ деген елміз. Осы елдің ырысы мен бағы үшін туған Елбасы президенттік тұғырға қайта көтерілді. Ата Заңға қолын қойып, еліне адал қызмет етуге ант берді. Президентімізді ұлықтау салтанаты барша қазақстандықтар үшін зор қуаныш болғанын жалпақ әлем көрді. Соған орай ақын ұрпағы ретінде бір ауыз лебіз білдіргенді жөн санадым.
Бата да байлық. Киелі, кестелі сөзді абыз Жамбыл атамның етегіне оралып жүргеннен естіп өстім. Содан болар, алапат ашаршылықтан аман қалып, ащы мен тұщыны тең татқаным. Қоғамдағы сан өзгерісті көз алдымнан өткіздім. Мәдениет саласында еңбек ете жүріп, жақсы мен жаманның парқын ажыраттым. Сондағы көкейіме түйгенім, халықтың тағдыры, әуелі Алланың иелігінде және одан кейін билікке келген жанның өз ісіне деген жауапкершілігі, білігі мен біліміне байланыстылығынан екендігі өмірде дәлелденген ақиқат.
Сонау кеңестік кезеңді жаппай жамандаудан аулақпын. Десек те, жасыған тұсымыз, жалтақтаған кезімізді ұмытпасымыз анық. Мәселен, ана тіліміздің аясы тарылып, дініміз бен ділімізден ажырауға шақ қалған кезді Құдай басқа енді салмасын. Кеңес Одағы ыдырап, ескі жұртта жалғыз қалғандағы жағдайымызды еске алайықшы. Қаусаған қала, қаңыраған ауыл, босаған дүкен сөрелері, жанына жайлы мекен іздеп, Қазақстаннан үдере көшкен «интернационалист бауырлар» легі... Не әскері, не байлығы жоқ, жаңа адымдай бастаған жас сәбидей мемлекет... Сол мемлекетті алға сүйреп, қайта қалпына келтіріп, қазақтың отын үрлеп, лаулатқан кім? Әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Тұңғыш Президентіміз Қазақстанды жиырма жылда әлемнің бар тарабына танытты. Азап пен тозақтың отына түсірген Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Күндіз-түні уақытпен санаспай жұмыс істей жүріп, жер жүзін аралады. Әлсіреген ел экономикасына жәрдем іздеді. Сөйтіп, есі кете бастаған елінің еңсесін тіктеді. Келе-келе халық нарықтан нәпақасын тапты. Өндіріске жан бітіріп, өміршең жоспарларын жүзеге асырды. Асты-үсті тұтас қазына-байлыққа толы атамекеніміздің барын берекеге, кенін дәулетке айналдырды. Елін бұдан да бақытты болашақ күтіп тұрғанына сендірді, соңына ертті. Ал, Арқа төсінен атты кісі түсіп, жаяу кісі жатып қарайтын, көркіне көз тоймайтын Астанадай ажарлы қала тұрғызды. Бірнеше ұлттың тілін тапты, бірнеше дін өкілдерін бір мәміледе сөйлетті. Басын қосты. Салиқалы, сындарлы саясатын жат пен жақынның бәріне мойындатты. Жалпы жұрттың маңдайына біткен осындай біртуар ерге қандай марапат айтсақ та артық емес.
Халық айтса, қалт айтпайды. Халықты арманынан адастыру мүмкін емес. Күні кеше өткен кезектен тыс сайлауда оның еңбегін елі түгел бағалап, мойындағанын, оның нұрлы жолына шын ниетпен қолдау білдіріп, тағдыр тізгінін сеніп тапсыра дауыс бергенін көргенде, көзіме жас келді. Өйткені, халық оны шексіз сүйді. Біздің бүгінгі қол жеткізген барлық жетістігіміз жасампаз халқымыздың арқасы. Еңбек дегенде еш ерінбейтін отандастарымыздың қажырлы іс-әрекетін мақсатқа сай бағыттап, әрбір өрелі табысқа жолбасшы бола білген асқан парасат иесі, Көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы десек орынды.
Халқының мүддесі мен намысын қорғар сәттерде қайыспас қайсарлық көрсеткеніне сан мәрте куә болдық. Тегіне тарта туған асыл азамат елі мен жерінің тұтастығын, қоғамның сыртқы және ішкі тыныштығын сақтап, мәмілегерлігімен ерекшеленді. Жиырма жылда демократиялық ұстындары жаңа қалыптаса бастаған жас мемлекетті сара жолдан адастырмағаны үшін де оның есімі мәңгі құрметтеуге әбден лайық. Қазір ол саясатта асқақ тұлғаға айналды.
Жамбылдың батасын естідім, тілегімен көркейдім. Бүгін жасым торқалы тоқсанға бет алды. Сәби шағында Үшқоңыр жайлауына шыққан Жамбыл бабасының алдына отырып, жырын естіген Нұрсұлтан Әбішұлына ағалық ақ ниетіммен бабасының жасын бергей, деймін.
Әлімқұл ЖАМБЫЛОВ, Қазақстанның халық ақыны.
Алматы облысы.