07 Мамыр, 2011

«Ана мен бала» саябағы

583 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған игі шаралар Қызылжар өңірінде одан әрі жалғаса түсуде. Солардың бірінің тұсауы Қазақстан Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы және «Хабар» агенттігінің ұйымдастыруымен өткен «Жасыл жапырақ» акциясы аясында кесілді.  Бұл күні  облыстық перинаталдық орталық алаңына адамдар көп жиналып, «Ана мен бала» саябағы­ның іргесі қаланды.  Оның ашылуына облыс әкімі Серік Біләлов қатысып, ана мен баланың мүддесін қорғау жолында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берді. Облыста былтырдан бері «Ұрпақ қоры» бағдарламасы жұ­мыс істеп келеді. Қазір оған кемі 4 бала өсіріп отырған 300-ден астам отбасы мүше. Олардың балалары үшін банктен арнайы депозит ашылған. «Балапан» бағдарламасы бойынша  өткен жылы 5 мың бүлдіршін балабақшалар мен шағын орталықтарға орналастырылса, биыл 2700-ге көбейетін болады. Акция барысында аллеяға 150 түп  шырша көшеті егілді.Оған еңбек ардагерлері, «Алтын алқа» иегерлері атсалысты. «Ұрпақ қоры» бағдарлама­сының қатысушысы Ольга Куренкова 4 баласына арнап ағаш отырғызды. Ол  көп балалы ана атанғанын мақтаныш ететінін, тағы да сәбилі болуды арман­дайтынын жасырмады. Алдағы уақытта жаңа алаңға  мүсіндік композициялар орнату жоспарланып отыр. Перинаталдық орталықтың бас дәрігері Жанна Мауытованың айтуынша, емдеу мекемесінде 20 жылдың ішінде 63 мыңдай нәресте дүниеге келіпті. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.