07 Мамыр, 2011

Сұрапыл соғыс ерте есейтті

804 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
... 1941 жылғы 22 маусым. Соғыс басталды. Дәл осы күні біздің ауылдың адамдары со­ғыстың басталғанын білген жоқ. Ол кезде телефон байланысы, радио жоқ болатын. Ауданға барған бірлі-жарым адам болмаса, ауыл хабарсыз еді. Бір апта өтпей-ақ Сарыкөл аудандық партия комитетінен және әскери комиссариаттан өкілдер келіп, жиналыс өткізді. Жиналыста ауданнан келген уәкіл сөйледі. Жиналған­дардың бәрі «не айтар екен» дегендей, уәкілге телміре қарайды. Біз де, балалар да одан көз алмаймыз. Уәкіл фашистік Германия соғыс ашқанын, ел басына ауыр күн туғанын, енді Отанды қорғау үшін ер-азаматтардың әскерге шақырылатындығын айтты. Әже­лер мен әйелдер көздеріне жас алды. Осылайша екі күннің бірінде ауыл азаматтары соғысқа аттанып жатты. Бұл жылды елдегі қариялар, әжелер мен әйелдер жылап-сықтаумен өткізді. Ауылда ер-азамат қалмады. Бәрі майданға аттанды. 1942 жылдың көктемгі егісі де келіп қалды. Жауапты кезең. Колхоз басқармасы ауыл­дағы үлкендер мен балаларды жинап, көктемгі егіске дайындық туралы айтты. Егіс ауылдан 3-4 шақырымдай жерде еді. Ол жер Жетіқұдық деп аталатын. Соғыс кезінде тәртіп қатаң болды. Таңның атысы мен қа­раңғы түскенше жұмыс істейтін. Бетімізді шала-пұла жуып, егіс басына барып, қамыт-сай­ман­дарды жөндеп, көлікті соқаға жегетінбіз. Содан күн көтеріліп қызғанша жер жыртатынбыз. Осын­дай қиыншылық заман еді. Жетісіне бір рет ауданнан уәкіл келіп, майдан жайын айтып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін. Ибраһим Оразов деген ақ­сақал пошта таситын. Бір күні ол уәкілге: «Балам, үкімет бізден не сұраса да, нені талап етсе де орындаймыз. Мен жалғыз ұлым Сманнан ештеңе де аямаймын. Майдандағы балаларымыз аман болсын. Олар жеңіспен орал­сын», дегені әлі есімде. Ауыл тұрғын­дарының барлығы ақса­қал­дың осы сөзіне қосылды. Ересектеу балалар ат мә­шинемен шөп шабатын. Ара­мызда бізге басшылық жасайтын Қажиахмет Мұстафин деген аға­мыз болды. Ол кісі мәшиненің орағын қайрап, баспаларын бекітіп беретін. Сынған жерлерін жөндеп, дұрыстайтын. Шөп айыр­лау, көтеру ауыр жұмыс еді. «Басқа түссе, баспақшы» дегендей, ауыртпалыққа төзіп, майдан үшін еңбек еттік. Шөп жинау науқаны біткен соң, егін жинауға жұмыла кірісетін. Ауылда жүруге жарамайтын жандар ғана қа­латын. Жалда жатқан бидайларды ша­нақты арбаға артып, комбайн­мен басатын қолайлы жерге апарып, мая салушы едік. Ол кездегі комбайн өздігімен жүрмей­тін. Маяның жанына өгізбен сүйретіп жеткізетін. Бидайды қалбыр елеуішпен елеп, арам шөптерден тазартып, астық қой­масына тапсыратын. Астық қой­масы қырманнан 12-15 шақырым жердегі Төңкеріс ауылында бо­латын. Астықты қабылдайтын Шалон Байболов деген ағай еді. Қырмандағы астықты елеп, та­зартып, қаптап дайындайтын әже­лер-тұғын. Оншақты арбаға қаптап, одан қалды жәшікке салып, астық қоймасына апа­ра­тынбыз. Әр арбаға бір-бір баладан отыратынбыз. Егінді жинап алғаннан кейін ауыл адамдары мал қо­раны жөндеуге кірісетін. Үс­тіміздегі киімдеріміз ескі-құс­қы жамаулы болса да, то­ңу дегенді білмейтінбіз. Мал басын сақтау, күтіп бағу  үл­кен шаруа. Малдардың қиын шанамен сыртқа шыға­рып, белгілі жерге апарып төге­тінбіз. Шар­шадық деу жоқ. Тіпті, қыс айларында көрші Қарасу ауданына кө­мекке жіберетін. Басылмай қалған бидай мая­ларын ба­сып, жәрдем­де­се­тін­біз. Ел басына қиыншылық ту­ған кезде менің замандастарым сол қиыншылықтарды бірге бөлісіп, ауыртпалығын бірге көтерісті, Жеңіске үлестерін қосты. Қазіргі таңда сол замандастарымның көпшілігі о дүниеге сапар шекті. Заман­дастарым Құрманғали Қажиев, Есләм Сағитов, Мөкеш Мұ­сайкин, Қали Нұрбалин, Тас­қожа Қажиев және басқа­лардың рухына тағзым етемін. Ауыл балалары қолы бос кезінде тышқан аулайтын. Тышқанның терісін сыпырып, кептіріп дүкенге тапсыратын. Дүкенші терілерді бағалап, ақша беретін. Ол ақшаға дү­кеннен мата сатып алатын. Үкімет біз тапсырған тышқан терілерінен киім тігіп, май­данға жіберетін. Ол кезде ақша дегенді көрмеуші едік. Ақ­шаны мұғалімдер ғана алатын. Оларға арнайы азық-түлік те беретін. Ауылдағы ең құр­метті, беделді адамдар – мұ­ғалімдер болатын. Менің мұғалімдік мамандықты таң­дауыма да осы жәйттер әсер етті. Осылайша, соғыс жыл­дарында қинала жүріп, ең­бекпен шынықтық, ширадық. 9 мамыр күні ауылдық кеңес кеңсесінің жанына ауыл адамдары жиналыпты. Барсақ, ауданнан келген уәкіл соғыс­тың біткенін, жеңіске жеткенімізді хабарлап жатыр. Әкесі опат болған балалар, күйеулері мерт болған жас келіншектер, жалғыз ұлынан айырылған қариялар мен әжелер жылап тұрды сол кезде. Олармен қосылып біз де жылағанбыз. Сай-сүйегің сырқырайтын. «Қорыққан мен қуанған бірдей» деген сөздің рас екеніне сонда көзіміз жетті. Соғыстан аман қалғандар елге келіп қуантты. Балалар оқуларын жалғастырып, белгілі бір мамандықтың иесі бо­лып шықты. Өмір деген зы­мырап өтеді екен. Кешегі балалар – бүгінгі қариялар. Енді біздің соғыс кезіндегі еңбе­гімізді ескеріп, соғыс ардагерлерімен теңестірсе деген тілегіміз бар. Баяғыда бізге «Со­ғыс пен тыл – біртұтас, оны бөліп-жарып қарауға болмай­ды» деп айтатын. Соғыс жылдарындағы қиыншы­лық­тарды бүкіл кеңес еліндегі балалар бастарынан өткізді. Өз үлестерін жеңіс үшін қоса білді. Біздің басымызға түскен қиындықтарды қазіргі жас ұрпақ көрмесін. Сейту ҚОРЖЫНОВ, тыл ардагері, Халық ағарту ісінің үздігі. Қостанай облысы.