Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Қаржы полициясы академиясында Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен сындарлы кездесу болып өтті. Сұм соғыстың зобалаңын көріп, өлім мен өмір айқасқан қан майданда қасық қаны қалғанша жаумен шайқасқан жаужүрек жандардың жаралы жүректерінен жылдар жылжыған соң ақтарылған сырларын академияның профессорлық-оқытушылар құрамы мен тыңдаушылары зейін қоя тыңдады.
– Соғыстың салған зардаптарын кейінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс, – деді жиналғандар алдында сөз сөйлеген Қаржы академиясының бастығы полковник Марат Бәшімов. Бүгінде Ұлы Жеңіске 66 жыл толып отыр. Осыған орай біз ардагерлерді шақырып, тыңдаушылармен кездестіріп, оларға соғыстың қандай сойқан әкелетінін және ел, жер үшін жан аямай жаумен шайқаса білу керектігін майданда болған отан қорғаушылардың өз аузынан естіртіп отырмыз. Бұл ардагерлер қатары күннен-күнге сиреп бара жатқан уақытта өте қажетті іс. Оның жастар үшін тәрбиелік мәні зор.
Мұнан кейін сөз алған ауғандық ардагерлер одағының төрағасы, «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшесі Ш.Өтегенов, Ұлы Отан соғысының ардагері Б.Гальченко және тыл ардагері Д.Сухоносенколар академия тыңдаушыларына өз жүрекжарды тілектерін жеткізді. Қазақстан жерінде ұлттар достығы нығайып, шынайы бірлік пен бейбіт тірлік жалғасын таба берсін деді. Олар қазіргі әлемде беделі орасан артқан еліміздің одан әрі дами түсуі үшін және тыныштық пен ынтымақтың сақталуына әлі де өз үлестерін қосуға даяр екенін білдірді.
Оқалы киімдегі сыптай тартылған тыңдаушылар сап түзеп, соғыс жылдарында жауынгерлердің жүрегіне жылылық ұялатқан әсем әндерді жастықтың жалынды жігерімен шырқай алдарынан өткенде ардагерлер өздері де майданға аттанарда тап осындай тепсе темір үзетін қалыпта болғандары елестеп, солғын жанарларына жан бітіп, кірпіктеріне тамшы ілінді. Оларға бүгінгі ел қорғайтын жаңа ұрпақ легі ізет білдіріп, құрмет көрсетті. Аға ұрпақтың ел шетіне төнген қиын-қыстау кезінде асқан ерлік көрсеткенін олар енді жақсы түсінеді. Ал ардагерлер де соғыста қыршын болғандардың ұмытылмайтындығын білдіріп, даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бас иді. Сөйтіп, 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған «Желбіре, Жеңіс жалауы» атты салтантты шараның соңы би мен сазды әуенге ұласты.
Александр ТАСБОЛАТОВ.