07 Мамыр, 2011

«ҚазАгроҚаржы» АӨК қаржыландыру мөлшерлемесін төмендетпекші

423 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«ҚазАгроҚаржы» агроөнер­кәсіп­тік кешен субъектілерін қаржылан­дыру мөлшерлемесін төмендету жө­нін­де хабарлайды. Биылғы жылдың мамыр айынан бастап, компанияның меншікті қаражаты есебінен қаржы­лан­дыру мөлшерлемесі 11,5 па­йыз­дан 9 пайызға дейін төмендейді. Сонымен бірге «ҚазАгроҚаржы» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен бұрын жасалған лизинг шарт­тары бо­йынша пайыздық мөлшерле­мелер қай­­та қаралатын болады. Мы­салы, ком­пания 2011 жылы меншікті өз қа­ра­жаты есебінен лизинг шарт­тарында қаржылан­дырған шаруашы­лықтар мен агроқұ­рылымдар үшін мөлшер­ле­мелердің мәнін 11,5 пайыз­дан 10,5 пайызға дейін қайта қарауды көздеп отыр. 2009 жылдың талапта­рындағы лизинг шарт­тары бойынша 12,5 па­йыздан 10,5 пайызға дейін қайта есептелмек болып жоспарлануда. Осы аптаның басында кейбір элек­трондық БАҚ «Атамекен Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы Азат Перуашевтің «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдинг» АҚ атына жолдаған жолда­нымы жарияланған болатын (http://nomad.su/?a=4-201105030022). Хатта «Қаз­Агро­Қаржы» АҚ тіркелген сый­ақы мөлшерлемесін 11,5 пайызға дейін кө­теруіне қатысты ауыл кәсіп­керлерінің алаңдаушылықтары жөнін­де сөз қоз­ғалған. Мүмкін, «Атамекен Одағы» басшысына анық көздерден алынған мәліметтер берілмеген болар. 11,5 пайыз мөлшерлемесі «ҚазАгро­Қар­жы» акционерлік қоғамында екі жыл бойына қолданылып келеді және 2010 жылдан бастап өзгеріссіз қал­ғанын айта кеткеніміз жөн.  2009 жылы ком­панияның меншікті қара­жаты есебінен қаржы лизингісі 12,5% қаржыландыру мөлшерлемесі бойын­ша берілген. Бұл мөлшерлемелердің мәндері кредитор-банктердің алдын­дағы талаптарды орын­дау қажет­тілі­гіне негізделген.  Қа­зіргі кезде «Қаз­Агро­Қаржы» компа­ниясы олардың ал­дындағы міндеттемелерді мерзімінен бұрын әрі толы­ғымен өтеу мүм­кіндігін қарастыру үстінде. Осының негізінде, сондай-ақ, компания қызметінің әлеуметтік-бағдар­ланған бағыттылығын және отандық АӨК дамыту бойынша міндетін ескере келіп, «ҚазАгроҚаржы» меншікті өз қаражаты есебінен қаржыландыру мөл­шер­лемесін төмендетпекші болып отыр. Жалпы, «ҚазАгроҚаржы» АҚ елі­міздің агроөнеркәсіптік кешен субъ­ек­­тілерін қаржыландыру бойынша 2011 жылға арналған шарттары келесідей: - Республикалық бюджет қара­жаты есебінен қаржыландыру:  сый­ақы мөлшерлемесі – жылдық 4 пайыз,  7-10 жылға дейін. -  Меншікті қаражаты есебінен қаржыландыру: сыйақы мөлшер­леме­сі – 9 пайыз,  7-10 жылға дейін. - Тартылған (қарыз) қара­жат­тары есебінен қаржыландыру: сый­ақы мөл­шерлемесі – 9,9 пайыз, 10 жылға дейін. - Ауылдағы инвестициялық жо­баларды (Ұлттық қор қаражаты есебінен) қаржыландыру: сыйақы мөл­шерлемесі – 6 пайыз,  5-12 жылға дейін, негізгі борышты өтеу бойынша 2-жылдық жеңілдікті кезеңмен. «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаражат­та­ры республика шаруашылықтары мен агро­құрылымдарының ауыл шаруа­шылығы техникалары паркін жаңар­туы үшін, әр түрлі өңдеу жабдық­тарын сатып алуы үшін және еліміз­дің ауыл шаруашылығындағы жоба­лар­ды іске асыруы үшін көзделген. «ҚазАгроҚаржы» АҚ – Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1999 жылы құрылған компания. Негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қаржы қаражат­тарын, сонымен қатар лизинг негізінде ауыл шаруашылығы техникалары мен тех­нологиялық жабдықтарын алу­ға қолай­лы жағдай жасай отырып, рес­пуб­ликаның аграрлық секторын да­мытуға қолдау жасау.  2000-2010 жыл­дар ара­лығында Қазақстан Республи­касының агроөнеркәсіптік кешеніне 193,2 млрд. теңге қаржы инвестиция­лады, сонымен қатар жалпы сомасы 126,3 млрд.теңгеге 16 046 бірлік әр түрлі ауыл шаруа­шы­лығы және арнау­лы техникалар сатып алуға қаржыландырды.