Германия ішкі істер министрі Ханс-Дитер Фридрих Осама бен Ладеннің өлтірілуімен байланысты ГФР аумағындағы АҚШ мекемелеріне теракт жасалу ықтималдығы артады деп күтілетіндіктен, күзет қызметі күшейтілетінін мәлімдеді.
Министр сондай-ақ әңгіме барлық нысандарды күзету туралы болып отырмағанын көлденең тартады. Оның сөзіне қарағанда, алдымен АҚШ-тың қандай мекемелері қорғауды аса қажетсінетіні жөнінде егжей-тегжейлі тексерулер жүргізілетін болады. Шешім содан кейін барып қана қабылданады.
АҚ ҮЙ ШЕШІМІН «ПИРАТТЫҚ» ДЕП АТАДЫ
Ливия үкіметі АҚШ-тың Муаммар Каддафидің «қамаудағы» есеп-шоттарындағы ақшаны ереуілшілерге беру ықтималдығын «пираттық» әрекет деп бағалады. Ақшаны халыққа беру ықтималдығы туралы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон жария еткен болатын.
Бұл жерде әңгіме 90 миллиард АҚШ доллары туралы болып отыр. «Қамаудағы» бұл мол ақшаның 30 миллиарды Құрама Штаттардағы, ал 60 миллиарды Еуроодақ елдеріндегі есеп-шоттарда тұрған көрінеді. М.Каддафиге, Ливия үкіметінің мүшелеріне қатысты қаржы санкциясын АҚШ үстіміздегі жылдың 25 ақпанында енгізген-тін.
ҚҰРАМА ШТАТТАРҒА ЖИҺАД ЖАРИЯЛАДЫ
Пәкстанда жүздеген адам көшелерге шығып, Осама бен Ладенге арналған демонстрацияларға қатысты. Митингшілер бен Ладенді қолдаған және АҚШ-қа қарсы «қасиетті соғыс» жариялаған ұрандар айтып, Құрама Штаттардың жалауын өртеді.
Демонстрацияларды талибтер идеясын жақтайтын «Жамият-Улема-э-Ислам» партиясы ұйымдастырды. Митингті ұйымдастырушылар бен Ладеннің өлтірілуі АҚШ-қа қарсы «қасиетті соғыстың» жаңа толқынына алып келеді деп есептейді. Олардың пікірінше, бұл өлім бүкіл мұсылмандарды ұйқысынан оятты.
ОРЫС ҰЛТШЫЛДАРЫ ЖАҢА ҚОЗҒАЛЫС ҚҰРДЫ
«Славян күші» ұйымының серкесі Дмитрий Демушкин «Орыстар» деп аталатын ұлтшылдар бірлестігі құрылғаны туралы хабарлады. Аталған ұйымды құруға Д.Демушкиннен басқа Орыс халқы одағының басшысы Александр Турик қатысқан.
Сонымен қатар, Орыс империялық қозғалысының көсемі Станислав Воробьев және басқалар өз үлестерін қосқан көрінеді. Ұйымның жетекші органы Ұлт кеңесі болмақ. Ол ауыспалы негізде басқарылады. Сондай-ақ, Д.Демушкин басқаратын Жоғары ұлттық кеңес те жұмыс істемек.
ОБАМАҒА ШАҒЫМДАНҒАН АРДАГЕРГЕ – ПӘТЕР
Санкт-Петербург басшылығы таяуда АҚШ президенті Барак Обамадан жәрдем сұраған, онысы 5 мамыр күні жұртшылықтың құлағына жеткен ҰОС ардагері Антон Караванецті баспанамен қамтамасыз ететін болды. Оған әлеуметтік үйлердің біреуі тимек.
1945 жылдың тамызында А.Караванец Жапониямен соғысқа қатысып, АҚШ әскерилерін тұтқыннан босатысқан. Сол шақта АҚШ армиясының басшысы ризашылық белгісі ретінде кеңестік солдаттарға Америкада тұру туралы ұсыныс жасаған екен. Олар бас тартыпты. Белгісіз себептермен үйсіз-күйсіз жүрген қарт жауынгер жаны қысылғанда 66 жыл бұрынғы ұсынысты есіне түсірсе керек.
МИЛЛИОНЫН КІМГЕ АПАРМАҚ БОЛДЫ ЕКЕН?
Өзбек шекарашылары Тәжікстанға заңсыз негізде аса мол сомадағы ақша алып өтпекші болған адамды ұстады. Қолға түскен Рустам Муминов деген әлдебіреуден 961,5 мың доллар, 54,8 мың еуро және шамамен 2 миллион Ресей рублі алынған.
Р.Муминовтың Өзбекстан азаматтығы бар екен. Оның немен айналысатыны туралы ақпарат жоқ. Әзірше ақшаны Тәжікстанға қандай мақсатпен жеткізбекші болғаны да белгісіз. Р.Муминовтың үстінен «Шетелге заңсыз шығу» және «Кеден заңдылығын бұзу» деген баптар бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
Германия үкіметі НАТО құрамында Косоводағы бундесвер миссиясының мандатын бір жылға ұзарту туралы шешім қабылдады. Бүгінде Косоводағы ГФР контингентінің саны 2500 адамды құрайды.
Оклахома штатында Федералды тергеу бюросы (ФТБ) былтыр Флоридадағы мешітті жарған күдіктіні ұстап, атып өлтірген. 46 жастағы Сэндлин Смит тұтқындау әрекеті кезінде оққа ұшқан.
Заңсыз ойын бизнесін бүркемелегендері үшін 15 миллион рубльден астам пара алды деген күдікпен бір топ мәскеулік прокурорлар тұтқындалды. Араларында жоғары шенді шенеуніктер де бар.
Кеше ертеңгісін Бішкек шағын аудандарының бірінде орналасқан мектеп ауласынан қолдан жасалған жарылғыш құрылғы табылған. Саперлер бомбаны дер кезінде залалсыздандырып үлгерген.
Ресей Либерал-демократиялық партиясының белсенділері Батыстың Ливиядағы әскери операцияларына қарсы пикет өткізді. Шараға В.Жириновский партиясының шамамен 10 мың адамы қатысты.
Мәскеу түбіндегі Малахов ауданында Вьетнамнан келіп, жұмыс істеп жатқан 510 заңсыз мигрант ұсталған. Олар түрлі фирмалар жалға алып отырған фирма аумағындағы зауыттан табылған. Жағдайлары, тұрмыстары өте ауыр көрінеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.