Қазіргі таңда жауынгерлік әзірлікке бөлінетін уақыт 2009 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артса, бұл ТМД армиялары арасындағы жоғары көрсеткіш саналады. Ал ұшқыштардың ұшу сағаты бойынша көш басында тұрмыз. Мұның барлығы көптеген жылдардың жемісі, дей отырып, біз 1999 жылы Президент Жарлығымен Қорғаныс министрі болған генерал-лейтенант Сәт Тоқпақбаевтың бастамасымен де сол кезде әскери салада бірқатар жақсы жұмыстар жасалғандығын айта кетсек дейміз.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында қазіргі Мәжіліс депутаты және «Нұр Отан» ХДП-ның осы палатадағы фракциясының мүшесі Сәт Тоқпақбаевпен кездесіп, әңгімелескен едік.
– Сәт Бесімбайұлы, кезінде Қорғаныс министрі болдыңыз. Енді осы саланың қалыптасуы барысын, тарихын қысқаша айтып кетсеңіз.
–
Еліміздің Қарулы Күштері тәуелсіздігімізбен бірге өсіп, қуат алып келеді. Оның құрылуына, ары қарай дамуына дем беріп келе жатқан Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев екені баршаға аян. Осы ретте еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қаншалықты қиындықтарды басынан өткерсе, олардың қорғаныс саласын да айналып өтпегені түсінікті. 1992-1993 жылдары басталған ауыртпалықтар әскерилерге де салмақ салды.
Өзім қорғаныс саласын басқаруға келген жылы да оңай болмағандығынан бір мысал келтіре кетейін. Қызметіме кіріскен үш айдан кейін Қауіпсіздік кеңесінде қорғаныс саласы мәселесі қаралатын болды. Алайда сол күні мен әріптестеріммен кездесу үшін Ресейге ұшуым керек еді. Президент сен баяндама жаса да жүре бер, деді. Ал мен бұған дейін гарнизондарға барып, жергілікті жердің жайымен, сардарлар мен сарбаздардың жағдайымен жақын танысқан едім. Соның барлығы баяндамама арқау болды. Отырыста менің «Бізге реформа емес, Қарулы Күштерімізді құруымыз керек», деп айтқаным бар. Сол кезде Қауіпсіздік кеңесінде отырғандардың барлығы да тым-тырыс бола қалды. Оны айту себебім, ол кезде әскери оқу-жаттығулар шаралары өткізіле бермейтін. Танкісі атып, ұшақтары ұшпайтын әскер болушы ма еді. Ақша жетпей, тамақтың өзін әрең беріп отырған кез.
Мен әскер басына келгенде солтүстік өңірлердегі гарнизондарда жатын орындардағы температура 12-14 градустан аспайтын. Сол жерде бір капитанмен сөйлестім. Әлгі офицер өзінің оқу бітіріп, әскери бөлімге келгеніне жеті жыл болғандығын, бар тапқан-таянғаны балабақшаға жұмсаларын, зайыбының жұмыс істемейтіндігін, сондықтан да еңбек демалысында ешқайда шыға алмайтындығын айтқан еді. Соның барлығын Елбасына жеткіздім. Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін Президент ішкі жалпы өнімнің 1 пайызын қорғаныс саласына береміз деген шешім шығарды. Сөзім дәлелді болуы үшін өзіммен бірге бірнеше генералды да ертіп жүрген едім. Соным абырой болды. Нұрсұлтан Әбішұлы кез келген мәселені салмақтап барып шешеді ғой. Соның арқасында Елбасы өз шешімімен әскерге қомақты қаржы бөлдірді. Әскерилеріміз ТМД елдері бойынша жоғары жалақы алатын болды.
– Сіздің тұсыңызда екінші рет Әскери доктрина қабылданғаны мәлім. Одан кейін де өзгерістер енгізілді. Қазіргісі уақыт талабына жауап бере ала ма?
– Өмір бір орнында тұрмайды. Олай болса, доктрина да үнемі уақыт талабына жауап беруі тиіс. Біздің бейбіт саясат ұстанатымызды көрсететін доктрина дүние жүзіне ашық болғаны жөн. Өзім атсалысқан доктринаны әзірлеу барысында НАТО-ға мүше, мүше емес елдер мен отандық үкіметтік емес ұйымдар пікірлері жан-жақты ескерілді. Оған дейінгі әскери құжатта кеңестік жүйенің ұстанымы басым болып, әскеріміз Семей өңірінде ғана шоғырланған-ды. Доктринаны әзірлеу барысында әскерді төрт округке бөлдік. Бір әскери округ сол Семейде қалса, екіншісі Таразда, ал үшіншісі Ақтөбеде және соңғысы Қарағандыда ашылды. Округтің орналасуына жергілікті әкімдер айтарлықтай қолұшын бергендігін ерекше атап өткім келеді.
Мысалы, сол кездегі Жамбыл облысының әкімі болған Серік Үмбетов пен Ақтөбе облысының әкімі болған Аслан Мусин өз көмектерін аяған жоқ. Сөйтіп, біз әскерімізді жаңа орынға көшіріп, орналастыруға үлкен қолдау алдық. Бір сөзбен тұжырымдап айтар болсам, Қазақстанның тәуелсіздік тарихымен бірге Қарулы Күштері де аяғынан нық тұрды. Қарулы Күштеріміздің әкесі де, шешесі де Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының осы салаға қамқорлығының арқасында Қарулы Күштеріміздің дайындығы жоғары деңгейге көтерілді. НАТО, Қытай, Ресей әскерлерімен бірлесе тұрақты оқу-жаттығулар өткізіп жүрміз.
– Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде нендей тетіктер тиімді дей алар едіңіз?
– Отанды сүю дегенді үнемі күн тәртібінде ұстағанымыз абзал. Негізінен патриотизм өзіңнің отбасыңнан басталады. Сен ата-анаңды қалай сүйсең, Отан да саған сондай ыстық болуы керек. Сен өзіңнің отбасыңды, туған жеріңді және өскен ортаңды қалай қастерлесең, Отан да саған сондай қастерлі болуы тиіс. Өмір болғаннан кейін кейбір тұстарда әттеген-ай дейтін фактілер де бар шығар. Бірақ Қарулы Күштеріміздегі сардарлар мен сарбаздар, тіпті кейінгі жастарымыз нағыз патриоттар деп ойлаймын. Дегенмен де бұл мәселені үнемі назарда ұстаған жөн.
– Әскери кадрларды даярлауда қаншалықты өмір көшіне ілесе алдық?
– Кеңестер Одағы күйрегеннен кейін бізде жалғыз әскери училище қалды. Соны біз институт етіп құрып, артынан академия жасадық. Қазір сол әскери оқу орны Бурабай демалыс аймағында (Ақмола облысы) орын тепкен. Шешім маған дейін қабылданған. Академия деген жоғары лауазымды офицерлерді дайындайтын жоғары оқу орны болғандықтан, оны орманның ортасына орналастырған орынсыз екенін Елбасыға айттым. Офицерлер мәдени әрі рухани жағынан дамуы керектігін ескерсек, оған Астана немесе Алматы сияқты орта қажет екені анық. Олардың шетелдік әріптестерімен кездесіп тұруы, театрларға баруы және өзге де құндылықтармен сусындауы – уақыт талабы. Естуімше, қазір академия ғимараты басқа жерде салынып жатқан көрінеді.
Біз өзіміздің әскерилерімізді Ресейде оқыттық. Ал біліктілерін елімізге шақырсақ, олар құпиялықты алға тартып, дәріс оқуға құқықтары жоқ екенін айтады. Не керек, зейнетке шыққан генералдар мен адмиралдардың лекцияларын жазып алып, оқытуға тура келді. Қытай Халық Республикасындағы әріптесіммен келісіп, әскерилерімізді солардың академиясында оқыттық. Түріктермен, америкалықтармен және өзге де елдермен келісе отырып, мамандарымызды оқытуға мүмкіндік алдық. Бір елмен тұйықталып қалуға болмайды, оқумен бірге әскери техника да әр елден сатып алынуы шарт.
Одақ кезінде училищені бітірген әскерилер алдымен Мәскеудегі Фрунзе атындағы академияны бітіріп, содан кейін барып Жуков атындағы Бас штаб академиясына барушы еді. Соңғысы ең жоғары әскери оқу орны саналады. Содан кейін барып жоғары әскери лауазымға тағайындалады. Біз Ресей тарабына 1800-ге тарта түлегімізді оқуға жіберетінбіз. Соның бір-екеуі Бас штаб академиясына бағытталатын. Солтүстік көршілеріміздегі әскери оқу қымбатқа түсті. Елбасы сол тұстағы Ресей президенті В.Путинмен бір жолыққанында делегация құрамымен жалпы отырыс болып өтті. Сонда кімде қандай сұрақ бар, деп сұрады. Мен Путинге бір әскери шарт ұйымында жүріп, жауымыз ортақ бола тұра, әскерилеріміздің әр түрлі бағдарламамен оқытылатынын көлденең тарттым. Оның үстіне жаңадан тәуелсіздігін алған елге оқыту бағасы тым қымбатқа түсетінін де жасырмадым. Путин «Қазақстандық офицерлерді оқыту ертеңге салған инвестиция», дей келіп, бір бағдарлама аясында оқыту қажеттігін, сондықтан оқу бағасының арзан болуы туралы тапсырма берді. Алайда әскерилер құпиялықты алға тартып, ол тапсырманы болдыртпай тастады. Сондықтан аса қажет радиоэлектроника оқу орнын аштық. Меніңше, көп оқу орнын аша берудің қажеті де шамалы. Одан да сол саладағы оқу орнын бітірген түлектерді әскери қызметке тартқан әлдеқайда тиімді болмақ.
– Қазіргі кезде әскерге шақырылатындар арасында денсаулығы әскери қызметке сай келмейтіндер көбейіп кеткен сияқты. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– Біраз жастарымыз денсаулығы бойынша әскерге жарамсыз. Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында денсаулық сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Негізінен адам денсаулығын өмірге келген күннен бастап қалыптастырған орынды. Біздің болашағымыз – жастар. Осыны қаперден ешқашан шығармаған жөн.
– Бауыржан Момышұлы сияқты даңқты батырларымыздың тәлімдері кейбір елдерде дәріс ретінде оқытылатын көрінеді. Бізде аға ұрпақтың тәлім-тәрбиесі қалай жүзеге асырылуда?
– Бауыржан Момышұлы соғыс бітер, бітпестен Мәскеуде Бас штаб-академиясында мұғалім болды. Полковник, азиат, оның ішінде қазақ соғысты жүргізу тактикасы бойынша генерал, армия генералы шеніндегі әскери жоғары лауазым иелеріне сабақ берді. Жалпы, дамыған елдер озық деген әскери тәсілдерді жан-жақты меңгеруге көшкелі қашан. Кеңес Одағы тараған тұста қаншама білікті мамандар шетелдіктердің арбауында кетті. Біз де тарихымыздағы соғыс өнерімізді зерттей отырып, қазіргі заманғы соғыс тәсілдерін барынша жан-жақты саралауымыз керек. Міне, сонда ғана жоғары деңгейден көрінетін боламыз.
Тағы бір айтпағым, Отан қорғаушылар күні еліміздің айбары, тәуелсіздігіміздің тірегі болып табылатын Қарулы Күштеріміздің сардарлары мен сарбаздарын төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Елдің жүгі мен сенімін көтерген иықтарындағы погонға жұлдыздар жаусын деген ізгі тілегімді жеткіземін.
– Әңгімеңізге рахмет, біз де сізді төл мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймыз.
– Рахмет.
Әңгімелескен Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.