Ресейдегі Қазақстан елшілігінде Жеңіс күні қарсаңында дәстүрлі қабылдау өткізіліп, елші Зауытбек Тұрысбеков Мәскеуде тұратын қазақстандық ардагерлермен, Ұлы Отан соғысына қатысушылармен кездесті.
Елші ардагерлерді мерейлі мерекемен құттықтап, халықтың қаһармандық ерлігімен, майдангер буынның теңдессіз еңбегімен қол жеткен Ұлы Жеңістің тарихи тағылымына тоқталып, осынау ортақ Жеңіске қазақстандықтар қосқан қомақты үлес жайында кеңінен әңгімеледі. «Аға ұрпақтың жауынгерлік ерлігі мен айнымас отаншылдығы бүгінгі таңдағы өскелең ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігіне ұласуда. Сіздер Ресейде тұрсаңыздар да, тәуелсіз Қазақстанда болып жатқан түбегейлі өзгерістерді, еліміздің өркениетті өркендеу өрісін көріп, біліп отырсыздар, Елшілік жанындағы қазақстандық ардагерлер кеңесінің жұмысына белсене қатысып жүрсіздер», деді ол.
Қабылдауға қатысып, сөз сөйлеген 96 жастағы Социалистік Еңбек Ері Александр Ежевский, Ұлы Отан соғысына қатысқан, бүгінде жасы 89-ға жетіп отырған Әкімжан Мұхамеджанов, сондай-ақ Валентин Месяц, Асқар Тұралин, Валерий Темірбаев, Гүлжәмила Нұрбекова, Қайдар Құмарбеков және басқа да ардагерлер Қазақстан мен Ресей арасындағы сан-салалы жемісті қарым-қатынастардың бүгінгі таңдағы даму барысы туралы сүйсіне айтып, ардагерлерге ықыласпен көңіл бөліп отырғаны үшін Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа, елшілікке ризашылықтарын білдірді.
Қабылдау соңында ардагерлерге ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.
Серікқали БАЙМЕНШЕ.
Мәскеу.