Елбасымыз ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында әр аумақ өмір сүруге қолайлы, жұмыс істеп, демалуға ыңғайлы болып көріктенуі тиіс деген болатын. Соған орай өткен аптаның соңында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде «Тәуелсіздік аллеясы» ашылды.
«Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 жарқын іс» шарасы аясында жүзеге асырылған игі іс барысында аталған университеттің барлық оқу ғимараттарының ауласына студенттер күшімен 1000 көшет отырғызылды.
Осы орайда «Жасыл ел» республикалық қозғалысының облыстық штабы Семейде жұмыс істеп жатқанын және оның басшысы осы жоғары оқу орнының жас оқытушысы Мерей Шаменов екендігін айтпасқа болмайды. Бүгінде біздің штаб мүшелерінің саны бес мыңнан асып отырса, соның үш мыңы Семей өңірінің жастары дейді ол.
Жасылелдіктер өздері құрылғаннан бергі бес жылға жетер-жетпес уақыт ішінде қарағайлы орман алқабына 20 мың көшет отырғызғаны да көңіл сергітеді. Әйтпесе, соңғы жылдардағы орман алқабындағы сорақылықтар шегінен асып кеткені баршаға мәлім. Ал мұндай орны толмас олқылықтармен қалың көпшілік болып шұғылданбаса, іс ілгерілемейтіндігі айтпаса да түсінікті.
Жасылелдіктер ендігі ретте ерке Ертіс айрығындағы табиғаты көркем аралды қоқыстан тазартумен айналыспақ. Олардың жұмысы бұдан кейін де тоқтамақ емес. Яғни, табиғат жанашырларынан тұратын студенттік отрядтар өз жұмысын жаз бойы жалғастыратын болады. Оның әр мүшесі өткен жылы ай сайын 25-30 мың теңге көлемінде ақша тапқан болатын. Солайша бұл іс екі жаққа да тиімді болып отыр.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.