11 Мамыр, 2011

Бастапқы екпініміз басылып қалды

389 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Финалдық жекпе-жектерде «Астана арландары» «Париж юнайтедтен» жеңіліс тапты Бұдан бұрын хабар­лаға­нымыздай, 7 мамыр күні Қытайдың Гуичжоу про­вин­­циясының Гуянг қа­ла­сында Халықаралық әуес­қой бокс қауымдас­тығы­ның бастамасымен был­тырғы жылдан бері өткізіліп келген Дүниежүзілік бокс сериясының командалық чемпионатының алғашқы маусымы аяқталды. Екі күнге созылған жекпе-жектердің нәтижесінде «Париж юнайтед» клубы «Астана ар­лан­­дарына» алғашқы күні 2:3 есебімен есе жіберсе де, келесі күні 4:1 есебімен басымдығын танытып, қорытындысында 6:4 есебімен же­ңіске жетті. Сөйтіп, олар Д­ү­ние­жү­зілік бокс сериясының ал­ғашқы жеңімпаз командасы ата­ғына ие болды. Ал біздің «арландар», өкі­нішке қарай, екінші орын­ды қанағат тұтты. Осы­лай­ша, күзден бері шаршы алаң­да барлық қарсыластарын бірінен соң бірін «талаған» «арландар» соңғы сәтте осы кезге дейін аты көп шықпаған Францияның легионерлер коман­да­сынан же­ңі­ліп қалды. Кәсіпқой боксшылардың фи­налдық бәсекелерін ақпараттық қолдау үшін көптеген елдердің БАҚ өкілдері Қытайға жиналды. Еліміздің бір топ журналисі де Қазақстан Бокс федерациясы­ның (президенті – Тимур Құлы­баев) ұйымдастыруымен жылы­на бір келетін жекпе-жектерді өз көздерімен көру үшін Қытайға аттанған еді. Осы сынға біздің боксшылар екі құраммен бар­ға­ны белгілі. Олар Гуянг қаласына келген күннен бастап Гуичжоу про­винциясы университетінің спорт кешенінде бәсекелерге дайын­дық­тарын жүргізді, екі-үш күн бойы жергілікті күн райына бейімделді. Бірінші күнгі кездесуге жақ­сы дайындықпен бардық.   Мұн­да ең жеңіл салмақтағы Қанат Әбу­тәліповтің грузин легионері Георгий Клинаваны таза ұтқанын айт­қанбыз.  Мерей Ақшалов пен Рашид Аззединнің арасында өткен кездесуде жеңіс соңғысына беріліп, біздің бапкерлер мұнымен келіспейтіндерін білдірді. Р.Аззедин 2008 жылғы Франция чемпионы, ДБС жекпе-жектерінде жеті рет ринг­ке шығып, соның алтауында жеңіске жеткен. Солай десек те Ақ­шаловтың одан басым болғанын көр­дік.  Бірақ қазылар кері шешім қа­был­дады. 73 килода Қанат Ис­лам­ның жеңіске жететініне ешкім кү­мән келтірмеді. Осыдан кейін Рамжон Ахмедов жеңіске жетті.  Ал біздің Рус­лан Мырсатаев та былтыр жас­өс­пірімдер арасында Сингапурда өткен олимпиада чемпионы, 19 жасар Тони Йокадан жеңілген жоқ деп есептейміз. Кездесу Русланның ба­сым­дығымен өткенін жиналған­дар­дың бәрі көрді. Бас бапкер Бейбіт Есжанов та жекпе-жектің нәти­жесі­мен келіспеді. Төрешілерге на­ра­­зылық жазғысы келіп еді, оған ешкім мұндай мүмкіндік бермеді. Екінші күнгі кездесуде «Астана арландары» сапында Міржан Ра­қымжанов, Ержан Мүсәпіров, Ба­қыт Сәрсекбаев, Марат Молдагереев пен өзбекстандық легионер Сардор Абдуллаев қолғап түйістірді.  Б.Сәрсекбаев пен М.Молда­гереев­тің алдында М.Рақымжанов ирлан­дия­лық легионер Джозеф Кевинге есе жіберді. Д.Кевин – франциялық ко­ман­даның екінші нөмірлі бокс­шы­сы. Ол осы жарыста бес рет кездесу өткізіп, соның екеуінде жеңіл­ген. Ал келесі салмақта күш сынас­қан Ержан Мүсәпіров өзінің кезекті жеңісіне жетті. Ол қарсыласы алжирлік Абделкадер Чадиді 48:47, 49:46, 49:46 есебімен тізе бүктірді. Осыдан кейін екі күнгі есеп 4:3 бол­ды. Алға «арландар» шықты. Б.Сәр­секбаевтың жеңілісін жаңа айттық. Бұл жерде Бақыт таза жеңілді деуге келмейді. Рас, оның қарсыласы Мишель Таварес –   тәжірибелі бокс­шы. Дегенмен, осы жарыс бастал­ған кезден бері біздің Олимпиада чемпионымызға бүйректері бір бұрылмаған төрешілер оған тағы қысастық жасаған секілді көрінді. Енді М.Молдагереев пен С.Аб­дуллаевқа үміт артылды. Бірақ ол екеуі де «Париж юнайтед» легио­нер­лерінің алдында дәрменсіздік танытты. 85 килода бокстасқан Мараттың Абделкадер Бухенейден жеңілісі жағдайды тіптен қиындатып жіберді. Өйткені, аса ауыр салмақтағы біздің өзбек легионерімізге сенім арту қиын еді. Сөйтіп, ол 18 жасар өткен жылғы жастар арасындағы әлем чем­пионы хорват Филипп Хрговичтен жеңіліс тапты. Қорытынды есеп – 6:4. Бір айта кететін нәрсе, Молдагереевті жеңген Абделкадер Бухеней Дүниежүзілік бокс сериясында бір де бір жекпе-жек өткізбепті. Осылайша, «Париж юнайтед» командасы «Астана арлан­дары» боксшыларының алдын орап кетті. Солай десек те екінші орын кәсіпқой бокста енді ғана жолын бастап келе жатқан «арландардың» құрамы үшін жетістіктердің бірі деуге бола­ды. Естеріңізге сала кетсек, «Ас­тана арландары» Азия құр­лығынан екінші орынды иеленіп, жартылай финалға шыққан болса, «Париж юнайтед» пен бізбен бірге плей-оффта күш сынасқан «Лос-Анджелес матадорс» командасы өз құрлық­тарында бірінші орын алып, келесі айналымға жолдама алған командалар болатын. Екі күн бойы Гуянг қа­ла­сына «Астана арландары» ко­ман­дасын қолдау үшін Сиань қа­ла­сынан бір тәулік жүріп ар­найы келген Мақсат Әбді­құлов, Бақытжан Ах­метов, Айдар Әб­ді­кәрімов, Мұрат Мұнасов пен Шариозола Талапов сияқты қазақ студенттеріне алғыс айт­қанымыз артық етпес. Олар аз болса да шаршы алаңның жа­нында командамызға болысып, отансүйгіштіктің зор үлгісін көрсетті. Дүниежүзілік бокс серия­сы­ның кездесулері осымен бітпейді. Олар 27-28 мамыр күндері тағы жалғасады. Сол күндері біздің Қанат Әбутәліпов пен Ержан Мүсәпіров Олимпиада жолдамасы үшін күш сына­сады. Отандастарымызға  сәтті­лік тілейміз. Дастан КЕНЖАЛИН. Гуянг – Алматы – Астана. ______________________ Суретті түсірген Ізтұрған АЛДАУЕВ.