11 Мамыр, 2011

Бірін-бірі бауыр тартар екі жұрт

527 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Барлық түркі жұрты қадірлер Күлтегін баба «Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанның алдауына сенген, арбауына көн­ген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі мен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады», деген екен. Іргеміздегі бауыр ел –Қырғызстанның түндігі жиі желпілдеген тұста ойға қауіп ұялағаны жасырын емес. Дегенмен, арада өткен аз уақыт ішінде қырғыз бауырлар сайлауын өткізіп, қалыпты тіршілігіне көшті. Қазақ елі қысыл-таяң кезеңде іргедегі туысқа қол созды, көмегін жасады. Біздің тілшіміз ғаламтор көмегіне сүйеніп, екі елдің қарым-қатынасы деңгейінің дамуына қатысты Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт ИСАБАЕВҚА бірнеше сауал қойған еді. – Бейбіт Өксікбайұлы, әңгіме­міз­ді, 2010 жылы Қырғызстанда болған оқиғаларды ескере отырып, екі ел үшін де өзекті мәселелердің бірі бо­лып табылатын екіжақты қатынас­тар­дың бүгінгі жағдайы қай дең­гей­де деген сұрақтан бастағым келіп тұр. – Ең алдымен, біздің қарым-қа­ты­настар қашанда тату көрші­лес­тік және достық негізінде дамып келе жат­қа­нын атап өтсем деймін. Қазақстан мен Қырғызстанды ға­сыр­­лар бойы қа­лып­тасқан бауырлас­тық, ортақ тарих, рухани құндылықтар, діл мен ұлттық салт-дәстүр ұқсастығы байланысты­рады. Сонымен қатар, тәуелсіздік жылда­ры біз стратегиялық әріптестік пен өз­ара тиімді ынтымақтастықты нығай­ту­ға негізделген жаңа сипаттағы мем­ле­кетаралық қатынастарды қалып­тас­тыр­дық. Олардың негізін тараптар арасын­да қол қойылған 150-ден аса келісім-шарт, оның ішінде бастылары санала­тын «Мәңгілік достық» және «Одақ­тастық қарым-қатынастар ту­ралы» шарттар құрайды. Өткен жылы бауырлас халыққа үлкен сын болған оқиғаларға бай­ла­нысты іле-шала Елбасымыз Нұрсұл­тан Назарбаев­тың «Біз тек алаңдап қана қоймай, бауырлас халыққа қолы­мыз­дан келгенше барлық көмегімізді көр­се­теміз», деген мәлімдемесін екі елдің де халқы үлкен ризашылықпен қа­былдады. Бұл ретте, Қырғызстандағы жағ­дай­ды жедел түрде тұрақтандыруда Қазақстан тек аймақтағы жетекші көр­ші мемлекет ретінде ғана емес, Еу­ро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымының (ЕҚЫҰ) төрағасы ретінде де шұғыл іс-әрекет жасағанын атап өту қажет. Шын мәнінде Қазақ­стан Қыр­ғыз­станның уақытша билі­гі­нің бақы­лауы­нан шығып кету және одан кейін елдің оңтүстігінде қарулы қақты­ғыс­тарға ұласу қаупін туғызған респуб­ликадағы күрделі жағдайды реттеуде аталған Ұйымның барлық әлеуетін ұтымды пайдалана білді. ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қа­зақ­стан қырғыз еліндегі жағдайды жедел реттеу бойынша басқа халық­ара­лық ұйым­дардың өкілдерімен үйле­сім­ді жұмыстар жүргізе отырып, оқиға орын алған алғашқы тәуліктерде-ақ өзінің арнайы өкілдерін Қырғызстанға жіберді. ЕҚЫҰ-ның арнайы өкілдері өздері­нің әріптестерімен өзара әрекет­тес­тік орнатып қана қоймай, БҰҰ, ЕО, ТМД, ШЫҰ, ИКҰ, ҰҚШҰ және т.б. беделді халықаралық ұйымдардың бірлескен жұмыстарына басшылық жасай білді. Сонымен бірге, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қыр­ғыз­станның жаңа билігінің барынша жедел түрде құқықтық алаңға оралуы арқылы елде конституциялық тәртіп ор­на­туға және Уақытша үкіметтің өкілеттігін халық­ара­лық нормаларға сәйкес заңдастыру­ға шақырды. Осы мақсатта Елбасы Жар­­лығымен өзінің Қырғыз Респуб­лика­сы бойынша Арнайы өкілін тағайындады. – Біздің еліміздің осы тұста кө­мек­тің қай түрінен де аянып қалма­ға­нын білеміз. Енді әңгімеңізді осы төңіректе өрбітсеңіз. – Өткен жылы жедел гуманитар­лық және басқа да материалдық-тех­ни­ка­лық көмек беру аясында Қазақ­стан Қыр­ғызстанға жалпы сомасы 20 миллион 300 мың АҚШ доллары көле­мін­де жәрдем көрсетті және был­тырғы сәуір оқиғасының көктемгі дала жұ­мыстары кезінде орын алғаны белгілі. Міне, дәл осы кезде Қазақстан Қыр­ғызстандағы көктемгі егіс және басқа да ауыл шаруашылығы жұмыс­тарын жүргізуге қажетті 3,7 мың тонна жанар-жағар­майды қайырымдылық кө­мек ретінде жеткізіп берді. Қырғызстанның оңтүстігін және елдің жалпы экономикасын қалпына келтіруді жеделдету мақсатында 2010 жылғы шілдеде Қазақстанның баста­ма­сымен екі ел премьер-министр­лері­нің бірінші орынбасарлары басшылық ететін бірлескен қазақ-қырғыз Жоғары деңгейдегі жұмыс тобы (ЖДТ) құ­рыл­ды. ЖДТ шешіміне сәйкес, Қазақстан шамамен 12 миллион АҚШ доллары көлемінде материалдық-техникалық кө­­мек, азық-түлік, оның ішінде Ош пен Жалалабад қалаларын қалпына келтіруді жеделдету үшін 6 млн. АҚШ дол­ла­рына құрылыс материалдары мен жаб­дықтар жөнелтті. Сонымен қатар, Қа­зақ­стан Үкіметінің арнайы шешімімен 2010-2011 жылғы жылыту маусымында қосымша гуманитарлық жәрдем ретінде 230 мың тонна көмір жіберілді. Оған қосымша, біздің елі­міздің бас­та­масымен, 2010 жылғы шілдеде Алматы қаласында ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы саясат ведом­ство­лары басшы­лары­ның кездесуі өтті. Оның бары­сында Қазақстан Ұйым­ның Іс ба­сын­да­ғы төр­ағасы ретінде оты­­рыс­тың күн тәртібіне ЕҚЫҰ тара­пынан Қырғыз Республикасына жедел кө­мек көрсету мәселесін қосты. Қазақстан алдағы уа­қыт­та да Қыр­ғызстанға жан-жақты көмек көрсетуді жал­ғастырады. Бұл жөнін­де Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев өзінің биылғы Қа­зақстан халқына Жолдау­ында мә­лім­деді және Қыр­ғыз­станға арнайы көмек көрсету бой­ынша мәселені қа­рас­тыру жөнінде ел Үкіметіне тапсыр­ма берді. Қазақстан­ның әлемдік қо­ғам­дастықпен бірге Қыр­ғыз Респуб­ли­ка­сына көрсетіп жат­қан уақтылы және қажетті көмегі жағдайды тұрақ­тан­ды­ру үрдістеріне септігін тигізеді деп үміттенеміз. – Жоғарыда өзіңіз атап өткен­дей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев би­ылғы Қазақстан халқына Жол­дау­ында Қырғызстанға көмек көр­се­туді жалғастыруға назар аударды. Бұл мәселенің жүзеге асу барысы қалай? – Қазіргі уақытта Елбасының тап­сыр­масы бойынша Қазақстан Үкіметі Қырғызстанға көмек көрсетудің кешенді іс-шарасын әзірлеп жатыр. Олар келесі мәселелерді жүзеге асыруды қам­тиды: инвестициялық ынтымақтас­тық бойынша жобаларды жүзеге асы­ру­дағы екі елдің өзара әрекеттестігі; халық­аралық және аймақтық қаржы-эконо­микалық ұйымдардың қаража­тын тарту; ғылыми-өндірістік коопе­ра­ция­ны, мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тастық­ты дамыту және т.б. Осы орайда атап өтерлік мәселе­лер­дің бірі – жарғылық капиталы 100 миллион АҚШ долларын құрайтын бірлескен қазақ-қырғыз Инвестиция­лық қо­рын құру туралы келісімді жү­зеге асы­ру бойынша Қазақстан мен Қыр­ғыз­стан арасындағы жұмыстар­дың жанда­нуын айтар едім. Бұл келісімге 2007 жылы қол қойылған бола­тын, бірақ сол уақытта Қырғызстанда қалыптасқан қолайсыз жағдайларға бай­ланысты қор өзінің жұмысын уа­қытында бастай алмады. Бұл жерде ерекше назар аудар­арлық жәйт – Қыр­ғызстан экономика­сын­дағы қазіргі ауыр жағдайға бай­ланысты алғашқы кезеңінде қордың жарғылық капиталы толығымен Қазақ­станның есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Қырғызстанға қажетті көмек көрсетуді жалғастыруға халық­аралық қоғамдас­тықты тартуға Қазақ­стан барынша күш салып жатқандығын атап өткім келеді. – Қазіргі уақытта қазақ-қырғыз қа­рым-қатынастарында өз шешімін тап­паған және талас тудырып отыр­ған мәселелер бар ма? Бар болса, олар­ды реттеу жолдары қандай деп білесіз? – Екі мемлекет арасында түпкілікті ше­шілмей отырған мәселелер жоқ. Бірақ, екіжақты ынтымақтастықтың дамуы барысында, қол жеткізілген негізгі уағдаластықтарға қатысты айта­тын болсам, жекелеген мәселелер бар. Атап айтқанда, қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасын демаркациялау бой­ын­ша қазіргі уақытта бірнеше шағын учаскелерді айқындау жөнінде конструктивті келіссөздер жүргізілуде. Мәселенің ерек­шелігі – Қазақстан мен Қырғыз­стан арасындағы кейбір учаскелер, ағысы жиі өзгеріп отыратын өзен­дердің арнасы секілді, қиын гео­графиялық рельефтер арқылы өтеді. Немесе канал­дарды, ауылшаруашы­лық, жайылым­дық жерлерді және т.б. бөлуге байла­нысты да осыны айтуға болады. Бұл мәселелер, ең алдымен ше­кара маңын­да тұратын халықтың мүддесіне тікелей қатысты. Сондық­тан, аталған мәсе­лені өте мұқият қарастырып, өзара тиімді келісімге келудің қолайлы жол­дарын табу қажет. Өткен жылы біздің еліміз Ресей және Беларусьпен бірге Кедендік одақ­ты (КО) құрды. Осыған байланысты, КО-ның жарғылық талаптарына сәй­кес, 2010 жылғы 1 шілдеден бастап Қа­зақстан КО-ға кірмейтін мемлекеттермен шектесетін өзінің шекара­сын­дағы бақылау-өткізу пункттерінің (БӨП) жұмысын оңтайландыра бас­та­ды. Сон­дай-ақ, 2010 жылы сәуірде және одан кейін Қырғызстанда орын алған оқи­ғаларға байланысты Қазақ­стан өзінің Қырғыз Республикасымен ортақ шека­ра­сындағы кейбір бекеттерін уақытша жапқаны белгілі. Соны­мен бірге, «Қордай», «Сыпатай ба­тыр», «Айша-бибі», «Мерке», «Сортө­бе» және «Ауқатты» секілді қазақ­стан­дық БӨП-тердің адамдарды және бар­лық көлік құралдарын өткізу қабілеті айтарлық­тай өсті. Қазір Қазақстан қо­сымша БӨП жұмыс­та­рын жандандыру ту­ра­лы қырғыз тарапының өтінішін қарас­ты­руда. Өмір болған соң, өте маңызды қажетті­лік­тер­ге байланысты (қа­заға, іссапарға және т.б.) қазақстандық шекарадан өтуді жеделдету мақсатында бұл БӨП-тер арқылы кө­ліксіз жаяу адамдар ғана өте алатын бо­ла­ды. Кейбір тауар­лар­дың ше­кара арқы­лы өтуіне байланысты енгізілген бір­қа­тар шектеулер күшін сақтауда. Бұл негізінен екі себепке байланысты. Біріншіден, Қазақстан аумағына кіргізуге тыйым салынған жергілікті өнім­дер­дің және контрабан­далық тауарлар­дың өтуіне жол бермеу. Сонымен қа­тар, 2010 жылы Қыр­ғыз­станда болған оқиғалар кезінде ха­лықтың қолын­да көп мөлшерде қару-жарақ пен жарыл­ғыш заттар қалып қойды. Екіншіден, Кедендік одақтың жарғылық талап­тары­на сәйкес, КО аумағына үшінші елдерден тауар­ларды реэкспорттауға тый­ым салынған. Өзіңізге белгілі, Қыр­ғызстаннан Қа­зақ­­стан мен Ресей бағы­тында жасалатын шағын бизнес­тің негізгі бөлігін сапасы төмен қы­тай­лық тауарлардың реэк­спорты құрайды. Менің ойымша, бұл мәселені шешу екі бағытта жүруі ықтимал: өзінің нормативті-құқықтық актілерін КО-ның талаптарымен сәйкестендіру ар­қы­лы Қырғызстанның Кедендік одаққа кіруі немесе Қырғызстан мүше болып отырған Бүкіләлемдік сауда ұйымына Қазақстанның және КО-ның басқа мүшелерінің кіру уақытын жеделдету. Екіжақты қатынастардағы өзекті мәселелер қатарына ет-сүт өнімдерін Қырғызстаннан Қазақстанға импорт­тау­ды қайта жандандыру да жатады. Бұл – сауда-экономикалық ынтымақ­тас­­тықты кеңейту және тереңдету бағытында екі тарап үшін де маңызды мәселе. Алайда, 2008 жылы Қырғыз­станның мал шаруашылығында аусыл, бруцеллез және т.б. жұқпалы ауру­лардың жиі орын алуы салдарынан қалыптасқан эпизоотиялық жағдайға байланысты Қазақстанға көршілес елден ет өнімдерін экспорттауға тыйым салынды. Оған қосымша, 2010 жылы Қазақстанның Кедендік одаққа кіруіне байланысты Қырғызстан аумағынан Қа­зақстанға ет-сүт өнімдерін кіргізу үшін бұл өнім КО-ның ортақ вете­ри­нарлық-санитарлық стандарттарына сәйкес болуы тиіс. Сондықтан, бұл мә­се­ленің оң шешілуі көп жағдайда қыр­ғыз тарапына байланысты екендігін айту қажет. – Осыған дейін жоғары деңгей­де­гі бірқатар Қазақстан-Қырғызстан кездесулері мен келіссөздері өтті. Олар­­дың нәтижесі қандай болды және Қазақстан мен Қырғыз­стан­ның мем­ле­кетаралық қарым-қаты­н­асының бо­лашағына қалай әсер етуі ықтимал? – Биыл жыл басында Қырғызстан Президенті Роза Отунбаеваның және Премьер-министрі Алмазбек Атам­баев­тың Астанаға жасаған ресми са­парлары барысында тараптар саяси үнқатысуды одан әрі тереңдету, сауда-экономикалық және мәдени-гумани­тарлық ынтымақ­тас­тықты белсенді дамыту бойынша өздерінің шешімдерін қуаттады. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, екіжақты саяси қарым-қатынаста Қазақстан Қыр­ғыз­станның мемлекеттік құрылымы бойынша бауырлас халықтың кез келген қалауына құрметпен қарайды. Бұл жерде біздің еліміз және жалпы ха­лық­аралық қоғамдастық үшін де ең бас­ты мәселе – Қырғыз Республи­ка­сын­да ішкі саяси тұрақтылық, әлеу­мет­тік және этносаралық өзара түсіністік пен келісімнің орнауы. Ал сапарлар барысындағы уағда­ластықтар туралы газет оқырмандары хабардар ғой деп ойлаймын. – Сұхбатымыздың соңында Қыр­ғыз­станның жаңа билігі алдында қандай өзекті міндеттер тұрғанын айтып берсеңіз. – Қазір Қырғыз Республикасы үшін ең маңызды міндет – ұлттық экономи­ка­ның жұмысын жедел түрде тұрақ­тан­ды­ру деп санаймын. Бұл үшін Қырғыз­стан­ның барлық мүмкіншілігі, атап айт­қанда, қажетті мөлшерде ішкі еңбек және өнеркәсіптік резерві мен бай та­би­ғи-шикізаттық әлеуеті бар. Ауыл ша­руашылығы, туризм, тау-кен өнеркәсібі және су энергетикасын дамыту арқылы Қырғызстан экономи­касы үлкен көрсет­кіштерге қол жеткізе алады. Және де эт­носаралық келісім мен дінаралық төзім­ділікті сақтау Қырғызстанның тұрақты дамуы үшін қажетті өте маңызды мәселелердің бірі болып табылады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.