Алматыда БАҚ беттерінде экономика және бизнес мәселелерін жариялап жүрген қазақ тілді журналистер үшін ақпараттық білім беру семинары болып өтті. Семинарды Қазақстан баспасөз клубының қолдау көрсетуімен Байланыс және ақпарат министрлігі ұйымдастырды. Мұндағы негізгі мақсат – қазақ тілді БАҚ беттерінде экономика мәселелерін жариялау тиімділігін арттыру, экономика тақырыбы жөнінде дерек көзін табу және ақпарат іздеу бойынша журналистер дағдысын дамыту, мемлекеттік органдар баспасөз қызметі мен бұқаралық ақпарат құралдарының сындарлы әріптестігін құру. Семинар жұмысына іскерлік басылым журналистері, «general interest» (жалпы қызығушылық) басылымдарында экономика мәселелерін жариялайтын журналистер, ТВ және ақпараттық агенттіктер қызметкерлері мен бұқаралық медиа саласының сарапшылары қатысты.
Спикерлердің баяндамаларында еліміздегі макроэкономикалық жағдайға мемлекеттік ақша-несие саясатына және өзге де мәселелерге ерекше назар аударылды. Ұйымдастырушылар машықтандыру және іс-тәжірибе сабақтарын өткізіп, онда тың тақырыптар қарастырылды. Олардың арасында – ақпаратпен жұмыс жасау, ақпараттың сәйкестілігін тексеру, сарапшыларды іздеу, сұхбаттасу техникасы, экономикалық журналистикадағы ақпараттық себептер, мәтінмен жұмыс жасау атты мәселелер бар.
Соңғы уақытта БАҚ өкілдерінің іскерлік ақпарат саласында өзінің біліктілігін арттыруға, экономика және оның заңдылықтары, құралдары мен тетіктері жөніндегі білімдерін жүйелеуге қатысты ұмтылыстары байқалуда, деп атап өтті семинарды ұйымдастырушылар. Ұйымдастырушылар осы іспеттес іс-шараларды өткізу БАҚ-тағы мемлекеттік тілде жарияланатын материалдардың сапасын көтеруге және кәсіби қазақ тілді журналистиканы дамыту арқылы бәсекелестік ақпарат алаңын қалыптастыруға ықпал ететіндігіне сенімділігін білдірді.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.