11 Мамыр, 2011

Ізеттеріне ризамын

418 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ғылым жолы қашанда же­ңіл болмаған ғой. Даныш­пан Абай оның инемен құдық қаз­ғандай қиын екенін бекер айтпаса керек. Бүкіл саналы өмі­рімді осы салаға арнадым. Соңғы кездері екі көзім сыр беріп, қаншама ақ халатты абзал жан­дардың алдына бардым. Қос жанардың шы­рақшы­сындай болған Ал­ма­тыдағы Қазақ көз аурулары ғылыми зерттеу институты астана­лық бөлім­шесінің ашылғанын естіп, сонда барған едім. Он күн емделдім. Бұлдырай беретін көзім қазір ашылған секілді. Кейде сонда қызмет ететін абзал жандардың ізеті шипа болды ма деймін. Бөлімше директоры Альмира Бұлғақова бастаған дәрі­герлер мен медбикелердің жы­лы жүз­дері, биязы сөздері кө­ңілге нұр құяды. Он күннің ішінде мен олардың әкесіндей, олар менің қызымдай болды. Осындай асыл жандарға ел газеті арқылы әкелік алғысымды айтсам деймін. Күн санап көркейіп келе жат­қан Астанадан іргелі институт бөлімшесінің ашылуы үлкен жетістік деп білемін. Болашақта бөлімше айтулы орталық болып, қос жанары­нан қиындық көріп жүр­ген мен сияқты қарттарға үміт сәулесін шаша беретіні сөзсіз. Томан ЖҰМАДІЛҰЛЫ, профессор, тыл ардагері.