11 Мамыр, 2011

Жемқорлардың жұлыны үзіле ме?

485 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Құрылыс саласындағы келеңсіздіктер осындай сауал туындатады Мемлекеттің қаржысын, қарапайым азаматтардың несібесін жымқыратын жемқорлар қашан құриды? Әлсін-әлі жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптайтын сыбайластарды баудай орып түсіретін науқандық шаралардың да нәтижесі көрінбейді. Бірі ұсталса, екіншісі бас көтереді. Тойымсыздық деген жаппай бойды билеп, сананы тұмшалап алды. Қалайда әйтеуір жеу керек. Ар да жоқ, ұят та жоқ, билік қолда болса түйені түгімен жұтуға бар. Бұған қазір дәлел де, шатылып жатқандардың саны да көп. Бірақ ешқайсысы тояр емес, содан жеуін де қояр емес. Жемқорлардың сыбайласып елдің ақша­сын жымқыра беретіндігі олар заңдары­мыздың солқылдақ тұстарын өз мүд­де­леріне сай шебер пайдалана алады. Соның ең жеңіл де қарапайым жолы салынып жатқан құрылыс нысандарын қолдан қым­баттату болып отыр. Ол үшін құрылыс ны­санының мерзімін жобалау-сметалық құ­жат­­тардағы жіберілген кемшіліктерге байланысты деп сәл ұзартса жетіп жатыр. Бұл сенімді тетік алтын шүмекті ашқандай шенеуніктердің түбі жоқ қалталарына қып-қызыл ақшаның есепсіз құйылуына жол береді. Сосын «алтын көрсе періште жолдан таяды» дегендей, ол шүмекті тарс бекітіп жауып тастауға ешкімнің «дәті» бара қой­майды. Қайда шашылмай жатқан Үкімет­тің ақшасы, жетеді ғой дейді сыбай­ластар бірін-бірі сабырға шақырып. Мәселен, Бас прокуратура бюджет қара­жатын пайдалану кезінде құрылыс нысан­дарының құнын қымбаттату себептеріне талдау жасап көрсе 2009 жылы респуб­ликалық бюджеттен қаржыландырылатын 35 жоба бойынша құрылыс құны 20 млрд. теңгеге қамбаттапты. Ал дәл осындай жағдай 2010 жылы да орын алады. Сонан оның неліктен қымбаттағаны зерттелінеді. Сөйтсе жобалау-сметалық құжаттамалар дұрыс дайындалмайды екен. Соның салда­рынан Астана қа­ла­сындағы онко­логиялық диспансердің жобасы екі рет түзетілген. Нәтижесінде оның сметалық құны 2,8 млрд.-тан 7,4 млрд. теңгеге бір-ақ қарғып, 2,5 есеге артқан. Сол секілді Алматы облысында шаңғы және биатлон стадионын салу орны тапсырыс берушінің нұсқауы бойынша басқа жерге ауысты­рылған. Неге ауыстырылған дейсіз ғой? Себебі, инженер­лік-геологиялық жағдайлар­дың өзгеруіне сәйкес сметаға қосымша шығындар қосы­лады. Ал ол өз кезегінде нысанның сме­талық құнын 9,5 млрд.-тан 17,8 млрд. тең­геге дейін көбейтті. Мұндай қулық амал­дың не үшін қажет болғанын жұрт кейін түсінді. Жалпы, біздің елімізде ақша жеудің ама­лы да көп. Мәселен, Алматы облысы Алакөл ауданында «СтройТэК» ЖШС бала­бақша құрылысын салуы тиіс еді. Алайда ол өз міндетін орындамауына байланыс­ты, нысан­ның құрылысын аяқтау басқа мердігерге тапсырылады. Бұл амал, құрылыс жобасы­ның 100 млн. теңгеден астам сомаға қым­баттауына әкеп соқтырады. Енді атал­ған қаражат мемлекетке келтірілген зардап ретінде «СтройТэК» ЖШС-інен өндіріп алын­ған шығар деп ойлайсыз ғой. Жоқ. Сыбай­ласқандар ондай қомақты қаржыны оңай­лық­пен қолдан шығара ма, аудандық әкімдік оны өндірмек түгілі, орындалмаған жұмыс түрлеріне деп қосымша қаражат есебінде аударып жіберген. Сөйтіп елдің есіл байлы­ғының бүйірі бүріскен үстіне бүрісіп барады. Сол сияқты құрылыс жүргізуде ақша жеудің қарапайым амалы оның салыну уақытын қасақана ұзарту болып табылады. Мысалы, Алматы қаласындағы перинатал­дық орталықтың құрылыс мерзімін мердігер созбалаңға салуына байланысты, оның жо­ба­лау-сметалық құжаттамасы 2008 жыл­дан бері үш рет қайта есептелген. Соңғы қайта есептеуден кейін нысанның құны қосымша 1,6 млрд. теңгеге өсіп шыға келді. Міне, қалтаға қосымша түсетін елдің есіл қар­жысы деген осы. Оны аз десеңіз Өске­мен қала­сындағы «Восток» стадионын қайта жаң­­ғырту мерзімі үш рет ұзартылған. Осы­ның салдарынан, үш жылдың ішінде келі­сім-шарт сомасы 188 млн. теңгеден 427 млн. теңгеге дейін өскен. Түк бітірмей-ақ, ақша жасаудың жолы осы. Мұндай жанды ауыр­татын оқиғалар бірді-екілі болса кемшілік тез түзетілер деп көнесіз ғой, бірақ құзырлы органның анықтауы бойынша ондай деректер республиканың басқа да өңірлерінде байқалып жатуы алаңдатпай қоймайды. Жергілікті бюджет есебінен қаржылан­дыры­латын нысандардың қымбаттауына негізсіз жүргізілген мемлекеттік сараптау, жобалау шешімдерінің бірнеше мәрте өзгер­тілуі, әкімшіліктің жобалауға түсетін бюд­жеттік бағдарламаларды сапасыз әзір­леуі себеп бо­лып отыр. Соның ішінде қам­бат­шылыққа кінәлі болғандарды, яғни мемлекеттік сараптау органы мен жауапсыз үй салушыларды және жобалау ұйымдарын тиісті мемлекеттік мекемелер арқылы мате­риал­дық жауапкершілікке тарту немесе сол келеңсіздіктердің алдын алу жұмыстары жүр­гізілмейді. Оның неге жүргізілмейтіні та­ғы түсінікті. Мәселен, Алматы облысы, Қарасай ауданында 300 орындық мектептің құрылысы жоба бойынша 597,2 млн. теңгені құраған екен. Кейін орын­дау жұмыстары жүргізіле бастағанда жер асты суының те­реңдігі жобада көрсетілгендей бес метр емес, екі метр деп анықталған. Со­ның сал­дарынан жобалау-сметалық құжат­тар дұрыс дайын­далмаған деген желеумен қар­жы­лан­дырылу көлемі тағы да қосымша 24,4 млн. теңгеге ұлғайып шыға келеді. Бірақ мем­лекеттің ақшасы осыншама шығындалып жат­­са да Қарасай ауданының әкімдігі аяқ ас­тынан қосымша «қыруар қаржы түсірген» жо­балаушыны жазаға тартуды ұмытып кетіпті. Мемлекеттік органдар «Мемлекеттік са­тып алу туралы» Заң талаптарын бұзған­дық­тан құ­рылыс мерзімі негізсіз ұзартылып, соның салдарынан оның құны да еселеп қымбаттай түседі. Аталған заңның 39-­бабында жаб­дық­таушы үшін негізгі таңдау бо­лып табылатын және сапаның бұл­жымас жағ­да­йында мемлекеттік сатып алу туралы бекітілген шартқа енгізілетін өз­ге­­ріс­тердің толыққанды не­гізі көрсетілген. Алайда, тап­сырыс беруші атал­ған бап талабын бұза оты­рып, мемлекеттік сатып алу шартының міндетті орындау мерзімін ұзарту бөлігіне заң­мен көзделмеген өзгерістерді енгізеді. Бұл, әлбетте, құрылыс­тың қым­бат­тауына әкеп соқ­тырады. Мұндай жағдай­дың кезінде мүмкін болған сыры республикалық және жергілікті бюджетті пайдалану ере­жесінің 92 тармағына сәйкес аймақтық қазынашылық бөлімшеле­рінде тіркелген шарт­қа атқарылатын жұмыс­тың мерзімі өзгерген кезде қосымша келісімдерді тіркеу көзделген еді. Соны әркім өзінше пайдалана білді. Бірақ бұл құжат қазіргі күні күшін жоғалтты. Алайда, мемлекеттік сатып алу шарт­тарына заңмен көзделмеген негізде өзге­рістерді енгізуге сы­байлас жемқорлардың әлі де заңдардың осал тұсын сәтті пайдалана білуі мүмкіндік тудыра бермек. Елді жайлаған осындай келеңсіз көрініс­тер­ден кейін жемқорлық­тың жұлыны үзі­леді деген үмі­тіміз алыс­тай түсетін секілді. Өйткені жең ұшынан жал­ғасқан жем­қор­лардың ара­мызда шайқала ба­сып жүргені осы жүрген. Абай атамыз айтқандай, егер қолда закон қуаты болса ең әуелі сол ұрты мен мұрты майланып, миығынан мырс-мырс кү­ліп жүрген нағыз арамзалардың аяғын аспаннан келтіріп, әшкерелеуге болар еді. Бірақ сыбайлас жемқорлықты әшкерелегенде заң да солқылдақтық танытады. Оған себеп құры­лыс нысандарының сметалық құндарын талда­ғанда тағы да қайран қаражаттың қолды бол­ғаны байқалды. Мысалы, 1200 орынға арнал­ған бір үлгідегі 26 мектеп құрылысының құны 1,2 млрд. теңгеден 2,8 млрд. теңгеге дейін белгіленіп, айырмашы­лығы 2,5 есені құраған. Және мұндай жағдай, айлық есептік көрсеткіш, үстеме шығыстардың, пай­даланылатын құрылыс ма­териалдарының бір­келкі болуына қарамастан орын алып отырған. Сөйтіп, осындай заң бұзушылық­тарды жіберген «Мемлекеттік сараптама» республикалық мемлекеттік кәсіп­орын филиал­дарының 7 директоры мен директор орынбасарлары, Шу ауда­нының әкімі және осы ауданның құрылыс бөлімінің бастығын тек қызметтерінен босатумен ғана тоқ­таған. Оған қоса Оңтүстік Қазақстан об­лысында құрылыс саласына жетекшілік ететін 6 жауапты қызметкер де түк болмағандай жұмыс орындарынан өз еркімен босаты­лыпты да қойыпты. Ал осындай сылап-сипау шара­ларымен жемқорлық тыйыла қойса жақсы ғой. Тыйылмайды. Өйткені, жемқорлық жеті басты айдаhардай бір басы кесілсе екінші басы өсіп шығып бір-біріне ауыса береді. Мәселен, Астана қалалық прокуратура­сы­ның талдауы көрсеткендей, жемқорлықтың тыйылмауы көптеген жағдайда жемқорлар­дың жауапкершілікті сезінбеуінен туындай­ды дейді. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқ­санында елорда соттарында 19 адамға қа­тысты сыбайлас жемқорлық санатына жата­тын 12 қылмыстық іс қаралған. Сонда байқасаңыз, ауыр қылмыс санатына жата­тын сыбайлас жемқорлық қылмыстардың басым көпшілігін, жоғарыда айтқанымыз­дай, тек лауазымды қызметкерлер жасаған. Бірақ заң бәріне ортақ дегенімізбен, олардың жетеуі ғана бас бостандығынан айырылса, жетеуі шартты түрде сотталып, ал біреуіне тек жеңіл-желпі айыппұл ғана салынған. Мұндай ұсақ-түйек жазалармен жем­қорлар сазайын тарта ма? Әрине, жоқ. Олар тіпті өздерінің не үшін кінәлі болғанын түйсінбеуі де мүмкін. Сондықтан жантала­сып ақталып жатады. Ақталған соң қайтадан үйреншікті әнге басады. Демек, нақты дәлелді сыбайлас жемқорлықпен ұстал­ған шенеунікті бірден тәубеге түсіру және одан өзгелердің де тәртіп алуы үшін бірден ауыр жазаға тартып, ал оның елге келтірген шығынын толықтай, тіпті екі есе асыра яғни бала-шағасының, тума-туысқанда­ры­ның иеленіп, пайдаланып отыр­ған бар дүние-мүлкінің түгін қалдырмай тәркілеу арқылы қа­зынаға дереу қайтару қажет. Міне, сонда ғана кез келген шенеунік жемқорлық жасау түгіл, сыбайласудан ат-тонын ала қа­ша­тын болады. Олай істемейінше жемқорлар шыға береді, оларды ұстау мен соттау да жалғаса береді. Тіпті оларды ұстау мен қамау үшін де қыруар қаржы жұмсалатынын тағы ескерген жөн. Ал сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес шара­лары Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жүргізіліп келеді. Ол жұмыстарды атқару үшін тиісті мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Соңғы жылдары сыбайлас жемқорлық деректері артқан сайын оған қарсы күрес жүйелі және кешенді сипат алды. Бұл бағыттағы жұмыс­тар жемқорлар­ды анықтап, оларға шара қолданумен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да негізделеді. Осы мақсатта халықтың қажет­ті құжаттарды алу жолдары жеңілдетіліп, түрлі лицензиялар мен рұқсат­тар саны қысқара түсуде. Мемлекеттік қыз­метші­лердің ешкімге материалдық жағынан тә­уел­ді болмай, сыбайлас жемқорлық әрекет­­терге бармай, міндеттерін адал атқа­руы үшін жалақысын барынша молынан кө­бейту кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Алай­да алақол шенеуніктер айылын жияр емес. Мәселен, елордалық прокуратураның анықтағаны бойынша, Ақмола облысының соттар әкімшісінің Целиноград аумақтық бөлімшесінің аға сот орындаушысы лауа­зымды тұлға бола тұра, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүддесіне мүлде қайшы келетін сыбайлас жемқорлық қыл­мыс жасауға ниеттеніп, «Сарқыра­ма-2006» ЖШС-нің атына тіркелген Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қаражар елді мекенінде орналасқан жер телімдеріне тыйым салып, оны бағалауға тапсырыс бергендігін айтып жер телімдерін сатқызбау мақсатын­да және «Сарқырама-2006» ЖШС-нің атқару өндірі­сін орындаусыз қалдыру үшін оның директорынан 4 000 000 теңге беруін талап еткен. Содан оны пара алу кезінде құқық қорғау органдары ұстаған. Мұндай мысалдар жетіп, артылады. Әрине, олардың тиісті жазасын алып, сот­талып жатқандары да аз емес. Бірақ, адал жұмыс істейтін адамдар еңбегін еш қылып, одан сыбайластықпен ұсталып, түрме төсе­гінде қайтадан сол адал жандар салығынан шалқайып жатып ішіп, сосын мерзімі біткен соң тума-туысқандарына жиып-беріп кеткен ұрлық дүниесінің рахатын қайыра жалғас­тырғанынан қоғамға не пайда? Олардың арасында кезінде билікті шектен аса пайда­ланып қаржыны жымқырып, одан тұтылып, содан түзелгендей болып айна­лып кеп, бірақ бәрін қайтадан сыпыра сиырып, қарасын мүлде батырғандары да бар емес пе? Оларды да іздеп тауып, қайтарғанша қанша­ма қыруар қаржы шығын­далады. Одан да жоғарыда айтқаны­мыз­дай, сыбайластар жемқорлықпен ұстал­ды ма, бірден оның айналасындағы арам жолмен жиылған дүние­сінің дәмін татқандарына дейін барынан айырыла­тындай қатаң үкім шығарылсын. Ол үшін заңды тетік жасалуы тиіс. Сонда сыбайлас жемқорлықпен күресудің нәтижесі болмаса, айтыңыз. Александр ТАСБОЛАТОВ.