Маңғыстау малды өңір. Соның ішінде елімізге белгілі Адай жылқысының алыс жолға төзімділігі, күй талғамай өсіп өнетіндігі жөнінде әңгіме де көп, көз көргендердің дәлелі де мол. Дегенмен, осынау ерекше қасиеттер еш жерде ресми жазылып, көрсетілмепті.
Міне, соған орай Түпқараған ауданына қарасты Ақбастау жерінде Адай жылқысының толыққанды танылуының алғашқы қадамы ретінде «Маңғыстау облысы әкімінің кубогы» үшін алыс қашықтыққа ат сынағы ұйымдастырылды. Сынақты Қазақстан Республикасының Ат спорты қауымдастығы ұйымдастырып, оның талапқа сай өтуін халықаралық судьялар, дәрігерлер, ғалымдар мен атақты малбегілер бақылап, бағалады.
Шындығында, бұл ат бәйгесі емес, Адай жылқысының шыдамдылығын, төзімділігін, яғни тұқымдық сапасын анықтай түсу болды. Сынаққа 36 ат қатысты. Олар 90 шақырымдық қашықтықты 30, 30, 20, 10 шақырымнан төрт бөліп өтті. Әрбір бөліктен соң мал дәрігерлері, ветеринарлық комиссиядан құралған сарапшылар әрбір аттың қан қысымын, жүрек соғысын, тағы да басқа қажет тұстарын тексеріп, 40 минуттық үзіліс беріп отырды. Сынақ нәтижесінде 11 ат жарыстан шығып қалса, жалпы, төрт айналым бойынша орташа жылдамдық сағатына 18,7 километрді құрады. Бұл – үлкен жылдамдық деп бағалануда.
Осы сала мамандарының айтуынша, бұл сынақ осы жылы Алматыда өтетін Қазақстан халқының спартакиадасына дайындық та іспетті. Оған Маңғыстаудан 5 жүйрік ат барады деп жоспарлануда. Сондағы 80 шақырымдық сайыста Адай жылқыларының бас жүлделер алуға мүмкіндігі бар деп болжауға болатындай.
Қорыта айтсақ, Маңғыстауда ата-бабамыздың қанаты болған қасиетті тұлпарларымыздың асыл тұқымдарын өмірге қайта әкелуге деген құлшыныс соңғы жылдары ғана пайда болды. Осы шаруамен түбегейлі айналысатын Сенек және Қараған түбек шаруашылықтары асыл тұқымды жылқы зауыты ретінде жұмыс жасайды. Ондағы жылқылар ғылыми бақылауға алынып, электронды түрде құжаттандырылу арқылы бағып, күтіліп отыр.
Аймақта алғаш рет өткен ат сынағы қазақтың құс қанатты жылқыларының бір текті тұқымы ретіндегі Адай жылқыларының ерекше қасиеттерін тағы да бір дәлелдеп көрсетуімен есте қалған игі шара болды.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы.