Жастардың алатын білікті білімі мен кемел келешегі – қай кезде де қоғамды көп толғандыратын мәселе. Бұл орайда қоғам өз мұрасын, мәдениетін және құндылықтарын одан әрі сақтау ретінде өскелең ұрпақ бойына сіңіруді мақсат тұтады. Ал өз кезегінде Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы тәрбиесі тәлімді, қабілеті қарымды, білікті де білімді түлектерді түлетіп ұшыру жолында үнемі ізденіс үстінде. Экономикалық өркендеу мен даму, әлем елдерінің арасынан лайықты орын алу тәрізді көкейкесті мәселелерді талқыға салған кезде мұндай мақсатқа қол жеткізуде жастардың шешуші рөл атқаратыны анық.
Халық саны мен оның өсуі елдің демографиялық ахуалы мәселесінде ең көп талқыланатын тақырып болып отыр. Бұл расында да күн тәртібінен түспейтін түйткіл. Ықпал ету деңгейі халық санының көптігіне байланысты екені даусыз. Ал, қазіргі таңда – халықтың санымен қатар, сапасы да маңызды орынға шықты. Сондықтан болашақ жас маманды жан-жақты етіп тәрбиелеп шығару парызымыз.
Академиямыздың құрылыс технологиялары, инфрақұрылым және менеджмент факультеті 2005 жылы құрылыс технологиялары, экономика және менеджмент, инженерлік жүйелер және тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі факультеттерінің негізінде құрылды. Біз жастарға білім нәрін барынша сусындатуға және өнегелі тәрбие беру жолында тынбай еңбек етеміз. Осы ретте Америка президенттерінің бірі айтқан мына сөзді мысал етіп келтіру артық болмайды: «Америка бай ел болғандықтан америкалық университеттер мықты болып тұрған жоқ, ол – америкалық университеттер мықты болғандықтан Америка бай ел болып отыр».
Факультетіміз мына мамандықтар бойынша даярлайды: құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкцияларын өндіру, ағаш өңдеу технологиясы, құрылыс мамандандырылуы бойынша құрылыстағы экономика және менеджмент (ҚЭМ), геодезия және картография, экономика.
Біздің факультет құрылғаннан бері 600-ден астам маман даярланды. Жыл сайын 20-25 түлек үлкен өмірге қадам басады. Олардың көпшілігі жоғары лауазымды қызметтер атқарады.
«НИИстроипроект» АҚ, «Алматы Құрылыс» филиалдары оқу үрдісінің сапасын жоғарылатты. Ағаш өңдеу технологиясы мамандығының оқытушы-профессорлық құрамы халықаралық және республикалық конференцияларда, сонымен қатар ҚР жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің ассоциациясы өткізетін шараларға белсенді қатысады. Өндіріспен тығыз байланыс жасай отырып студенттердің таныстыру және дипломалды тәжірибесін ұйымдастыру үшін факультеттің филиалдары ашылған.
Факультет экономика, бухгалтерлік есеп және аудит, ұйым менеджменті (салалар бойынша), кәсіпорындағы экономика және басқару, әлемдік экономика, ХЭҚ, ТКҚЭБ, бағалау (салалар және қолдану аймақтары бойынша) мамандықтары бойынша екі жарым мыңнан астам маман дайындап шығарды.
Факультет студенттері шетелдік оқу орындарында да сапалы білім алып, менеджменті сапалы әрі заманауи компаниялар мен мекемелерде жұмыс істейді. Тәжірибе жинаған сауатты жас студенттер саны артуда. Оқытушыларымыз біліктіліктерін арттыру үшін Стокгольм қаласындағы Хан техникалық институтында және Венгрия университетінде екі жыл бойы «Темпус» Еуропалық жобамен жұмыс істеді.
Бүгінгі күні ҚазБСҚА студенттерінде толық компьютерлік техникамен жабдықталған екі тәжірибелік аудитория бар. Бұл олардың геоинформатика, геодезия, фотогремметрия және аралық әдістерді білуге мүмкіндік береді. ҚазБСҚА магистранттары «Темпус» жобасының басшысы, ХТИ профессоры Хуаан Фан жасаған бағдарламамен оқиды. Оқытушылар Швеция және Венгрияда сынақтан өтті.
Факультетімізде мақсатты білім берудің қажетті ауқымын ұсыну және ең бастысы – оқыту, үйрету, алған білімді тәжірибе жүзінде іске асыру. Өйткені, білімді жастар – жарқын болашақ кепілі екені айдан анық.
Алма ЕСПАЕВА, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы құрылыс технологиялары, инфрақұрылым және менеджмент факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты.