11 Мамыр, 2011

Жүз жасаған кейуана – шаңырақ ұйытқысы

633 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Шамалған, Ұзынқарғалы өзен суларын бағындырған Қасымбек баба ағаш науамен оны еңіске «жетелей» әкелгенін жұрт әлі күнге ұмытпайды. Диқан баба жұртты осылайша егіншілікке үйреткен ХІХ ғасырдан бері «Новороссийское» елді мекені іргесін кеңейтіп, халық саны өсу үстінде. Иә, қай кезде де халық ерен ер­лері­нің есімін ұмытпаған. Осы дәс­түр­мен 1997 жылы ауыл тұрғын­да­ры­­ның өтінішімен елді мекенге Қа­сымбек есімі берілген-ді. Әрине, бұл орынды да. Жобалау институты, ар­на­йы техникасы болмаса да бел-бе­лес­тен су асы­рып, арпа, бидай егіп, ай­мағын берекеге кенелткен ди­қан еңбегін әлі де қатары сиреген кәрі құ­лақ қариялар айтудан жалыққан емес. Ұядай ауылдағы халықтың бір­лігі үлгі етуге тұрарлық. Олар­дың қатарында тұп-тура бір ғасыр жаса­ған Мәрипа Медеуова әжеміз Алланың берген күш-қуатының арқасында ғұмыр кешуде. Орталық көшедегі еңселі үй­дің табалдырығын аттауыма Мәрипа әженің жүз жылдық мерейін атап өту үшін немере-шөберелері жіберген шақыру қағазы себеп болды. Кең бөлмеде құс жастыққа жантайған әже бөгде жанның келгенін біле қойды. «Әлгі жөр­на­лист қыз ба?» деп қалды. Одан әрі аман­дық-саулық сұрасумен  қатар, айнала қоршаған немере, шөбере, шөпшектерімен танысуға мүмкін­дік туды. – Жүзі бар болсын, – деді әже әңгіме арасында. – Айналайын,  күбі де май, күбінің түбі де май кез өтті ғой. Былтыр тәп-тәуір едім. Ауылдың той-томалағынан қалмайтынмын. Биыл құлағым ауыр еститін болды. Әлім кетіп барады. Сөзге немересі Жұмабайдың жұбайы Тұрсынгүл араласты. Әже­нің күйеуі Марқұм Сағымбек Ұлы Отан соғысына қатысып, Жеңісті жақындатуға үлес қосып, майданда бір көзінен айырылып, мүгедек болып оралған екен. Одан кейін көп жыл мал бағып, оны  өз төлі есебінен өсіруде жақ­сы табыстарға жетіпті. Және осындай еңбегі орынды бағала­нып, Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталыпты. Мәскеудегі халық шаруашылығы көрмесіне де барған екен. Сөзден сөз шығып, немере келіндері Тұрсынгүл мен Ақбілек тағы бір сырдың парағын ашты. Енді айтсақ, айыбы болмас. Десек те, әжемізді туған анамыздан кем көрмейміз, деп тағы бір ескертті екеуі де ойларын нақтылай. – Әжеміз әке-шешесі Тәжібек пен Зылиханың 13 перзентінен тірі қалған кенжесі. Атамыз Са­ғымбек екі әйел алыпты. Бәйбі­ше­сі Қалтай 14 құрсақ көтерген. Ал Мәрипа әжеміз құрсақ көтермепті. Екі ананың бір-біріне деген сыйластығы арқасында отбасындағы ынтымақтың іргесі сөгілмеген. Отбасындағы жақсы­лық екеуіне де ортақ болып, бауы­рына басқан атамыз Еркетай да, апамыз да өмірден өтті. Біз әженің немерелеріміз. Мұны ай­тып отырғанымыз, туғаннан да жа­қын әжеміз – отбасымыздың ұйыт­­қысы, берекесі. Біз үшін орны да, жөні де  бөлек. Келіндері осыны жарыса айтты. Немересі Жұмабайдың әңгі­месі тіптен қызық. Өздеріне деген аналық ықыласы, мейірімі жайлы  тарқата түседі. – Әжемнің ұзақ жасау себебі еңбекқорлығынан деп ойлаймын. Жасы жетпіске келгенше арбаға шөберелерін салып, күз сайын егістіктегі қызылша мен жүгері­нің масағын теретін. Бізге ұят бо­лады, әже, жетпей жатқан не бар дегенге көнбейді. Ақыры есек­ті арбасымен  біреулерге жасырын беріп жіберуге тура келді. Әжем бұл үшін көпке дейін өк­пелеп жүрді. Балаларды еңбек­ке үйре­те­тін едім, дейді ғой. Әрине, бәрін түсінеміз. Дегенмен жасы келген анамызға жанымыз ашыды, елдің сөзі де бар, деді Жұмабай әжені құшақтап тұрып. Қалтай бәйбішемен туған сің­лі­сіндей сыйласқан Мәрипа әже осылайша әлі күнге шаңырақтағы құт-берекеге ұйытқы болып, 16 немере, 13 шөпшек сүйіп отыр. Қонақ аз отырып, көп сы­найды. Біз марқұм Сағымбек пен Қалтай бәйбішеден тараған ұр­пақ­қа жанын үзіп беруге әзір Мәрипа әженің кеңдігіне, мейірімділігіне риза болдық. Әженің мерейіне Германиядағы ұлы Жомарт пен неміс келіні әдейі келетін болыпты. Шөберелері Әлия мен Әсия да әжелерін көруге асығады,  дейді. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. ___________________ Суретте: Мәрипа әже шөп­шектерімен бірге.