13 Мамыр, 2011

Елімізде төртінші мұнай өңдеу зауыты салынады

331 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сәрсенбі күні Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палатаның жалпы отырысы болып өтті. Төраға алдымен әріптестерін мамыр айындағы мейрамдармен құттықтады. Ол өз сөзінде сәуір айының соңында Астанада Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының екінші отырысы жоғары деңгейде өткенін, онда осы ұйымға төрағалық ету мәртебесі Әзірбайжаннан Қазақстанға табыс етілгенін айтты, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Жалпы отырыста «Беларусь Рес­публикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жо­басы талқыға салынды. Бұл заң жобасы бойынша Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау баяндама жасады. Талқылаудан кейін заң жобасы мақұлданды. Келесі кезекте «Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жо­басы қаралып, ол бойынша Көлік және коммуникация министрінің орынбасары Азат Бектұров баяндама жасады. Бұл заң жобасы бой­ынша Мәжілістің Халық­ара­лық істер, қорғаныс және қауіп­сіз­дік комитетінің мүшесі Са­ғын­бек Тұрсынов қосымша баяндама жасады. Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісім 2010 жылы 9 желтоқсанда Мәс­кеуде Беларусь Республикасы, Қа­зақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Үкімет­те­рі­нің арасында жасалды. Заң жо­басы талқылаудан өтіп, толықтай мақұлданды. Мәжілістің жалпы отыры­сын­да «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олар­дың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы», «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Заңына өзгеріс пен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жо­балары депутаттардың талқы­сы­на шығарылды. Осы екі заң жобасы бойынша Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев түсінік берді. Бұл заң жобалары бой­ынша Мәжілістің Эко­номи­ка­лық реформа және өңірлік даму ко­митетінің мүшесі Ержан Рахметов қосымша баяндама жасады. Парламент Мәжілісінің бар­лық комитеттері алғашқы заң жо­ба­сы бойынша оң қорытындылар берді. Жұмыс тобына 230-дан астам түзету келіп түсті, олар мұ­най өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы саласындағы мүдделі министрліктер мен ведомстволар, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар өкілдерінің қа­ты­суымен жұмыс тобының жи­ыр­ма сегіз отырысында және ко­митеттің кеңейтілген отыры­сын­да жан-жақты қаралып, қоры­тын­ды салыстырма кестеде көрсетілді. С.Мыңбаевтың сөзіне қара­ған­да, елімізде көп тұтынылатын АИ 92, 93, 95 маркалы бензин өн­діруде әзірше Ресейге тәуелділік бар. Қазақстанда бүгінде аталған маркалардағы 13 миллион тонна бензин шығарылады. Атырау, Шым­кент және Павлодар МӨЗ-дерін жаңғырту үдерістері аяқта­ла­тын 2015 жылы бұл көрсеткіш 17 миллион тоннаға ұлғаятын кө­рінеді. Кейінгі жылдары аталған бензин көлемі де жеткіліксіз бо­лады. Сондықтан 2020 жылға қарай елімізде төртінші МӨЗ салу жұмысы қолға алынады екен. Ал «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар ту­ра­лы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі мақсаты маңызды әлеу­мет­тік мәні бар, сондай-ақ ел эко­номикасына елеулі әсер ететін өнім­ге, тауарларға және көрсе­ті­летін қызметтерге бағаларды мем­лекеттік реттеу тетігін енгізу болып табылады. Заң жобасымен жұмыс барысында жұмыс тобы табиғи монополиялар салаларын­да және реттелетін нарықтарда бас­шылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның құзыретін нақтылау бөлігінде түзетулер енгізді. Парламенті Мәжілісінің бар­лық комитеті заң жобасы бой­ынша оң қорытындылар берді. Талқылаулардан кейін екі заң жобасы да толықтай мақұлданды. Сонымен бірге, Үкіметтен келіп түс­кен жаңа заң жобаларына қо­ры­тынды әзірлеу уақыттарын нақ­ты­лау бойынша шешім шыға­рылды.