Төрткүл дүниенің мектептерінде оқытылатын пәндердің бірі, бірі ғана емес, бірегейі – математика. Ал осы математика пәнінің мектептегі іргетасы мықты қаланса, адам өмір жолында көп қиналмайтыны ғылымда нақты дәлелденген. Осы мәселені алға шығарып, Отанымыздағы математика пәнінен сабақ беріп жүрген мектеп мұғалімдерінің алғашқы съезі өткен сәрсенбі күні елордада болды. Оған Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің қызметкерлері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, шетелдік оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты.
Съезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын құрылтайға арнайы келген Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев оқып берді.
«Қазақстан мектептерінде математикалық білім беруді дамыту: қазіргі жайы және даму болашағы» деген тақырыпта Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов сөз алып, «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүгінгі құттықтау сөзінде мұғалімдердің елді дамытатын, адами капиталды жетілдіретін қозғаушы күш екенін атап өтті. Биылғы жылы еліміздің білім беру жүйесі жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Қол жеткен жетістіктер де аз емес. ЮНЕСКО мәліметтеріне сәйкес, білім беруді дамыту индексі бойынша Қазақстан соңғы 3 жылда 29 ел арасында төртінші орынға көтерілді. Бұл көрсеткіш бойынша біз ТМД елдерінің алдында келеміз. Қазақстан – Еуропалық білімнің Болон процесіне толық мүше болған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет», деген ол, 2011 жылы білім беруді дамытуға жұмсалатын мемлекеттік бюджет шығыстары 900 миллиардқа жуық теңгені құрап отырғанын, 1 шілдеден бастап мұғалімдердің айлығы Елбасының тапсырмасымен 30 пайызға өсетінін, педагогтардың орташа жалақысын жеке сектордағы еңбекақыға теңестіру мақсатында 1 қыркүйектен әр ұстаздың лауазымдық жалақысына 100 пайыз көлемде қосымша ақы төленетінін, оған бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. «Білім беру ісіндегі басты тұлға – педагог екені ақиқат. Сол педагогтің мәртебесін арттыру, абыройын көтеру – көп қырлы үдеріс. Бұл білім беруді дамытудың жаңа бағдарламасынан орын алған. Қажет десеңіз, педагог беделін көтеруге ерекше көңіл бөлінген арнайы бөлім де бар. Педагогикалық шеберлікті жетілдіруді біз бірінші кезекке шығарып отырмыз», деген министр үздік мұғалімдердің тәжірибесін тарату жолдарын ұсынды. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында үздік ұстаздардың білім-білігімен қатар, олардың адами қасиетін де насихаттау қажет екенін, оның ішінде ауылдық жерде қызмет етіп жүрген азаматтарға тиімді қамқорлық жасау арқылы олардың беделін биіктету ісіне барлығымыздың да атсалысуымыз керек екенін жеткізді. Бұл үшін «Білім» телеарнасын ашу қарастырылып жатқанын, педагогтарды қайта даярлау ісіне республикалық бюджеттен 500 миллион теңге қаржы қарастырылып отырғанын назарға салды. Ол сонымен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарында кадр дайындау мәселесіне де тоқталды. «Алғашқы съезді математика пәні мұғалімдерінен бастаудың өзі кездейсоқтық емес. Атақты философ И.Кант 18 ғасырда «Қандай ғылым болмасын онда қанша математика болса, сонша шындық болады» деген екен. Шынында, «ғылым патшасы» атанған математика пәнінің жөні бөлек. Тіпті, адамның барлық өмірі математикаға тікелей байланысты десек, артық айтқандық болмас. Ендеше, отандық білім беру саласын жетілдіруді математикадан бастаған жөн. Бұл 12 жылдық оқытуға көшу қарсаңында қажет болып тұр. Алдағы уақытта математикамен қатар, басқа да пән мұғалімдерінің осындай съезін өткізіп, онда да көптеген проблемаларды талқылайтын боламыз. Осы алқалы жиында математика оқытушыларының қазақстандық қауымдастығын құруды орынды деп санаймын», деген Бақытжан Жұмағұлов әрбір қазақстандық педагог те, басшы да, маман да бұл іске атсалысып, жаңа стандарт қалыптастыру қажеттігін, мектептерге жас мамандарды үздіксіз тарту жолдарын алға тартты.
Қазір әралуан пікірге арқау болып жүрген оқулықтар мәселесіне келгенде ол, заман талабына сай оқулықты да, авторды да жаңарту қажеттігі туындап отырғанын айтты. Сондай-ақ, қолданыстағы құралдардың қатаң сараптаудан өтетінін, егер сараптау кезінде көңілжықпастық не бір қателік жіберілетін болса, ол жарамсыз болып табылатынын, базадан алынып тасталып, ондай жөнсіздікке жол берген адам келешекте мұндай жауапты жұмысқа қатыстырылмайтынын, барлық оқулықтар республикалық кеңестің шешімінсіз оқу үрдісіне жіберілмейтінін назарға салды. Математика пәндері бойынша жазылған оқу әдебиеттерінің сапасыз аудармасын жою үшін мемлекеттік тілдегі бірыңғай матемактикалық терминология қалыптастыру қажеттігі алдан шығып отырғанына, ең бастысы – мемлекеттік білім бағдарламасын мүлтіксіз орындау үшін әр бөліміне қаржы қарастырылып, басталатын мерзімі мен аяқталатын шегі шегенделгеніне дәлел-дәйектер келтірді.
Адамның ойлау жүйесін дамытуда математиканың алатын орны бөлек десек, соңғы 20 жыл ішінде осы пәннің сағаттары екі рет қысқартуға ұшырапты. Осы мәселені зерттегенде 1 сағатқа қысқарғанның өзінде басқа пәндер бойынша үлгерім 10-25 пайызға дейін төмендегені дәйектелген. Әлемдегі жетекші елдердегі математика бойынша сағат саны бізден біршама артық екен. Мысалы, бастауыш мектептегі математика пәніне бөлінген сағат саны Ұлыбританияда 23 пайызды, Францияда 20 пайызды құраса, бізде 17 пайыз көрінеді.
Съезде Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университеті математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі В.Гусев оқулық мәселесіне ерекше мән беріп, оқулық қиялдан емес, өмірден алыну керектігін, ондай болмаған жағдайда оқушылардың математикадан алшақтап кететінін тілге тиек етті. Халықаралық математикалық олимпиаданың үйлестіру кеңесінің төрағасы Н.Агаханов осы пән бойынша өткізіліп келе жатқан олимпиадаларға ден қойып, Қазақ елінің «алтын басты» балаларының өткен жылы елордада болған 51-ші дүниежүзілік математикалық олимпиадада төртінші орынға ие болуын ерекше бағалады. Мәскеудегі «Просвещение» баспасының бас директоры А.Кондаков, қазақстандық министрдің жазылған оқулықты дұрыс пайдалана алатын мұғалімді қалыптастыру керек, ол үшін мұғалімдерді қайта дайындауға мән беру қажет деген пікіріне қосылатынын, әр адам өзіне киім алғанда олпы-солпы болмай, қонымдысын таңдайтыны секілді оқулық та мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналардың көңілінен шығуы тиіс. Бұл үшін автор білімді, өмір көшінен қалмайтын, сауатты, жан-жақты ғалым, мықты ұстаз, білімді әдіскер болуы керек екенін де атап өтті.
Астана қаласындағы №56 мектеп-лицейдің математика пәнінің мұғалімі Ж.Рамазанова: «Мені таңдандыратын мына бір мәселені ортаға сала кетсем деймін. Өткен ғасырдың 60-70- жылдары мектеп бітірген ата-аналар немерелеріне математикадан көмек берсе, 90-2000-жылдары мектеп бітірген түлектер өздерінің ұл-қыздарының сұрақтарына жауап бере алмай, қиналатынына куә болып жүрміз. Осының өзінен-ақ математика пәніне деген ынта-ықыластың азайғанын аңғаруға болады. Бұған тағы бір дәлел, қазіргі мектеп оқушыларының көбі гуманитарлық пәндерге қарай ығыса береді. Ендеше, математика пәнінің, оны оқытатын мұғалімдердің беделін көтеру жөніндегі бұл съезді мен ерекше қолдаймын», деген ол мектептегі математикалық талдау бастамаларын оқыту жайына тоқталып, бұл пән жоғары оқу орындарының алғашқы курсында қайталанатынын тілге тиек етіп, оқулыққа қосымшалардың жетпейтінін, мектептегі дәстүрлі 5 баллдық бағалау жүйесі туралы да ойын ортаға салды.
Пленарлық мәжілістен кейін съезге қатысушылар 4 секция отырысында 36 баяндама жасады. Онда математикалық білім беру жайы, проблемалары, болашағы, кәсіби мамандар даярлау жұрт талқысына ұсынылды. Қорытындысында математиктердің тұрақты жұмыс істейтін қауымдастығы құрылып, оның атқаратын міндеттері нақтыланды.
Сүлеймен МӘМЕТ.
----------------------------------
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.