13 Мамыр, 2011

«Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы халықтың қолын сапалы ауыз суға жеткізетін болады

19348 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Үкімет соңғы жылдары халықтың әл-ауқа­тын, білімі мен денсаулық жағдайын жақсар­туға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарла­ма­ларды қабылдап, жүзеге асырып келеді. Соның маңыз­ды бірі ауыз су мәселесі болып табылады. Ибн Синаның “Ауру көбінесе ішкен астан пайда бо­лады, соның ішінде, әсіресе, ауыз судан болады” деп ескерткеніндей, халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы зор. Қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі, бұл – Мемлекет басшысының үстіміз­дегі жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалай­мыз» атты Қазақстан халқына арнаған Жол­дауын­дағы басым бағыттардың бірі. Елбасы атап көрсеткеніндей, осыған дейінгі «Ауыз су» бағ­дар­ламасын жүзеге асыру барысында ауыл­ды жердегі халықтың орталықтанды­рылған сумен қамту жүйелеріне қолжетімділігі 41 пайызға, ал қалалық жерде 72 пайызға дейін артып, суды та­сып ішетін адамдардың саны 4 есеге дейін тө­мендеді. Бірақ бұл бағдарлама мә­селені толық шешіп бере алмады. Бағдарлама­ның орындалу нәтижелерін жан-жақты талқылау барысында бірқатар кемшіліктердің жіберілгендігі анықтал­ды. Солардың қатарында бюджеттік, сәулет-қала құрылысы, санитарлық-эпидемиоло­гия­лық заң­ды­лықтардың бұзылғандығын атауға болады. Соның салдарынан сумен қамту жүйе­лерін салу­дың, су құбырлары мен кәріз жүйеле­рін қайта жарақтандырудың сапасының төмен болуы, республикалық және жергілікті атқару органда­ры­ның арасында жобаларды қаржылан­ды­руға байланысты ортақ келісімдердің бол­мауы, жоба­лардың тиісті су қорларымен қамта­масыз етілмеуі, нысандарды жобалау сапасының төмен болуы секілді кемшіліктерге жол берілген. – Халықты ауыз сумен қамту мәселесінде бұл бағдарлама істі ақыр аяғына дейін жеткізе алған жоқ. Мәселен, 2010 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған ауылдық елді мекендердің саны бар болғаны 12 пайызға ғана өсіп, барлығы 41 пайызды құраған. Сонымен қатар, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің мәліметтері бойынша еліміздегі барлығы 7002 бірлікті құрай­тын ауыл­дық елді мекендердің 3849-ында сумен қамту проблемалары әлі де шешімін тапқан жоқ. Яғни, 3 миллион адам немесе ауыл халқының 40 пайызы сапалы ауыз судан мұқтаждықты сезініп отыр деуге болады. Оның үстіне, аталған бағдар­ламаны жүзеге асыру барысында бюджеттік қаржының тиімсіз пайдаланылуына жол берілгендігін де жасырмаймыз. Құрылыстарды са­па­сыз жүргізу, оларды уақытында тапсырмау секілді жағдайлар орын алып жатты. Іске қосылған­дарының өзі дұрыс жұмыс істемей қайтадан істен шығып қалуы да жиі кездесті, – деген еді бір әңгімесінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бас сарапшысы Серік Сәрсекеев. Сарапшы айтқан осы кемшіліктердің барлы­ғы 2011-2020 жылдарға арналған халықты ауыз сумен қамтудың «Ақбұлақ» бағдарламасында ескеріліп отыр екен. Бұл бағдарламаны жасау барысында төмендегідей мәселелерге баса назар аударылған. Бірінші, сумен қамту нысандарын жаңадан салған және бұрынғыларын қайта жарақтандыр­ған кезде жүйелі әдіс-тәсілдерді енгізу көзделген. Екінші, елді мекендердегі сумен қамту жүйе­лерін пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз ететін көрсеткіштер белгіленген. Үшінші, су шаруашылығы секторының ин­вес­тициялық тартымдылығына және сумен қамту нысандарын қаржыландыруға жеке меншік капиталды молынан тарту ісіне мән берілген. Төртінші, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жерасты суларының әлеуетін молынан пайдалануға екпін түсірілген. Бесінші, сумен қамту жүйелерін жобалаудың сапасын көтеру ескерілген. Алтыншы, су шаруашылығы секторының жағ­дайына мониторинг жүйесін енгізуге баса мән берілген. Жаңа бағдарламаны жасау барысында ескерілген осынау жүйелік тәсілдер ауылдық және қалалық жерлердегі сумен қамту жүйелерінің жағдайын зерттеу ісін міндетті түрде талап етті. Осы зерттеуден және соның нәтижесінен белгілі бір қорытынды түюден кейін барып ауылдық және қалалық жердегі сумен қамту жоба­лары­ның арнайы тізбесі қалыптастырылады. Мұнан кейін бұл жобалар Экономикалық даму және сауда, Қар­жы министрліктерінің қарауына тапсы­рылады. Аталған министрліктердің жобаларды қаржылан­дыру ісіне қатысты талаптары орындалған жағ­дайда барып, бұл тізім Премьер-Министрдің бірінші орынбасары төрағалық ететін Ведом­ствоаралық комиссияның қарауына беріледі. Мұнда жобалық-сметалық құжаттарды қараған кез­де оларды жүзеге асыру үшін тиісті дәлелден­ген су қорларының болуы, жоба туралы зерттеу­лер­дің нәтижелері, жоба жүзеге асырылған кезде оны пайдалану ісін ұйымдастыратын ұйымның болуы, жобаны қаржыландыруға жергілікті бюд­жеттің де қатысуы секілді өлшемдер басшылыққа алынады. Сөз болып отырған жаңа бағдарлама – «Ақбұ­лақ» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкі­метінің 2010 жылғы 9 қараша күнгі қаулысымен бекітілген болатын. Бағдарламаның басты мақ­саты – халықты қажетті мөлшердегі және сапа­сына кепілдік берілетін ауыз сумен қамтамасыз ету. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін тиісті міндеттер белгіленген. Ол міндеттердің бірқатарын біз жоғарыда айтып кеттік. Со­ған қоса айтарымыз, бұл бағ­дарламада су шаруа­шы­­лығы ұйымдарының тиімді және рентабельді жұ­мы­сын қамтамасыз ету үшін қыз­меттердің тариф саяса­тына да мән берілген. Мәсе­лен, салынған инвести­ция­лардың қайтарымдылы­ғы­на кепілдік беру мақсатында ұзақ мерзімді тарифтер белгіленетін болады. Сонымен қатар, суды пайдаланушыға дейін жеткізу барысында оның бел­гілі бір бөлігінің жоға­лып кетуі немесе шы­ғын­­далуы ғылыми негіздік нор­маларға дейін төмендеуі­не мән берілген. Жобаларды жүзеге асыру кезінде қазақ­стан­дық үлестің артуына да ерекше екпін түсіріледі. Яғни, бағдарламаны орын­дау еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына да қолайлы жағдай туғызатын болады. Бағдарлама үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап іске қосылды. Оны жүзе­ге асыру екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 2011-2015 жылдар ара­лығы. Екінші кезең – 2016-2020 жылдар аралығы. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында төмен­дегі­дей көрсеткіштерге қол жеткізу көзделген. Біріншіден, барлық ауылдық елді мекендердің 80 пайызында орталықтандырылған сумен қамту жүйелеріне халықтың қолын жеткізу. Бұл көрсет­кіш қалалық елді мекендерде 100 пайызды құрайтын болады. Екіншіден, барлық ауылдық елді мекендердің 20 пайызында халықтың қолын орталықтанды­рыл­ған кәріз жүйесінің қызметіне жеткізу. Бұл көрсеткіш қалалық елді мекендерде 100 пайызды құрайтын болады. Үшіншіден, қалаларды су көздерінен су алған кезде оларды 100 пайыздық тазалау қондыр­ғыларымен қамтамасыз ету. Төртіншіден, әрбір аудан орталығында сумен қамтитын және кәріз жүйелерінің қызметін ұйым­дастыратын арнаулы мамандандырылған пайдалану кәсіпорындары мен ұйымдарын құру. Бесіншіден, сумен қамту және кәріз пайдалану кәсіпорындарының ішіндегі жеке меншік капитал­дың, соның ішінде концессиялық келісімдер негізінде қатысушылардың санын 19 бірлікке дейін жеткізу. Алтыншыдан, қалалық жерлерде су есептегіш құрылдарымен қамтуды 100 пайызға, ал ауылдық елді мекендерде 80 пайызға жеткізу. Жетіншіден, сумен қамту және кәріз жүйелері жобаларын жүзеге асырған кезде қазақстандық бұйымдар мен технологияларды қолданудың үле­сін 60 пайызға дейін жеткізу. Сегізіншіден, 3 мыңнан астам ауылдық елді мекенді жерасты су қорларымен қамтамасыз ету. Тоғызыншыдан, қалалар мен ірі елді мекендер үшін су қорларының көлемін қайта бағалау мақ­сатында 165 су көздерінің кен орындарына барлау жұмыстарын жүргізу. Топтық су құбыр­лары үшін 15 су көздерінің кен орындарының көлемін қайта зерттеу. Оныншыдан, 86 қала мен 6943 елді мекендегі сумен қамту және кәріз жүйелерінің жобаларын жүйелі мониторингпен қамту. Он біріншіден, халықты тәулігіне 24 сағат сумен қамтуға қол жеткізу. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін оны тиісті қаржы көздерімен қамту ісі алдын-ала ескерілген. Бұл қаржылар даму институттарының қаражатта­рынан, пайдаланушы кәсіпорындардың өзіндік қаражаттарынан, отандық және шетелдік инвестициялардан құралады. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджеттен 1 триллион 273 миллиард 859 миллион теңге қарастырылады. Бұл қаржының 1 триллион 164 миллиард 142 миллион теңгесін республи­калық бюджеттің есебінен, 109 миллиард 717 миллион теңгесін жергілікті бюджеттердің есебінен қарастыру көзделінген. Соның ішінде «2011-2020 жылдарға арналған халықты сумен қамту жө­ніндегі «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 900 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл бағдарламаның бұрынғы «Ауыз су» бағдар­ламасына қарағанда бірқатар артықшылық­тары бар. Олардың кейбіріне біз жоғарыда тоқталып өткендей де болдық. Соның ішінде ерекше екпін түсіріп айтарымыз, бағдарламаны жүзеге асыру ауылдық елді мекендердегі нақты барлан­ған жерасты су қорларының көлеміне, су құбырлары желісінің жағдайына, судың тазалығы мен сапасына негізделетін болады. Мәселен, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комите­тінің 2009 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметі бойын­ша, елімізде мемлекеттік баланста тұрған 1282 жерасты суларының көздері барланған. Мұндағы сулардың жеткілікті қоры республи­кадағы суға деген сұраныс деңгейінен екі есе артық. Демек, жерасты сулары біз үшін үлкен байлық көзі және сумен қамту мәселесін шешудің үлкен бір жолы болып табылады. Қазіргі күні жер астындағы судың барланған қорын игеру деңгейі төмен болып отыр. Көптеген су көздері соңғы 10-15 жылдан бері пайдаланыл­ған жоқ. Мәселен, қазіргі күні жоғарыда айтылған 1282 барланған жерасты су көздерінің 402-сі ғана пайдаланылады екен. Олардан тәулігіне 2 миллион текше метр су алыну үстінде. Бұл қазіргі күні халық пайдаланып отырған жалпы ауыз су көлемінің 56 пайызын құрайды. Демек, аталған ресурс көзінің әлеуеті зор. Осыны тереңдетіп игеру арқылы көп мәселені шешуге болады. Сумен қамтудың жаңа нысандарын салуда олардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу­дің сапасына ерекше бақылау жүргізіледі. Олар тиісті талаптарға жауап бере алған кезде ғана (ол талаптардың кейбіріне келетін болсақ, сумен қамтудың тиісті көлемдегі көздерінің болуы, су жүйелерінің тұрғындардың үйіне дейін жеткізілуі және су есептегіш құралдарымен қамтамасыз етілуі, тағы басқалар) құрылысты қаржыландыруға тиісті қаражат бөлінеді. Бағдарламаның келесі басты ерекшелікте­рінің бірі еліміздің су шаруашылығы жүйесінде мемлекет-жеке меншік әріптестігін қалыптас­тыра оты­рып, олардың қабылданған нысан­дарды пайдаланудағы тең дәрежелі міндеттемелер қа­был­дауын қамтамасыз ету. Жобаларды концессияға тапсырудың тетіктері жетілдіріледі. Екіншіден, жоғары­да айтылып кеткендей, ұзақ мерзімді тарифтік реттеу жүйе­сіне көшетін боламыз. Әр­бір текше метр пайдала­ныл­ған су есепке қойылады. Міне, осы жағдай жеке ин­весторлардың жобаны жүзеге асыру ісіне қатысуға деген ынтасын арттыруы әбден мүмкін. Аталған мәселелерді жүзеге асыру үшін қазіргі қол­даныстағы заңдарға, со­ның ішінде еліміздің Су кодексіне, “Халықтың денсау­лығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекске өзгерістер енгізілуі тиіс. Сонымен қатар, жобалар­ды концессияға тапсырудың қанатқақты тізімі айқында­лып отыр. Мәселен, Қараған­ды облысының Балқаш, Шы­ғыс Қазақстан облысының Семей, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш қалаларында мемлекет-жеке меншік әріптестігі негізінде қанатқақты жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші кезеңі болып табылатын 2011-2015 жылдар аралығында мұнан кейінгі кезеңдегі жұмыстарды жан-жақты жүргізу үшін кең ауқымды даярлық жасалынады. Сумен қамту жүйелерінің құрылысы бірінші кезекте аудан орталықтарынан бастау алады. Сонан кейін тұрғындарының саны 1 мың адамнан асатын елді мекендегі жұмыстар қолға алынып, осындай рет бойынша жүргізіле береді. Құрылыстарға тиісті қаржы бөлу облыстық әкімдіктер оны қосымша қаржыландыруға келіскен жағдайда жүзеге асырылады. Қосымша қаржыландырудың көлемі облыстық бюджет­тердің кіріс бөліктерінің мүмкіндіктеріне байла­нысты жалпы жоба құнының 10 пайызы мен 30 пайызы аралығында ауытқуы мүмкін. Сөйтіп, өз тәуелсіздігінің жиырмасыншы жыл­дығы қарсаңында тұрған Қазақстан Респуб­ли­касы осы қысқа уақыт аралығында әлемге танымал, әріптестік қатынастарда беделді ел ретінде қалыптасып қана қоймай, сонымен қатар өзінің ішкі әлеуметтік-экономикалық проблема­ларын батыл шеше алатын қуатты мемлекет ретінде бой көрсетіп отыр. Егер соңғы бір-екі жылдың арасындағы оқиғаларға саралай көз салатын болсақ, мұның көптеген белгілерін мейлінше айқын байқауға болады. Әрине, жаңа тарихы бар болғаны 20 жыл уақытты ғана қамтитын жас мемлекетімізде барлық мәселе шешімін тапқан деп айта алмай­мыз. Соның маңызды бірі – су ресурстарының мәселесі, соның ішінде ауыз су проблемасы болып табылады. Жалпы, су ресурстары мәселесін кең көлем­де қарастыратын болсақ, ХХІ ғасырдағы Қа­зақ­стан үшін оның ең толғақты тақырыптар қата­рына шығатындығын байқаймыз. Қазіргі күні тұщы су көздерінің мәселесі, соның ішінде халықтың таза ауыз сумен қамтылуы жайы жер шарындағы экологиялық ахуалдың ушыға түсуі­нің аясында адамзаттың ортақ проблема­сына айналды. Көпте­ген сарапшылар ендігі кезекте ел мен елдің, өңір мен өңірдің арасында болуы мүмкін дау-жанжалдар нақ осы мәселеден өрбуі мүмкін деген қауіп айтады. Демек, әр мемлекет өздеріндегі су ре­сурс­тары мен оны тиімді және үнемді пайдалану ісіне алдағы уақытта барынша мән бере түспек. Еліміздің су ресурстарын нығайту мен оның қорларын сақтау мәселесіне Қазақстан басшы­лығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ қатты көңіл бөлуде. Елбасымыз бізбен көрші мемлекеттер басшыларымен болған кездесулерінде трансшекаралық өзендер сула­рын пайдалану ісін әрдайым мемлекетаралық қарым-қатынастардың негізгі мәселесі ретінде көтеріп келеді. Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесіп Су консорциумын құру, Сібір өзендері сулары­ның бір бөлігін Қазақстан мен Орталық Азияға қарай бұру, Аралды қалпына келтіру ісін халықаралық деңгейде жүзеге асыру, Ертіс пен Іленің, Сырдарияның суларының азаюына жол бермеу, Қазақстанды ашық теңізге шыға алатын мемлекет ретінде қалыптастыру үшін Каспий мен Қара теңіз немесе Азов теңізі арасында канал тарту – міне, бұлар Елбасымыз бастамашы болып, үлкен халықаралық мінберлерде батыл да табанды түрде көтеріп келе жатқан маңызды мәселелердің бір парасы. Аталған істе нәтижелер де жоқ емес. Кіші Арал қалпына келе бастады. Оңтүстік өңірді сумен қамту және көктемгі тасқынның алдын алу үшін маңызды болып есептелетін Көксарай қар­сы реттегіші салынды. Ауыл шаруашылығында суды барынша үнемдеп пайдалану үшін тамшылатып суару технологиясы белсенділікпен енгізілуде. Су қоймаларының жұмыстары да ретке келтіріле бастады. Осының барлығынан ел басшылығының халықты таза ауыз сумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырғандығы байқалады. Өйткені, бұл мәселенің халық денсаулығына тікелей қатысы бар. Сондықтан да осы мәселені шешудің маңызды бір жолы ретінде елімізде Елбасының тапсырмасымен 2002-2010 жыл­дар­­ға арналып “Ауыз су” бағдарламасы қа­был­дан­ған болатын. Бұл бағдарлама өзінің ал­дына қойылған міндеттерді негізінен орындап, халықтың қолын орталықтандырылған таза ауыз суға жеткізу мәселесінде бірқатар пробле­малардың бетін қайтарды. Енді 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұ­лақ» бағ­дар­ла­масының қолға алы­нуы бұл мәсе­лені түбегейлі шешуде ерекше ма­ңыз­ға ие болмақ. Сөй­тіп, қа­зіргі күні бүкіл әлем бойынша барған сайын асқы­нып келе жатқан аса ау­қым­ды проблема Ел­ба­сы­ның баста­масымен, Үкі­меттің әзір­леуі­мен қол­­ға алынған мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­ның нәти­же­сін­де сәтті шешімін таппақ. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.