Бір ғажабы, Әбдімүтәл Әлібековты танитындардың бәрі жақсы көреді. Бәрі Әбеке деп сыйлайды. Реті келген жерде бәрі оған ілтипат білдіргісі келіп тұрады. Ал достары мен жора-жолдастарының оған деген ықыласы тіптен бөлек. Әбекеңмен ондаған жылдар бойы бірге жүргенде бір бөтен мінез танытпаған ақпейіл адалдығына тәнті бола ма, кім білсін, кейде қыза-қыза келген достары: «Әбекеңмен жолдас болған адам бақытты. Олай болатын себебі – Әбекеңнің қасында біраз жыл жүргеннен кейін күнәдан тазарасың, сәби пейілді пәк адамға айналасың» – деп әзіл-шыны аралас әзіл-қалжың айтатыны да бар. Міне, осы қалжыңның астарында Әбекеңе, оның періштедей пәк пейіліне деген ризашылық жатады.
Иә, ол туралы жұрт осындай пікірде. Ал өзі олай ойламайды. Осыдан он жыл бұрын елуді еңсеріп, бүгінде алпыс деген аталы жастың ауылына мойын бұрған Әбекеңнің өмірде жүріп өткен жолы қаншалықты мағыналы болса, қарапайымдылығы соған керісінше. Былайша айтқанда, Әбекеңнің бұл орайдағы пәлсапасы мынаған саяды: мен Құдай берген несібемді теріп жеп жүрген қатардағы қазақтың бірімін. Дұрыс-ақ делік. Бәріміз де солай. Бәріміз де қатардағы қазақтың біріміз. Бірақ әрқайсымыз өзімізше ірі емеспіз бе? Әрқайсымыздың өзіндік бет-бейнеміз, өзіндік келбетіміз бар емес пе? Әбекең де сол сияқты. Оның болмыс-бітімі менің жеке пікірім бойынша, тіпті өзімен қатар жүрген көп адамдардан биіктеу де болып көрінеді. Енді осы ойымды дәлелдеуге тырысайын.
Біріншіден, Әбекең өте адал адам. Адалдықтың аясы кең ғой. Отбасына адалдық, айналаңа, яғни қоғамға адалдық, дос-жаранға адалдық, мамандығыңа адалдық, қызметіңе адалдық... Осылай кете береді. Біз – адамдар, пендеміз ғой. Жоғарыда аталған адалдықтарды сақтауға тырысқанымызбен, кейбір тұстарда әлсіздік танытып алуымыз әбден мүмкін. Ал Әбекеңнің бойында осы адалдықтың бәрі бар. Осы адал мінез Әбекеңе қайдан дарыды екен деп те ойлайсың кейде. Бәлкім, бұл атасының Құран ашып қойған «Әбдімүтәл», яғни «Құдайдың құлы» деген есімінің шапағаты ма екен, кім білсін. Әйтеуір әмбебап адалдық Әбекеңнің бойына Құдай берген абзал қасиеттердің бірі.
Жоғарыда біз адалдық ұғымының бірнешеуін атап өттік. Соның бірі – мамандыққа адалдық. Әбекең бұл бағытта да қамшы салдырмай келе жатқан жампоздардың қатарында. Ол – журналист. Журналист болғанда да анау-мынау емес, сөз саптауды қапысыз меңгерген, қазақтың қарасөзін тұщымды ойларымен тұздықтап, оқырманын еліктіріп әкететін талай очерктері мен публицистикалық мақалалары арқылы республика жұртшылығына әлдеқашан танымал болған журналист. Оның сан алуан тақырыпты қамтитын материалдары оқырманды ешқашан бей-жай қалдырмайды.
Әбекеңнің қаламына жел бітіп, өз тұрғыластарынан оза шауып, Қазақстанның танымал журналистерінің қатарынан орын алуына екі бірдей жоғары оқу орнының – Қазақ мемлекеттік университеті мен Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде түбегейлі білім алуы өз септігін тигізген шығар деген ойдамыз. Ал ең бастысы, білімді көкірекке құйып, тоқи білуде ғой. Әбекең бұл жағына келгенде де алғырлығын танытқан сияқты.
Жалпы, Әбекеңнің шығармашылығы әйтеуір атым шықсын дейтін пендешілік ойдан аулақ шығармашылық. Ол не туралы жазса да, қандай мәселе көтерсе де, сол өзі әңгімелеп отырған тақырып төңірегінде кеңінен толғап, пікір білдіріп, оқырманға ой тастайды. Өзін толғандырған мәселе басқалардың да көкейіне жетсе екен деген ізгі ниеті байқалып тұрады («Қасірет», «Әскердегі дерт», «Баланың көңілі батыста», «Ойы ояудың намысы қалғымайды», «Ескерткіштер орнату – елдікке сын»). Газет беті көтермейтіндіктен, біз бұл арада мақалалардың мазмұнына тоқтала алмайтынымызды ескертеміз.
Және бір қызығы – Әбекеңнің мақалалары көбіне оның өз өмірінің бір бөлшегі сияқты әсерге бөлеп отыратыны бар. Басқаша айтқанда, оқырман өзін мақала емес, оқиғасы қызықты бір әңгіме оқып отырғандай сезінеді. Бұдан бір жағынан автордың өзі жақсы білетін нәрселерді ғана жазуға ұмтылатыны және соны оқылатындай етіп қызықты баяндауға, оқиғаларды ойнатып беруге күш салатыны аңғарылады.
Мәселен, «Сұлулықтың сырын ұққан» деген мақаласында автор сыныптас досының мінез-құлқын айшықты кестелеп, оның өмірде қол жеткізген табыстарын, шығармашылық жолын тартымды әңгімелей келіп, өзінің оқушылық жылдардағы өмірбаянын оқиғаға жанама түрде әдемі кіріктіреді. Ал «Пирамида елінде» атты көлемді мақалада әскери борышын Мысыр елінде өтеген автордың басынан кешкен оқиғалары, сол тұстағы саяси жағдайлармен астаса өріліп, оқырман көкейінде қызықты бір әңгіме дәрежесінде қалып қояды.
Сол сияқты «Ұлттық поэзиямыздағы Ұлықбек жырлары», «Қазақтың Қонысбайы», «Әлем таныған Әлімжанов» атты мақалаларда автор өзін қаламы жүйрік әдебиет зерттеушісі ретінде көрсетеді. Мұнда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармалары кәсіби талдау объектісіне айналумен қатар, автордың Алматы, Ленинград шаһарларындағы студенттік жылдары қосарласа өріліп, шығармалардың тартымдылығын арттыра түседі.
«Алыстағы Америка айшығы» деген мақаласы да осыған ұқсас. Мұнда да автор сапар барысында көрген-білгендерін құр әншейін тамсана баяндай бермей, алпауыт ел – Америка туралы өзіндік пікір түйіп, оның жақсы-жаман жақтарымен ой бөлісіп, белгілі бір қорытынды жасап отырады.
Әрине, Әбекеңнің шығармашылығы туралы кеңінен толғауға болар еді. Оның әдеби шығармаларды талдауға құрылған рецензиялары («Қайран Көпеннің көкелері-ай», «Бізге таныс тағдырлар»), Қазақтың М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында қойылған спектакльдердегі режиссерлердің ұстанымы мен әртістердің ойынына байланысты ортаға салынған салиқалы пікірлері («Малахов неге тоқтамады?», «Әлішер Науаи» – қазақ сахнасында»), журналистік талдауға құрылған көкейкесті мақалалары («Ананы тілдеу – анаңды тілдеу», «Жолдаспыз ба, мырзамыз ба?», «Ақмолаға жіберу керек»), жеке адамның өмірін суреттеуге арналған портреттері («Мұзарт шыңдай Мұстафа Шоқай», «Алуан қырлы Ақселеу аға», «Суреттен соңғы сергелдең») жөнінде арнайы зерттеу мақаласын жазса да артық емес. Әбекеңнің қаламды қару еткен азаматтық үніне, журналистік шеберлігіне солай еткенде ғана толығырақ көз жеткізуге болады.
Әбекеңнің және бір қыры болып табылатын қызметке адалдығы осы журналистика саласында басталған еңбегінен өрбиді. Ә.Әлібеков Президент Әкімшілігінде қазіргі кезде атқарып жүрген қызметін қоса алғанда, екі-ақ жерде жұмыс істеген адам. Біріншісі Ленинград мемлекеттік университетін бітіріп келгеннен кейін орналасқан «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті. Екіншісі жоғарыда атап өткеніміздей, бүгінгі атқарып жүрген мемлекеттік қызметі.
Аға газетте табандатқан он жыл шыңдалу мектебінен өтті. Қатардағы тілші болды, кейін бөлім басқарды. Президент Әкімшілігіндегі қызметке саяси тұрғыдан әбден толысқан маман ретінде келді. Содан бері өткен жиырма жылда Әбекең үлкен мекемедегі жауапты қызметті абыроймен атқаруда. Оның ішінде соңғы оншақты жылдың беделінде сарабдал саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Махмұт Қасымбековтің басшылығымен мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне қатысты небір жауапты жұмыстарды өзіне о бастан тән тиянақтылықпен Һәм адалдықпен мүлтіксіз орындауда. Әр жылдары «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталуы сол адал еңбегінің, тиянақтылығының жемісі болса керек.
Әбекеңнің отбасына адалдығы туралы айтқанда, зайыбымен, бала-шағасымен шектелу аздық етеді. Оның отбасы өсіп-өнген, өнегелі орта. Зайыбы Қатира ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының доценті, ұл-қыздары жоғары білімді мамандар.
Әбекеңнің өзі бір кіндіктен бес ағайынды: екі қыз, үш ұл. Олардың бәрі ержеткен, бойжеткен, өз алдарына отау құрған, балалы-шағалы жандар. Әбекеңнің сонда да жаны тынбайды. Бүгінде жасы тоқсанға таянған, Ұлы Отан соғысының ардагері, әкесі Садық есіне түседі. Ол кісінің жағдайы жаман емес, ауылдағы інілері, келіндері күтімге алған. Сонда да күнара телефон соғып, хабарласады. Дұрыстап қараңдар деп пысықтайды. Арасында өткен жылдардағы оқиғалар жадында жаңғырып, «Ой өмір-ай!» деп бір күрсініп алады.
Туған анасы Әлібекова Пәти науқастанып, 1969 жылы қайтыс болғанда Әбекең ержетіп, мектеп бітірген ұл еді. Есесіне өзінен басқаларының бәрі жас болатын. Кіші қарындасы үште, інісі біржарымда. Қара жамылған үйде қиын өмір басталды. Әбдімүтәл әкесіне болысып, үй шаруасына, басқа да шаруашылықтарға шамасы келгенше көмектеседі. Дегенмен, әйел жоқ үйде қайбір береке болсын. Сөйтіп жүргенде, қазақ «жыртық үйдің Құдайы бар» демей ме, үйге Айсұлу деген апасы келді. Сол күннен бастап үйде бір шуақ пайда болды.
Қазір ойлап отырса, Айсұлу тәтесімен бірге (Әбдімүтәл екінші шешесін осылай атайтын) бұлардың үйіне бақ келген екен. Сол тәтесі әкесімен отыз жыл отасып, үш келін түсіріп, балаларды орын-орнына жайғастырып, 2009 жылы 72 жасында дүниеден қайтты. Міне, қазақтың, қазақ әйелінің дархандығы! Осыны ойлағанда Әбекеңнің көңілі босайды, көзіне жас үйіріледі. «Қайран, Айсұлу тәтем», деп қамығады. Ал мен болсам Әбекеңнің бойындағы қайнар бұлақтай тұмса адалдық әулетінен дарыған екен-ау деген ойға келдім. Бар бол, асыл дос! Адалдықты серік етіп, алға оза бер демекпін.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ, филология ғылымдарының кандидаты.