Алматы қаласында бүгін, яғни 14 мамыр күні Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтеді. Келіссөздерде қазақстандық делегацияны еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов басқарады. Ал кеше, 13 мамыр күні Қазақстан сыртқы саясат ведомствосы басшысының Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуі болып өтті.
Қазақстанға кезекті жұмыс сапарымен келген РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов кездесіп, бірқатар келіссөздер жүргізді. Екі мемлекеттің бас дипломаттары Қазақстан және Ресей президенттері берген тапсырмалардың, анығырақ айтқанда, 2011-2012 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарының орындалу барысын жан-жақты қарастырды. Сонымен қатар, іргесі кең, көршілес орналасқан екі мемлекет арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы екі жақты ынтымақтастықтың бүгінгі таңдағы ахуалы мен келешектегі талқыға салынды. Жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы сыртқы істер министрлері бірлескен коммюникеге қол қойды.
Екі жақты кездесуде Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысы ресейлік әріптесін биылғы 2011 жылдың 15 маусымында Астана қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысты жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарымен таныстырып өтті. Министр, сонымен қатар, өз әріптесіне Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесіне еліміздің алдағы төрағалығына қатысты басты бағыттар төңірегінде айтып берді.
Көпшілікке белгілі, Қазақстан мен Ресей басшылары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведевтің саяси күш-жігері, игі ықпалды бастамалары мен қажырлы еңбектері посткеңестік кеңістікте көптеген интеграциялық үдерістердің алға басуына септігін тигізуде. Кеңейтілген осы кездесуде интеграциялық мәселелерге басты назар аударылуы түсінікті жәйт. Бұл орайда Кеден одағының жұмысын бастауы, сонымен қатар, Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасында біртұтас экономикалық кеңістіктің құқықтық-келісім-шарттық негіз қалыптастыру бағытында атқарылған ауқымды іс-шаралар бірлескен тиімді де сапалы жұмыстардың айқын кепілі болатындығына дау жоқ.
Қазақстан мен Ресей сыртқы саясат ведомстволарының басшылары аймақаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуды тілге тиек етумен қатар, бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзге мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Мәселен, министрлер биылғы жылғы күзде Астрахань қаласында өткізілуі жоспарланып отырған ҮІІІ аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселелерін талқылап, өз ойларын ортаға салды. Кездесу барысында сыртқы саясат ведомстволары басшылары БҰҰ және оның құрамдас бөлімдері шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелерін қарастырып, Орталық Азия өңірлік қауіпсіздігінің өзекті мәселелері мен Ауғанстан жайы туралы да ой қозғады. Ержан Қазыхановтың пікірінше, ресейлік әріптесімен келіссөздер іскер де сындарлы жағдайда өткен.
– Бір құптарлығы, Қазақстан мен Ресей маңызды халықаралық проблемалар бойынша салмақты ұстанымымен ерекшеленуде. Екі мемлекет те сыртқы саясат саласында өзара ықпалдастықты арттырып, одан әрі жетілдіруде бірқатар тиімді іс-шараларды жүзеге асыруда. Қазіргі кезеңде Кеден кодексі және Кеден одағының біртұтас кедендік аумағын іске енгізу бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Менің ойымша, мұндай маңызды іс-шарада ең бастысы алдын ала келісілген мерзімді сақтау, – деді қазақстандық министр өз ойын ортаға салып. Ол, сонымен қатар, бұл кездесудің Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты, өзара сенімділік пен әріптестік қатынастарды нығайта түсетіндігіне сенім білдірді.
Баспасөз мәслихатында сөз алған Сергей Лавров «Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық деңгейінің жоғары екендігін» атап айтты. Оған Қазақстан мен Ресей мемлекеттері басшыларының ауқымды үлес қосып отырғандығы да назардан тыс қалмады.
– Екі мемлекеттің, халықтарының арасындағы достық, тату-тәтті тіршілік және барлық саладағы стратегиялық әріптестіктің бүгінгі таңда да, келешекте де берері мол. Мұның өзі, сондай-ақ еуразиялық кеңістіктегі ынтымақтастықты да нығайтып, тұрақтылыққа қол жеткізуге ықпал етеді, – деді Сергей Лавров.
Сонымен, бірлескен коммюникеде мемлекеттер арасындағы тату-тәтті көршілік, достық, ынтымақтастық қарым-қатынастар және стратегиялық әріптестік атап көрсетілді. Өйткені, мұның өзі сыртқы саяси ықпалдастықты одан әрі жетілдіріп, оның ауқымын кеңейтуге қолайлы жағдайлар жасамақ.
Бақыт БАЛҒАРИНА.