Мақсат қоғамдық қабылдау бөлмелерінің тиімділігі мен белсенділігін арттыру болып отыр. Өткен жылы партияның қоғамдық қабылдауына 78 мыңнан астам адам хат арқылы және жеке өздері келіп арыз-шағымдарын жеткізген. Бұл халықтың партияға деген зор сенімін және оның жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2009 жылмен салыстырғанда 2010 жылы қоғамдық қабылдауға келгендер саны 11 мың, ал 2008 жылмен салыстырғанда 30 мыңға артқан.
Партия басшылығы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің тиімділігін арттыра түсу мақсатында олардың арасында байқау жариялаған болатын. Кеше партияның Орталық аппаратында солардың арасынан үздіктері анықталды. Байқауға барлығы 257 қоғамдық қабылдау бөлмелері қатысты. Олардың ішіндегі үздіктерін анықтау кезінде келіп түскен хаттарды сапалы әрі уақытылы қарау, қоғамдық қабылдау бөлмелерін жетілдіру бойынша бастамалар көтеру, мемлекеттік органдармен бірлескен қызмет, бұқаралық ақпарат құралдарында өз қызметін көрсету, сондай-ақ қабылдау бөлмелерін безендіру сияқты критерийлер есепке алынды.
Байқау жеңімпаздарын құттықтау кезінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Біз үшін ең бастысы – азаматтардың мәселелерін жылдам шешуге барлық жағдай жасау. Бұл – Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің алдымызға қойған ең негізгі міндеті. Бүгінде «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы маңызды әрі тиімді байланыстыру құралы ретінде танылды», – деді.
Халықты толғандыратын мәселелерді шешудің тиімділігін арттыру мақсатында партия әрдайым осы қызметтің жаңа формаларын тауып, қолдануға тырысады. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин байқау қорытындыларын жариялағанда, алда тұрған міндеттердің басты бағыттарын да айқындап берді. Олардың ішінде қабылдайтын азаматтардың санын көбейту арқылы мемлекеттік органдармен өзара әрекет белсенділігін арттыру, хаттарды қараудың сапасы мен қорытындысын ерекше бақылау, түйткіл мәселелерді шешу мен олардың қорытындыларын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен баяндау қажеттігі атап өтілді. Осындай қоғамдық қабылдау бөлмелерінің байқауы енді жыл сайын өткізілетін болды. Биылғы байқау Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылып отыр.
Сөйтіп, алғаш рет өткізілген «үздік қабылдау бөлмесі» байқауының жеңімпаздары болып мыналар танылды: «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі (бас жүлде), «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі (1-орын), «Нұр Отан» ХДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі (2-орын) және «Нұр Отан» ХДП Қостанай облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі (3-орын).
Жүлдегерлерге тиісті сыйлықтар мен марапаттар табыс етілді.
Жақсыбай САМРАТ.