Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасы және Үкіметке берген стратегиялық мақсаттағы тапсырмалары негізінде тәуелсіз еліміздің ғарыш саласы мен оның инфрақұрылымдары және кадрлық құрамы қарқынды түрде қалыптасу үстінде. Сол инфрақұрылымдардың бірі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Жерүсті кешендері бас орталығы болып табылады. Осы орталықтың директоры биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰТҒА академигі Оңғарбек ӘЛІПБЕКИГЕ жолығып, ел дамуындағы ғарыш саласының маңызы мен өзі басқарып отырған орталықтың қызметі туралы әңгімелескен едік.
– Құрметті Оңғарбек Әліпбекұлы, елімізде шешуі табылмай жатқан проблемалар баршылық, соған қарамай ғарыштық инфрақұрылымды және технологияларды дамыту не үшін керек?
– Қазіргі кезде Елбасымыздың экономикалық бәсекелестікке төтеп бере алатын, тіптен ол сайыста жеңіп шыға алатын өркениетті мемлекет қалыптастыруға кіріскенін көзі ашық азаматтардың бәрі біледі. Бұл идеяны жүзеге асыру ғылыми үлесі ауқымды технологияларды меңгеру, оларды халық шаруашылығында кеңінен пайдалану және дамыту арқылы шешілмек. Сондай озық технологиялардың бірі – ғарыштық технологиялар. Оларды біз өзімізде дамытпасақ дамыған елдер біздерге осы технологиялардың тек нәтижесін ғана аса қымбат бағаға беріп, өркениет көшінің соңында қала беретініміз анық. Осыны түсінген Үкіметіміздің ғарыштық индустрияны қарышты өркендетуге кірісіп кеткеніне алты жыл болды. Қазір біз осы бағытта едәуір алға жылжыдық.
– «Байқоңыр» ғарыш айлағының Қазақ жерінде орналасқаны демесек, еліміздің өзіндік ғарыштық индустрия кешені болмағаны белгілі. Ендеше, осы бір салиқалы істің қалай ұйымдастырылып жатқанына тоқтала кетсеңіз?
– Ғарыштық саланы басқару ісі оны жақсы білетін, ғарышқа Құранды, Қазақстан Туын және киелі қазақ жерінің бір уыс топырағын апарып келген ғарышкеріміз Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевқа жүктелген. Ол кісі басқаратын Ұлттық ғарыштық агенттігінің (Қазғарыш) аясында қазіргі кезде алты ірі мекемеден тұратын толыққанды ғарыштық кешен құрылып, олардың әрқайсысының басына өз міндеттерін жақсы білетін тәжірибелі де ынталы атқарушылар тағайындалды. Солардың бірі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы.
– Өзіңіз қызмет істеп жүрген осы компанияның жұмысына сәл тоқталып өтсеңіз.
– «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (ҚҒС) ғарыштық инфрақұрылымның маңызды бөлшегі. Бұл компания бар болғаны алты жаста, ал оған жүктелген міндеттер аса ауқымды. Соның ішінде негізгілері – неше түрлі ғарыштық аппараттар, кемелер жасап ғарыштық технологияларды іске қосу және оларды үздіксіз дамытып отыру. Бұл мекемені отыз екі жасынан бастап қорғаныс саласындағы ірі өндіріс орындарына жетекшілік жасап келе жатқан тәжірибелі азамат Габдуллатиф Мурзакулов басқарады. ҚҒС қазіргі уақыта бірнеше ірі істерді жүзеге асыру үстінде. Олар – ұлттық ғарыш орталығының инфрақұрылымын салу, ғарыштық аппараттарды жобалау және сынау кешенін құру, жерді қашықтықтан зондтаудың (ЖҚЗ) ғарыштық жүйесін жасау, жоғары дәлдіктегі жерсеріктік навигациялық жүйе құру және осы жұмыстарды алға жылжытатын мамандарды дайындау. Компанияда атқарылып жатқан істердің барлығы мемлекет тарапынан әріден ойластырылып жоспарланған жүйелі шаралардың нақты жүзеге асу үстіндегі практикалық көрінісі болып табылады. Мысалы, Ұлттық ғарыш орталығынсыз ғарыш саласында белгілі бір табысқа жетемін деу күмәнді болар еді. Ғарыштық аппараттар болмаса ғарышты меңгере алмайсыз. Ал ғарышқа ұшудың мақсаты – жаңа технологиялар арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру, ел экономикасын әртараптандыру ісіне үлес қоса отырып, болашақ үшін аса маңызды рөл атқаратын инновациялық мәндегі ең алдыңғы қатарлы жоғары технологиялық саланы жетілдіру. Жалпы, бұл істің еліміз үшін сан-салалы маңызы бар деуге болады.
– Жаңа технологиялар демекші, Жерді қашықтықтан зондтау деп жүргеніміз не нәрсе? Осы туралы оқырмандарға түсініктеме бере кетсеңіз.
– Жерді қашықтықтан зондтау екі құрылымнан тұратын Жер бетіндегі өзгерістерді бақылауға бағытталған осы заманғы жүйе немесе технологиялар жиынтығы. Оның бірінші сегменті ғарышта белгілі бір орбитада ұшып жүрген ғарыштық кеме, не олардың тобы. Ол кеме Жер суретін түсіретін аппаратуралармен, бағдарламалармен және кеменің қызмет етуіне қажет басқа да құралдарымен жабдықталады. Кеменің жұмысы жерден белгілі бір каналда орналасқан жоғары жиіліктегі радиотолқындар арқылы басқарылады және Жер беті туралы жинаған ақпараттары басқа бір жоғары жиіліктегі радиотолқындар арқылы алынып отырады.
ЖҚЗ-ның екінші бөлігі жер сегменті деп аталатын күрделі жүйе. Жер сегменті өз кезегінде екі орталықтан тұрады: ұшуды басқару орталығы және кемеден ақпараттар алу, оларды өңдеу, сақтау және тарату орталығы. Бұл екі орталықта да істің қыр-сырын терең меңгерген білікті мамандар ғана тиімді жұмыс істей алады. Мысалы, жеткілікті дәрежеде дайындалмаған маманның ғарыштағы аппартты жоғалтып алуы да әбден мүмкін.
Жалпы, ғарыштағы ЖҚЗ аппаратынан келетін ақпаратты бей-берекет жатқан цифрлар жиынтығы ретінде қарастыруға болады. Ол мәліметтерді өңдеудің бірнеше сатыларынан өткізіп барып, пайдаланушыға жеткізу үлкен интеллектуалдық және материалдық ресурстарды талап етеді. Мысалы, түсірілімдердің саны жылдам көбейіп кетеді де, тек бір ғана аппараттан алынатын суреттер мыңдап, тіптен миллиондап саналады. Оларды әр түрлі дәрежеде өңдеу және сақтау арнайы аппараттарды, арнаулы кәсіптік бағдарламаларды және білікті кәсіпқой мамандарды талап етеді. Ал енді сол суреттерді соңғы пайдаланушыға жеткізу негізінен ғаламтор арқылы жүргізілетінін айтсақ, бұл істің де оңайға соқпайтындығын түсінуге болады. Сіз бен біз әңгімелесіп отырған қазіргі сәтте ғарышта жүзге тарта ЖҚЗ-мен айналысатын кемелер жұмыс істеуде. Әрине олардың ешқайсысы бірін бірі дәлме-дәл қайталамайды, әрқайсысының өзіндік конструкциялық ерекшеліктері және жеке мақсаттары мен міндеттері, бағдарламаланған қызметтері бар. Сондықтан олардан алынатын суреттер де өзіндік ерекшеліктерімен сипатталады.
Ғарыштық түсірілімдерді жүргізетін аппаратураларды негізінен екі үлкен топқа бөледі: электронды-оптикалық және радарлық. Бүгінгі күнде орташа есеппен он ЖҚЗ аппаратының тоғызы электронды-оптикалы аппараттар. Себебі, оптикалық аппараттар жер бетін адам көзі көре алатын, не соған өте жақын спектр аясында бақылайды. Көбіне бұл сәулелер кәдімгі ақ сәулені құрайтын өзімізге таныс көк, жасыл, қызыл (0,4-0,75 мкм) және де әр ұзындықтағы инфрақызыл диапазондық каналдары (0,76-1,30 мкм). Әр сәулелер жиынтығы (мысалы көк, жасыл, қызыл) белгілі бір нысандардың қасиеттерін тереңнен ашып көрсете алады, ал олардың қосындылары (мысалы: көк+қызыл, көк+жасыл, жасыл+қызыл және т.б.) адам көзі байқай бермейтін фактілерді нақтылай түседі. Тағы бір анықтай кететін нәрсе, ол Жер бетіндегі кез келген құбылыс белгілі бір оптикалық спектрдің сипаттамасының өзгеруі аясында жүретіні. Мысалы, егістіктегі өсіп келе жатқан өсімдіктер пісіп-жетілгенше талай спектралдық өзгерістерге душар болады. Осының арқасында, арнайы дайындалған маман миллиондаған шаршы километрді алып жатқан егістіктердің қасиеттеріне, жұмыс орнында отырып-ақ талдау жасап, ондағы өзгерістерге баға бере алады. Жалғыз талап – атмосфера, яғни ауа қабаты үнемі мөлдір болып тұруы керек.
Электронды-оптикалы аппараттардан алынатын суреттер өз кезегінде үш топқа бөлінеді. Бірінші топқа тек ақ пен қарадан тұратын түсірілімдер жатады да, оларды панхромдық түсірілімдер деп атайды. Панхромдық түсірілімдердің жер бетіндегі өзгерістерді байқау қабілеті жоғары болып келеді, бірақ назардағы нысандарды түстерге бөле алмайды. Екінші топқа үштен жетіге дейін оптикалық каналдары бар мультиспектрлі түсірілімдер жатады. Бұл түсірілімдер Жер бетіндегі үдерістерді талдауға арналған аса құнды ғарыштық материалдар болып саналады. Мультиспектрлі түсірілімдердің Жердегі нысандарды байқау жітілігі панхромнан төмен келеді. Ал гиперспектральді түсірілімдерде 220 каналға дейін болады. Мұндай ғарыштық суреттердің Жердегі өзгерістерді талдау мүмкіндіктері аса зор. Бірақ олар тәжірибе жүзінде әлі кеңінен қолданылмай жүр. Себебі, бұл мәселеде ғылыми-әдістемелік жұмыстардың қазіргі қолданылып жүрген деңгейі әлі де болса жеткілісіз. Дегенмен ғылым мен техниканың қазіргі даму деңгейімен бұл мәселені игеру ісі де ұзаққа созылмайтындығы анық.
Айтылған құндылықтарына қарамай, электронды-оптикалы аппараттармен жабдықталған ғарыштық кемелер тек Жерден қайтатын сәулелерді тіркейтін болғандықтан, оларды пассивті немесе енжар ЖҚЗ аппараттар тобына жатқызады. Мысалы, электронды-оптикалы түсірілімдер атмосфераны бұлт қаптап тұрған жағдайда Жер бетін бақылауға жарамсыз болып қалады. Радарлық ғарыштық аппараттар өз борттарынан Жерге радиотолқындар жіберіп, олардың қайтқандарын тіркеп, ауа райы қалай өзгерсе де, күндіз де, түнде де Жер беті туралы объективті деректер беріп отырады. Сондықтан оларды белсенді ғарыштық аппараттар қатарына жатқызады. Радарлық ғарыштық аппараттар электронды-оптикалы ғарыштық аппаратарға қарағанда ұтымды болғанымен олардың түсірілімдерінің бағасы әлдеқайда қымбат.
Қазақстанның ЖҚЗ ғарыштық жүйесін жасау 2006 жылдан басталған жұмыс. Ол екі ғарыштық аппараттар тобынан тұрады деп жоспарланған. Олардың бірі жоғары (1 м), екіншісі орта жітіліктегі (6,5 м) электронды-оптикалық аппараттар болмақ. Олардың орбитаға шығатын уақыты – 2013-2014 жылдар аралығы. Бұларға қосымша жақын арада радарлық аппаратымыздың да жоспарлануы басталады деген үміттеміз. Ал ЖҚЗ жерүсті сегментінің жоспары арнаулы сараптамадан өтті, жақын арада құрылысы да басталады. Қазіргі кезде болашақ ЖҚЗ жерүсті сегментінде жұмыс істейтін 21 маманды Францияда оқыту үшін іріктеу жұмыстары өткізілуде.
– Осы ЖҚЗ аппараттарынан алынатын түсірілімдер мемлекетімізге қандай пайда береді?
– Өзіңізге белгілі, ата-бабаларымыздың біздерге қалдырған негізгі мұралары – кең-байтақ жеріміз бен еліміз. Игеріп, ұрпақ кәдесіне жарататындай жеріміз бен сол жердің ашылмаған қасиеттерін ашып, оларды тиімді пайдалана алатын интеллектуалды әлеуетке ие еліміз бар болған соң Елбасымыздың алға аса зор мақсаттар қойып, еліміздің әлемде алар орнын нақы белгілей отырып, жалпақ жұртты іске жұмылдырып жатқандығы анық. Әлемде көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын алып аумағымызды тиімді пайдалануға жеткізетін даңғыл жолдың бірі осы ЖҚЗ ғарыштық жүйесі. Егер жіліктей айтатын болсақ, ЖҚЗ ғарыштық жүйесінсіз мемлекеттік стратегиялық басымдықтар болып табылатын ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, энергетика, жердің қойнауы мен бетіндегі байлықтарын пайдалану мәселелерін толыққанды, заман ағымына сай шешу қиын. Ал қазіргі жағдайға келетін болсақ, мемлекетімізде әлі күнге дейін әлемдік дәрежеге сай электронды түрдегі ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы (ҰКДИ) жасалмаған. Тіптен, ҰКДИ-ды бастардан бұрын дайындалатын Қазақстанның Ұлттық картографиялық геосервисі (ҰКГС) туралы ұсыныстың өзін ерте деп санаушылар кездесетініне қайран қаласыз. ЖҚЗ ғарыштық жүйесі ең алдымен осы ұлттық ауқымдағы проблемаларды шешуге себепкер болатынына Қазғарыш және ҚҒС жетешіліктері сенімді.
ЖҚЗ ғарыштық жүйесі экономикалық жағынан аса тиімді болатыны қазірдің өзінде анық болып отыр. Мысалы, ұлан-ғайыр жерімізде үлкенді-кішілі жиі-жиі болып тұратын табиғи және адам қолымен пайда болатын апаттардың алдын алып, реттеп отыруда ЖҚЗ жүйесіне сенім өте мол. Ғылымның соңғы жетістіктері ЖҚЗ жүйесін жер қойнауындағы байлықтарды анықтауға пайдалануға болатынын дәлелдеп шықты. ЖҚЗ ғарыштық жүйесін навигациялық жүйемен қоса пайдалану ауыл шаруашылығына қыруар пайда әкелетіні күмәнсіз екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп берді. ЖҚЗ ғарыштық жүйесі елімізде қордаланып қалған көптеген экологиялық проблемаларды шешуге себебін тигізетініне зерделі жұрт берік сенімде. ЖҚЗ ғарыштық жүйесі жер, орман, су ресурстарын қадағалауда, кадастр, картография, мониторинг және т.б. салалардағы еңбек өнімділігін аса тиімді ете алады.
– Бұрын ғарыш саласында тәжірибесі жоқ қай мемлекетке болса да ұлттық ЖҚЗ ғарыштық жүйесін дамыған елдердің көмегінсіз құруы өте күрделі. Сіздер кімдермен бірігудесіздер?
– Дұрыс айтасыз. ҚҒС ЖҚЗ ғарыштық жүйесін ғарыштық саладағы әлемдік көшбасшылардың бірі, ЖҚЗ саласында ширек ғасырлық тәжірибесі бар Францияның EADS ASTRIUM компаниясымен бірігіп жүзеге асырмақ. Бұл бірлескен жобаның барлық құқықтық және қаржылық негіздері дайын. Біздің болашақ мамандарымызды да осы компания дайындап бермек.
– Оңғарбек Әліпбекұлы, елімізде соңғы кезде ғана қарқынды игеру ісі басталған, ал көптеген елдер үшін әлі де бейтаныс күйінде келе жатқан ғарыш саласында қызмет ету өте абыройлы іс. Сондықтан оқырмандарымызға осы салада қызмет етіп жүрген өзіңізді де таныстыра кетсек, артық болмас.
– Еліміздің оңтүстік өңіріндегі киелі Аспара жерінде 1951 жылы мамыр айында дүниеге келіппін. Ұзақ жылдар ғылым және білім, ал соның ішінде жеті жыл жоғарғы білім саласында қызмет еттім. Бір монография, алты оқулық, жүзден аса ғылыми еңбектер мен өнертабыстарым бар. Соңғы он жыл ғарыштық технологиялар арқылы жер ресурстарын басқару саласын жетілдіруге атсалысып келемін. Төрт іргелі және қолданбалы ғылыми жобалардың жетекшісімін. ҚР жоғары оқу орындарының «Үздік оқытушысы» деген атағым бар. Голландияда (2008), Ұлыбританияда (2009-2010), Ресейде (2008-2010) және Францияда (2011) ғарыштық технологиялар тағылымдарынан өттім.
Сіз жаңа ғарыш саласын көптеген елдер үшін әлі де бейтаныс деп орынды айттыңыз. Егер еліміз өз тәуелсіздігіне ие болмаса, бұл сала өз аумағында Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқанына қарамастан, біздің еліміз үшін де бейтаныс күйінде қала берер еді. Экономика мен халық тұрмысының көптеген салалары үшін маңызы зор нақ осы ғарыш саласын игеруді бастауымыздың өзі, менің ойымша, биыл тойланғалы отырған тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық торқалы тойына үлкен тарту. «Елдің дұрыс дамуы үшін ең алдымен оның басына азаттық керек» деп кезінде Шоқан Уәлиханов қандай орынды айтқан. Біз тәуелсіздікке ие болғаннан кейін ғана көп мәселеге өз қолымызды жеткізіп, жан-жақты, кең арналы даму жолына түсіп, өзіміздің табиғи байлықтарымызды өзіміз игеру ісіне шын мәнінде кірісіп отырмыз.
Міне, осы тәуелсіздіктің арқасында елімізде ғарыш саласының алдыңғы ілектегі мамандар қатары шоғырлана бастады. Мен де өзімді солардың бірімін деп ойлаймын. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Кембридж университетінде ғарыш саласында арнайы дайындықтан өтіп келіп, осы қызметті атқарып жатырмын. Қызметтегі тағы бір табысым жақында Қазақстан Ұлттық табиғи ғылымдар академиясының мүшелігіне сайландым.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.