Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Дипломмен – ауылға!» атты жастар форумы өтті. Форумның мақсаты – «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасын қолдау, оны насихаттау. Аталмыш жиынға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеттерінен 100-ден аса белсенді студент жастар, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Жиынға жиналған жастар өз ойларын ортаға салып, студенттерді ауылға көптеп тарту және оларға Үкімет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер мәселесін талқылады. Әсіресе, форумға қатысушылар әлеуметтік жағдайға қатысты өз ойларын айтты. Олардың көбі Үкімет тұрғын үй немесе төмен мөлшерде несие алуға көмектесіп, қолдау көрсетсе деген ойларын білдірді.
«Қазір біздің университеттің мыңнан аса студенті диплом алысымен ауылға барып қызмет етуге дайын. Алайда, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында аграрлық саланы бітірген түлектерге ешқандай жеңілдік қарастырылмағаны қынжылтады», – дейді ҚазҰАУ-дың жастар әкімшілігінің төрайымы Жұлдыз Сүлейменова. Оның айтуынша, мәдениет, білім, спорт және тағы басқа саланың мамандарын ауылға тартуда көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Ал ауыл шаруашылығына қажетті мамандар бұл бағдарламадағы жеңілдіктен тысқары қалған. «Ауылға басқа маман иелерін көптеп тартқанымен, ондағы жағдай түзелмейді. Сондықтан алдымен ауыл шаруашылығы мамандығын меңгерген жастарға қолдау көрсетіп, соларды көптеп тарту керек», – дейді ол.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.