Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Президент жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның мәжілісі болып өтті.
Мәжілісті ашқан Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы жылы еліміздегі адам құқы мен бостандығын қорғау әрі сыбайлас жемқорлықты құрықтау бағытында айрықша жауапкершілік жүктейтін жыл болатынын атап өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларының орындалуы да жалпы қоғам мен мемлекеттік органдардың жемқорлықпен ымырасыз күресіне тікелей байланысты болмақ, деді ол.
Отырыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, соның ішінде 2010 жылғы шаралар жоспарының орындалу қорытындылары талқыланды. Сонымен қатар мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық деңгейін көрсету рейтингтерін қараудың қорытындысы жасалды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров, Бас прокурор А.Дауылбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Н.Әбіқаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Қ.Нұрпейісов, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, Әділет министрі Р.Түсіпбеков, Қаржы министрі Б.Жәмішев хабарламалар жасады.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия Үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2011-2015 жылдарға арналған жаңа салалық бағдарламасын іске асыру және Мемлекет басшысының осы бағыттағы тапсырмаларын орындау бойынша шаралар қолдануға ұсыныстар жасады. Сонымен бірге мемлекеттік органдардағы 2010 жылғы сыбайлас жемқорлық деңгейінің рейтингтерін есептеу қорытындылары мақұлданды.
Жақсыбай САМРАТ.