Мерекеге қала тұрғындарымен қоса, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те ат басын тіреді. Елорда басшысы концерттік бағдарламаны тамашалап, түрлі тағамдардан дәм татты, асық ойнау шеберлігін паш етті.
Халықтық серуенге келушілер назарына «Ынтымағы жарасқан Мәңгілік ел» атты мерекелік концерт ұсынылды. Шара барысында елорданың шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, «Наз» мемлекеттік би театрының және Мемлекеттік академиялық филармонияның артистері, Мемлекеттік Омбы орыс халық ансамблі, «Туған жер» ансамблі (Петропавл қ.) және «Вайнах» ән және би ансамблі. Ұжымдар қазақ, орыс, өзбек, украин, кавказ халық әндері мен билерін орындады. Сонымен қатар, Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған концерттік бағдарламаға ұлттық мәдени орталықтар үлес қосты.
Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі ұлыс өкілдерін біріктіретін ерекшеліктердің бірі - мол дастарқан. Мерекеге орай «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда 25 ұлттың тағамдарымен 50 метрлік дастарқан жайылды. Қонақтар әзербайжан, өзбек, қырғыз, поляк, корей, украин, белорусь, болгар, армян, күрд, неміс, еврей және т.б. тағамдарынан ауыз тиді.