Кеше Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері кеңесінің сегізінші отырысы өтті. Онда ұйымға мүше алты елдің мәдениет министрлігінен өкілдер қатысып, өркениеттер сабақтастығына орай өткізілген мәдени іс-шараларға тоқталумен қатар, мәдени байланысты нығайтудың әдіс-амалдарына қатысты біраз ұсыныс-тілектерімен бөлісті. Отырысты ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сөз сөйлеп ашып, ұйымға мүше елдер арасындағы рухани байланыс мұнан кейін де қарқынды дами беретініне сенім білдірді.
Жиында Қытайдың Мәдениет министрі Цай У Шанхай ынтымақтастығына мүше мемлекеттер арасындағы қалыптасқан іс-шараларға қанағаттанарлық сезімін білдіре келіп, мәдени қарым-қатынастардың «механизмдерін» мұнан әрмен қарай жетілдіре беруіміз керек деген ой айтты. Ол сондай-ақ жастардың бетін мәдениетке қарай бұру қажеттігіне тоқтала келіп, мұндай шара Ресеймен бірігіп жүргізген мәдени жобаларда оң нәтижелерін бере бастағанын тілге тиек етті. Қытайда – орыс, Ресейде қытай тілінің жылы жарияланған. Осындай бастамаларды басқаларыңыз да қолдауларыңызды сұраймын деген ұсынысын да білдірді. Қырғызстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің статс-хатшысы Мұқталы Бектенәлиев мәдениетаралық байланыс халықтар мен халықтарды бір-бірімен рухани жағынан жақындастырып қана қоймай, бұл саладағы көптеген проблемалардың шешілуіне оң ықпалын тигізіп жатқанын әңгімелесе, Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Александр Авдеев Қытай тарапынан ұсынылған мәдениет индустриясын дамыту мәселесін қолдайтындығын білдіре келіп, мәдениет саласы кадрларын даярлауда әлі де бірлесе атқаратын іс-шаралар көптігіне көңіл аудартты. Тәжікстан республикасының Мәдениет министрі Мирзошохрух Асрори Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің ежелден бір-бірімен аралас-құралас жатқан мемлекеттер екенін айтса, Өзбекстанның Мәдениет және спорт істері жөніндегі министрінің бірінші орынбасары Бахтияр Сайфуллаев елдің 20 жылдық тәуелсіздік тойы қарсаңында ұйымдастырылып отырған мәдени шаралар туралы әңгімеледі. Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымы бас хатшысының орынбасары Анвар Насыров болса барлық халықтардың тарихы мен тамыры сайып келгенде бір арнаға келіп түйісетінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, жер бетіндегі бірде-бір ел оқшау өмір сүре алмайды. Жаһанды жақындастыратын мәдени құндылықтар рөлі қай нәрседен де басым болып қала береді. Дәстүрлер алуандығы ұлт пен ұлысты бір-бірінен алшақтатпайды, қайта керісінше бұл олардың бір-біріне құрметпен қарауына мүмкіндік беретін құрал ретінде қымбат.
ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында кеңес отырысында ортаға салынған ойларды бір ауыз сөзбен түйіндеп берді:
«Өткен жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, дүниежүзін таңғалдырған Астана саммитін өткізсе, биыл мінеки, әлем халқының 40 пайызын құрайтын Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығын бастап кетті. Енді бірнеше айлардан кейін біз бүкіл дүниедегі ислам әлемін біріктіретін Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ететін боламыз. Осының барлығы Елбасымыздың халықаралық деңгейдегі аса үлкен беделінің арқасы. Осыған орай Қазақстан Батысқа да, Шығысқа да бірдей танылды. Батыс жұртшылығына да, ислам елдеріне де өзінің даңқын шығарды. Біраз күндерден кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басқосуы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен өткелі жатыр.
Бүгінгі өткен кеңеске келетін болсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің биыл 10 жылдығын атап өтеді. Мәдениет деген сала мемлекеттік шекара, тіл арасындағы алшақтықты араға салмайтын, халықтар мен халықтардың, ұлт пен ұлыстың, өркениеттің арасын жалғастыратын ең бір әмбебап құрал. Сондықтан Мәдениет министрлерінің кездесуі алдағы болатын саммиттің лейтмотиві сияқты деп айтуға болады. Бүгінгі отырыста Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің мәдениетінің жай-күйі, мәдени алыс-берісінің ахуалы жан-жақты талқыланды, кеңес өзара түсіністік жағдайында өтті деп айтуға толық сенім бар».
Отырысқа сондай-ақ Иран Ислам Республикасының Мәдениет және ислами бағдар министрі Сейед Хоссейни, Моңғолияның Білім, мәдениет және ғылым вице-министрі Куланда Чуной, Беларусь Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Виктор Кураш, Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ашок Кумар Шорма мен Пәкстан Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі МохаммадАхтар Туфаил қатысты. ШЫҰ мүше мемлекеттердің Мәдениет министрлері достық және өзара түсіністік жағдайында ұйым шеңберіндегі мәдени қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, материалдық емес мәдени мұраларды сақтау саласындағы ынтымақтастық, ұлттық дәстүрлі мәдениетті дамыту және ортақ мүдделерді көздейтін өзге де мәселелерді талқылады. Тараптар халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға, мәдениеттің әр алуандығын сақтауға, ШЫҰ кеңістігінде өмір сүретін халықтардың дәстүрлері мен салттарын өзара құрметтеуге, олар туралы білімді насихаттауға мүмкіндік беретін ұйым шеңберіндегі көпжақты және екіжақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екендіктерін айтты. Сондай-ақ, ШЫҰ үндестік жөніндегі байқаушы және әріптес мемлекеттермен де көпжақты мәдени ынтымақтастықты белсенді дамытудың да маңыздылығы аталып өтті. ШЫҰ мүше мемлекеттердің Мәдениет министрлерінің кезекті кеңесінің өткізілетін орны мен уақыты дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болып шешілді. Тараптар Қазақстанның Мәдениет министрлігіне көрсеткен қонақжайлылығы мен кеңесті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.