21 Мамыр, 2011

Таңқалдырған, тамсандырған – Үндістан

1439 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Биылғы жылдың сәуір айында Үндістан премьер-министрі Манмохан Сингхтың елімізге сапары кезінде Ақордада Президент Нұр­сұлтан Назарбаевпен кездескені көп­ші­лік­ке белгілі. Сол кездесуде көтерілген екі­жақты қа­рым-қатынастарды дамытудағы әңгіме ті­нінің бірі болған мәселе енді нақты жүзеге асы­рылып, үнді жерінде Қазақстан мәде­ние­тінің күндері табысты өтті. Мамыр айының 9-14-і ара­лы­ғында Үндістан ас­танасы Нью-Дели қаласында Қа­зақ­стан Рес­публикасы Мә­де­ниет ми­нис­тр­лігінің ұйым­дасты­руы­­мен Қа­зақ­станның мәде­ниет күн­дері өткізілді. Оның беташар шарасы – Делидің ор­та­лық көше­лері­нің бірі – Абай кө­ше­сінен орын тепкен «Taj Palase» қонақүйінде ашыл­ған Алтын және бағалы ме­тал­дар­дың мем­лекеттік мұра­жайы мен «Құланшы» қазіргі заман­ғы мәдениет орталығының көрмелері болды Сәт сапар Қазақстан мәдениеті күн­­деріне қатысатын жүз­ шақ­ты адам Алматы әуежайынан Делиге апа­ратын ұшаққа отыр­дық. Дүниеде қиялдан жүйрік не бар де­се­ңіз­ші?! Ұшқыр ой қиялыңдағы Үн­дістан мен оқы­ған­дарыңнан, үнді фильмдерінен көрген ғажайып әсемдікті көз ал­дыңа әкеледі. Енді осынау ға­жай­ып елдің адам­да­ры қазақ мә­де­ниетін өз көздерімен көріп, одан сусындайтынын ойлағанда, көңі­лің көкке қалықтап, тербеле түседі. Үш сағат өткенде ұшақтың Дели әуежайына қонуға бет ал­ғанын ести сала төменге көз тіктік. Жыпырлаған, жымың­да­ған түнгі қала оттарының шегі бол­сайшы. Ұшағымыз жарты са­ғат­тай Делидің үстімен ұшып келеді. Ұшақ иллюминаторынан қай жағыңызға қарасаңыз да көк­жиек­ке дейін жымыңдаған оттар. Делидің алыптығына еріксіз таң­дай қағасыз. Әрине, іргесі қалан­ғанына біздің дәуірімізге дейінгі 3000 жыл делінетін 1483 шаршы шақырым ауданды алып жатқан қазіргі Дели 7 көне қаланың орнына са­лын­ған. Оның ішінде ислам­дық мәдениет пен түркі­лердің де ізі сайрап жатыр. Дхиллика – Дехлиз – Дехали – Дилли немесе Дели Әуежайға ұшақ келіп қон­ғанда сағат кешкі 21-ден енді ғана асып бара жатқан бо­ла­тын. Бізді Үндістандағы Қа­зақ­стан елшілігінің қызмет­керлері қарсы алып, даяр тұрған автобустарға бастады. Кеш түскеніне қарамастан, әуежайдың сыртқы есігін аша бергендегі бетке ұрған ыстық леп субтропикаға келгенімізді бірден есімізге сал­ды. Көліктерге отырып, түнгі Делидің ажарына қарап, терезеден көз алмаймыз. Әне, Үндістан жеріне аяқ басқан жандардың қаламына ілігетін атақты рикшалар. Бірақ өткен ғасырларда­ғы­дай жаяу, қаратабандап мықшыңдаған рикша емес, велосипедке отырып, педальды ай­нал­­ды­рып бара жатқан жаңа мыңжылдықтың рик­шасы. Әне, рикша арбасына бірнеше адам­ды отырғызып, тартып барады. Апыр-ай, мы­надай ыстықта жүк тарту оңай емес-ау, байғұстың жаны қандай сірі еді деп еріксіз таңданасың. Велорикшаның жетілген түрі моторикшалар да кездесіп жатыр. Жан-жағы ашық, үш аяқты моторикша алдыңғыдай емес, кәдімгі мәшине­лер­дегідей жылдамдықпен кетіп барады. Ауа суытқыш кондиционері жоқ бұл көліктің жол­ақысы да арзан екен. Бірақ әр бағдаршамға тоқтаған кезде жан-жағыңнан жетіп келіп қол жайған қайыршылар есіңізді алады. Өйткені, 1 миллиард 200 мың халқының 68 пайызы өте кедей саналатын елде қайыршылардан аяқ алып жүргісіз. Ал күніне 20 рупий, яғни 80 тең­ге көлемінде табысы бар жан бұл статис­тикаға ілікпейді екен. Сусап кеткенде сатып алған бір литр суымыз 10 рупий болды, енді өзіңіз әрі қарай есептей беріңіз. Бірақ үнді халқы керемет бейбітсүйгіш, бі­реуінің қабақ шытқанын, дауыс көтеріп бір-бі­рімен дауласқанын еш көрмейсіз. Көшелерінде біздегі тәрізді жолда жүру ережелері атымен жоқ. Жүріп келе жатқан көлігінің оң жағы­нан да, сол жағынан да зу етіп екі аяқты мотоциклдер мен мопедтер, скутерлер өтіп жатады. Соған қа­рамастан, бірде-бір жол апаты көзіңізге ша­лынбайды. Тіпті, бірде біз отырған көлік бұры­лысқа келгенде өте жақын тұрған мәшиненің ай­насын қайырып кетті. Жоқ, сіз бен біз ойлағандай емес, ешкім көлігінен атып шығып кеңірдегін созып айқайласқан жоқ, бір-біріне бастарын изесіп, екі жүргізуші жүріс­терін тоқтатпастан әрі қарай жолдарын жалғастыра берді. Мұның сыры, бәлкім, ежелден үнді жерінде бірнеше діннің қатар өрбіп келе жатқандығына байланысты болса керек. Үндістанның тарихы­на қарап отырсақ, оның дүниедегі ең көне мә­де­ниет бесігінің бірі болғанын көреміз. Алайда, XII ғасырға дейін үнді жерінде орталық­тан­дырылған ірі мемлекет болмаған. Есесіне, ұсақ-ұсақ кінәздіктер бір-бірімен бірде жау­ласып, бірде бейбіт қатар өмір сүрген. Ал үнді жерінде тұтас мемлекеттің негізінің қалануы, оның көршілеріне танылып, дипломатиялық қатынастар орнатуы XII ғасырдағы Дели сұлтанатынан бастау алады. Жалпы, қала Дели атауын 736 жылдан бастап иеленген көрінеді. Алғашында Дхиллика, одан Дехлиз-Дехали-Дилли атанған. Біздің тіліміздегі мағынасы табалдырық, шекара дегенді білдіретін қала тағдыры 1193 жылы Орталық Азиядан шыққан Мұхаммед Гури мен оның қолбасшысы кейін осы сұлтанаттың басшысы Кұтыпаддин Айбек келуімен өзгереді. Сұлта­нат құрылып, оның іргесі кеңейіп, мемлекеттің діні болып ислам бекітіледі. Жаңа басқарушы көп­теген мешіттер мен сарайлар тұрғызып, тас­тан ою өрген, құсни жазумен әдіптелген Құ­ран аяттары бар әсем ғимараттар бой көтереді. Қалада ғалымдар, сәулетшілер мен өнер адамдары құрметке бөленеді. 1206 жылдан бастап Дели сұлтанаттың астанасы болады. Қалада күні бүгінге дейін әлемдік мәнге ие 60000 ескерткіш бар, солардың ішінде Гиннес­тің рекордтар кітабында дүниежүзінде кірпіш­тен тұрғызылған ең биік ғимарат дейтін Құ­тып минареті сақталған. Оның тұрғызылуы да қызықты, минареттің қасына таянған адам оның төрт рет бөлініп тұрғызылғанын көреді. Се­бебі, әр билеуші династиясы өз кірпіштерін қалап отырған. Құтып баласы Елтұтмыш бас­қар­ған (1211-1227) жылдары Дели сұлтанаты тіптен өсіп, өркендейді. 1290 жылы билік басына екінші бір түр­кілер – Хилжа династиясы келеді. Олар ірі реформалар жүргізіп, Делиді жаңартып, Хаус Кхас атымен белгілі сауда базарын, орталығын ашады. Сұлтанат дамуы қарыштаған кезең болады. Бұл – Делидің Сири деген атаумен белгілі екінші даму кезеңі еді. Үндістан тарихында ерекше орын алатын кезең Ұлы моғол мемлекетінің құрылуы бол­ды. 1500 жылы Дешті қыпшақ ханы Мұ­хамед Шайбаниден ығысқан Бабыр сұлтан 1518-1525 жылдар аралығында Үндістанға 5 рет жорық жасап, 1526 жылы Лахорды алған­нан кейін тез арада Пенжаб, Агра, Дели қала­ларына келіп кіреді. 1483 жылы 14 февральда Ферғана әмірі Бар­лас руынан шыққан Омар Шейхтың от­ба­сын­да дүниеге келген Бабырдың соңында өз ру­ластары және дулат, қыпшақ, арғыннан жа­сақ­талған әскері бар еді. Түркі әлемінің биік тұл­ғасы Бабыр ұлы империя құрушы және билеуші ғана емес, артына энциклопедиялық «Бабырнаме», «Мумбайн» сынды шығармалар қалдырған аса бір зиялы тұлға. Сол кездегі исі түркінің әдеби тілі – шағатай тілінде жазылған «Бабырнаме» әрі тарихи, әрі әдеби шығарма болатын. Онда Орталық Азия, Ауғанстан, Пәкіс­тан, Үндістан халықтарының тарихы мен этно­графиясына, жағырапиясына қатысты құнды мәліметтермен бірге Дешті Қыпшақты мекендеген ру, тайпаларға қатысты да тарихи деректер бар. Бабыр негізін қалаған Ұлы моғол империясы ағылшындар Үндістанды жаулап алғанша 1858 жылға дейін өмір сүрді. Нью-Делидегі Абай көшесінен басталған мәдениет күндері Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен «Қазақ әуендері» ұйымдастырған мәдениет күндерінің бағдарламасы үнді жұр­тына қазақ өнерінің қай қырын да жарқырата көрсетуге бағытталыпты. Саны жағынан дүниежүзінде Қытайдан кейін екінші орындағы Үндістан жедел дамып келе жатқан елдердің қатарына жатады. Біздің халқымыздың үнді мәдениетінен біршама ха­ба­ры болғанымен, үнділіктер үшін қазақ мәде­ниеті мүлдем бейтаныс. Осы бір олқылықтың орнын толтыруды көздеген еліміздің Мәдениет министрлігі қазақ сахнасының майталман­да­рын, үздік өнер мұражайларын, еліміздің дүлдүл оркестрлерін Делиге алып келді. Халық аспаптары, саз бен ән, би өнерін Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрі өз бояуымен ұсынса, «Қазақстан Ка­мератасы» мемлекеттік ансамблі мен Күләш Бай­сейітова атындағы опера және балет теа­тры­ның әртістері классикалық шығармаларды көрермендердің назарына ұсынуы әдемі ой­ластырылған. Қазақ музыка, пластика өнер­ле­рінің биік деңгейіне тәнті еткізетін туындылар таңдалып алынған екен. Мәдениет күндерінің ашылу рәсімі де өте ұтымды шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың 2002 жылы осы елге сапары кезінде Абай атын иеленген көше­де­гі бес жұлдызды «Тaj Palace» қонақүйінің «Жаһангир» залына қазақ мәдениеті күндеріне қызығушылықтары мол үнділік дос пейілді жан­дар көптеп жиналыпты. Олардың назарына еліміздің Алтын және бағалы металдардың мемлекеттік мұра­жайы­ның жәдігерлері мен Қазіргі заманғы «Құ­лан­шы» мәдениет ор­та­лы­ғы апарған суретші Ләйла Махат сал­ған картиналар ұсы­нылды. Сонымен, Нью-Делидегі Абай көшесінде қазақ мәдениеті күндері басталып кетті. Мәдениет күндерінің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Республика­сы­ның Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұ­хам­мед Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаны­на 20 жыл ғана толған жас мемлекет, алайда біздің тарихымыз көне заманнан бастау алады дей келе, Үндістан мен Қазақ елі арасындағы сан ғасырлық тарихи тамырға тоқталған министр одан әрі жаңа заманда үнді мен қазақ жұртының бірін-бірі тануының маңыздылығын атап өтті. Салтанатты рәсімге Үндістанның Мәдениет министрі Кумари Сельджа ханым қатысып сөз сөйледі. Үнділіктер назарына біздің дәуірімізге дейінгі VIII ғасырдың аяғы мен VII ғасыр басын­дағы халқымыз үшін аса қымбат жәдігерлердің бірі Шілікті қорғанынан табылған Алтын адам бастаған тарихи экспонаттар ұсынылды. Қар­ға­лы, Шілікті, Жалаулы, Есіктен табылған аң стиліндегі алтын бұйымдармен қатар, көрмені тамашалаушылар назарына қазақ әйелдері мен ерлерінің таза күміс әшекей бұйымдары, ертұрманның күмістелген элементтері қойылды. Көрмені өзіміз де қосылып тамашалай жү­ріп, Алтын және бағалы металдардың мемлекеттік мұражайының директоры Гауһар Са­дыбайдан қойылған экспонаттардың қандай не­гізде алынғанын сұрадық. «Жалпы осы көр­меге дайындаларда үнді мәдениеті, қолдан­ба­лы өнері туралы біраз мәліметтермен танысуға тура келді. Сонда байқағаным, үнділіктерде біздермен біраз ұқсастықтар бар екен. Қанша дегенмен бір құрлықтанбыз, оның үстіне үнді мәдениетіне біздің бабаларымыздың да қосқан үлесі бар ғой. Сондықтан көне замандағы ал­тын бұйымдармен қатар, бертіндегі, соңғы екі ғасырдағы күміс заттарды да әкелдік», деген болатын. Гауһар Қасиқызының сөзімен өзін доктор Рита деп таныстырған өнер зерттеу­шісінің пікірі үндес шықты. Ол көрмеге таң-тамаша қалып отырғанын айта келе: «Көне замандардағы қазақ жерін мекендеген тайпалар, сіздердің ата-бабаларыңыз осындай алтын бұйымдар жасай алғандығы мәдениеттеріңіз­дің тамырының қаншалықты тереңде жатқа­нын көрсетеді. Алтынды сол замандарда дегеніне көндіріп, ғажайып өрнек төккен дала шеберлері ұрпақтарына өлмейтін мұра қалды­рып­ты. Ал күмістен жасалған әшекейлер тіптен керемет. Осылардың кез келгенін үнділік сыл­қым­дар бойына ұялмай жапсыратындай, өте әсем. Және бір ғажабы, күміс бұйымдардағы оюлар маған өте жақын көрінді. Ішінен біздің халқымызда кездесетін элементтерге жолық­тым, бұл біздердің тарихи тамырлас жұрт екенімізді білдіргендей. Әсіресе, күмістелген ат әбзеліндегі ұқсастық ғажап. Тағы бір қызық­қаным – Қазақстанның бүгінгі бейнелеу өнері­нің деңгейінен хабар берер суретші Ләйла Ма­хаттың картиналары болды. Осы суреттерден қазақтың кең даласын, көк аспанын, қазақ­тар­дың жан-дүниесінің қаншалықты дарқан екендігін көргендей болдым. Қысқасы, сіздердің тарихи жәдігерлеріңізбен қазіргі көркемсурет­те­ріңіздің дәрежесі өте қызықты. Мен өзім үшін біраз жаңалықты дүниелер таптым»,– дейді ол. Камерата – Гауһар – Нұржамал және Вичигдана Келесі күні кешке «Habitat Centre» концерт залына классикалық музыканы сүйер кірпияз қауым жиналды. Дирижер Павел Тарасевичтің басшылығымен Алмас Серкебаевтың «Шалқы­ма­сын» сызылта жөнелген «Қазақстан Камера­тасы» мемлекеттік камералық оркестрінің алғашқы нотасынан-ақ төгілген саф үн концерт залын сұлу сырға бөледі. Негізінен үнділіктер әртістерді қошеметтеп, қол соғуға салқындау келетін сияқты. Оған Делиге келген күніміздің ертесіне Ежелгі дәстүрлі үнділік мәдениеттер фестивалі өтіп жатыр деген соң әдейілеп барып көрген концертте көз жеткізгенбіз. Және бір ғажабы, үнділік қай шығарма да ұзақ орындалады екен. Бір бидің арасындағы әнмен сүйемелденіп отырып орындалуына 30-40 минөттей уақыт кетуі қалыпты жағдай көрі­не­ді. Алайда, сахнаға сәмбі талдай Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева шығып, сыңғырлаған үнімен шырқай жөнелгенде үнділіктер қошеметтерін аяған жоқ. Ал атақты Радж Капур кинофильміндегі «Ichak Dana Beechak Dana» «Вичиг дана, вичиг дана, дана упер дана» деп сызылтқанда бірсы­пырасы орындарында қозғалақтап, ырғалып отырса, менің алдымдағы қатардағы үнділік әйел тіптен қосылып та кетті. Азамат Жылтыргөзов пен Медет Шотабаевтар да қошеметтен құр қалған жоқ, ал сахнаға лағыл тастай жарқырап, Қазақстанның халық әртісі Гауһар Мырзабекова шығып, Астор Пья­ц­цолланың «Жылдың төрт мезгілін» орын­дағандағы сәтін тек көзбен көріп, құлақпен есту қажет. Шекарасы жоқ өнер құдіреті тыңдау­шысын тылсым құшағына еріксіз ендірген. Камерата репертуарына әлемдік классика­ның үздік туындылары Моцарттың, Россини­дің, Вердидің, Вивальдидің шығармаларымен қатар қазақ музыкасының асылдары да алы­ныпты. 12 мамыр күні Дели уақытымен кешкі 19-да еліміздің ең үздік орындаушыларын бір сах­на­ға жиған гала концерт басталды. Онда жоға­ры­да аталған «Отырар сазы», «Қазақстан Камера­та­сы» оркестрлерінің сүйемелдеуімен Қазақ­стан­ның халық әртістері Нұржамал Үсенбаева, Гауһар Мырзабекова, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткерлері Гүлзира Бөкейхан, Гүл­фай­руз Құрманғожаева, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары Ділбар Бұрханова, Ақмарал Қайназарова, Күміс Ба­зарбаева, Медет Шотабаев, Сержан Кауков, Мәдина Баспаева, Таир Гатауов, Азамат Жыл­тыр­гөзов сынды майталмандар өз өнерлерін үнділіктер назарына ұсынды. Концертке Үндіс­тан­ның Сыртқы істер министрінің орынбасары Санжай Сингх, Үндістан Парламентінің депу­тат­тары, саясаткерлер қатысып отырды. 3000 адамдық «Siri Fort» концерт залының төріне жайғасқан «Отырар сазы» гала концертті Түркештің «Көңіл­ашарымен» дүбірлете ашқан болса, енді бір сәт сахнаға қазақ қы­зына тән ибалы, жұмсақ жымиысымен Гүлзира Бө­кей­хан шыққан. Нұр­ғиса Тілен­диевтің «Құстар әнін» Гүлзира шыр­қағанда, Абайдың «Айттым сәлем, қа­лам­қа­сын» Медет Шотабаев салғанда бұл ән­дер тек осы көмейлер үшін ғана жазыл­ған ба дер­сің. Камералық оркестрмен бірге Ықыластың «Жез­­киігін» қобызда орындаған Балжан Жүні­сова, Зарина Рүстемова, Әсел Ра­хымжанова өнер­лері де қандай құрметке болса да лайық болды. Айтпақшы, концерттерде үнді биін үйре­ну­ді өмірінің мәні еткен, қазіргі күні Үндіс­тан­ның Ченнай қаласында магистратурада оқып жүрген Ақмарал Қайназарова да өз өнерін көр­сетті. Гала концерт қазақ мәдениетін үнділік­тер­ге бар қырымен танытқан керемет кеш болды, залда концерт тыңдап отырып, өзіңнің осындай өнерлі елдің бір бөлшегі екендігіңді ойлап, кеудеңе жып-жылы сәулелі нұр құйылып жатқандай сезінесің. Абайға тағзым Жоғарыда айтылғандай, Нью-Делидің дәл ор­талығында Абай атында көше бар. Осы көшенің бастауында Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың 2002 жылдың 12 ақпанын­да келген сапарында көшеге Абай есімі берілді деген қара мәрмәрдан қашалып жазылған тас тұрғанын келген күннің ертесіне журналистер тобы көріп, қасына су­­ретке түскен болатын­быз. Жалпы, Делиде Ататүрік, Манас атындағы көшелер, Толстойдың ескерткіші бар екен. Манас көшесі Абай­мен қатар жа­тыр, бірақ ұзындығы одан қысқа екен. Ал үнділіктердің өздерінің тарихына қатысты ескеркіштер саны мүлде көп. Мәдениет күндерінің 3-ші күнінде Мәде­ниет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен елі­міздің Үндістандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дулат Қуанышев Абай көшесіндегі жо­ға­рыда аталған тасқа гүл шоқтарын қойып, хал­қы­мыздың кемеңгер ұлының рухына бастарын иді. Үндістанның өз тарихына қатысы бар тұлғаларды құрметтеу жолы өте жоғары деңгейде екенін байқадық. Неше жерден жаулаушы болса да, егер сол елдің мәдениетіне қосқан шөкімдей де үлесі табылса, оның есімі ұмытылмайды. Қай мәдениеттің, қай діннің ескерткішіне де құрметпен қарайды. Тұз жорығы – Ұлт әкесі – Махатма Ганди Ганди, Мохандас Карамчанд (1869-1948) Рабиндранат Тагордың «Махатма (Ұлы – А.Т.)» деп атауымен өз халқына да, әлемге де Махатма Ганди есімімен белгілі, қандай да бір күш көрсетуді қиянат, қылмыс деп таныған ұлт көсемі. Ганди ұсынған ұлт бостандығы үшін күрестің негізгі тактикасы «Ахимса», Сатьяграха», «Брахмачариядан» тұрды. «Ахимса» күш көрсетпеу, ешкімге ешқашан да жаманшылық жасамау, біреуді жазықсыздан жазықсыз азапқа түсірмеу» деген сияқты терең философиялық мағынаға ие болса, «Сатьяграха» – ақиқат үшін тайсалмау, оған арқа сүйеу, ал, «Брахмачария» – Жаратушыға жақын келу, жа­ның мен тәнің қалайтын еліктіргіш құмарлық түрлерінен ада болу, пәктікті сақтау. Осының ішінде «Сатьяграха» Гандидің күрес жолындағы өзі енгізген термині. Егер Махатма Гандидің өмірі жайында жаз­ған Жұмаш Кенебайдың айтқанына сүйенсек, ұлт әкесі басшылығымен Сатьяграха қозғалы­сы­ның мүшелері ағылшындар тарапынан көрсетіліп жатқан барлық әділетсіздікке үн-түнсіз, күш көрсетусіз қарсылық көрсету, ұрып жатса да, өлтіріп жатса да, абақтыларға қамап жатса да тіс жармау, отырып алу сияқты әдістерді кеңінен қолданады. Үндістанға сырттан басқыншылыр тарапы­нан әкелінген барлық тауарларды тұтынбай, керексіз етіп, тек қана үндінің тауарларын тұты­ну, үнді тілінде сөйлеу сияқты Махатма Ганди­дің Сатьяграха қозғалысы қойған талап­тары ағылшын отарлаушыларын тығырыққа тірейді. Отарлаушылардың сырттан әкелген тауар­лары-мұндағыларға мүлдем керексіз бо­лып, Англия­дағы ірі алпауыттардың өзі шаш етек­тен шы­ғын­ға батып, өз үкіметіне еріксіз наразылық көрсете бастайды. Билік пен ха­лық арасындағы ұзаққа созылған текетірес ағыл­шындарды отар елдерін тастап, еріксіз бас­сауғалауға алып келеді. Міне, қантөгіссіз, күш көрсетусіз бостандыққа жету деп осыны айтса керек. Бұл – сөзсіз Махатма Ганди бастаған Сатьяграха қозғалысының басты жеңісі. Ұлтын оята білген, сол жолдағы жеңіске қан төкпей жетуді мұрат тұтқан Махатма Гандидің Сатьяграха – Тұз жорығына арналған Дели орталығындағы ескерткіш нағыз ұлылыққа жасалған тағзым болып шығыпты. 1930 жылы Махатма Ганди үндеген тұзға са­парының тууы – Үндістан жеріндегі тұзды үн­діліктерге өндіруге тыйым салған талапқа қар­сылық болатын. Алдымен бірнеше рет отар­лаушы өкіметпен келіссөзге барудан еш нәтиже шықпаған соң Ганди теңіз жағасындағы топы­рақ­тың бетіне тұзы шығып жатқан Данди қа­ла­сына баруға отандастарын шақырады. Алға­шында Ганди жобасына миығынан күле қара­ған британдықтар 78 серіктесімен жорыққа шыққан Ганди тобының сан миллиондаған наразы топқа айналғанын көреді. Бұл шынында да ешқандай күш көрсетусіз жасалған қар­сы­лық болатын. Міне, Делиде қолына таяғын ұстаған қарт Махатма бастаған, соңынан бірін-бірі сүйеп, жетелей тұзға бет алған адамдар бейнеленіпті. Ешкім комментарий берместен анық ұғынатын, халықтың жүрегіне сәуле жа­ғатын тамаша ескерткіш. Осыған қарап тұрып, біздерде неге осындай тарихи оқиғаларға арналған, бір өзі бір тарихи романның жүгін көтерер мағыналы ескерткіштер жоқ деп қынжылдық. Қиялымыздың бар жеткен жері ат үстінде отырған батыр ғана болғаны ма?! «Дарханға, Әнуарға, Талғатқа, Асылбекке сәлемімді жеткізіңізші!» – Мен қазақтың дәмін таттым. 2004-2008 жылдары әуелі Құлсары-Доссор жол құрылы­сын­да, одан Атырау әуежайын салуға қатыс­тым. Қазақ музыкасын жаным сүйеді, «Таймс» газетінен қазақ мәдениеті күндері өтіп жатыр дегенді ести сала осында жеттім. Аты жөнім – Анджей Хазарика, Құлсарыдағы достарым – Асылбекке, Дар­ханға, Әнуарға, Талғатқа сәлемімді жеткізі­ңіз­ші! – дейді үнділік азамат таза қазақ тілінде. 4 жылдың ішінде жат елдің азаматы тілді үйреніп алғаны, осындағы тілі сынбағандарға үлгі боларлықтай екен. Ал жоғарыда айтылған «Таймс» газетінің тілшісі, әріптесіміз Назым Тукраль: «Мен осыған дейін Қазақстан атты мемлекет бар екенін білгеніммен, оның мә­де­ние­тімен еш таныс емес едім. Осы күндері хал­қыңыздың бай мәдени мұрасы және оны лай­ықты жалғастырушылары бар екенін көрдім. Сіздер қазақстандықтардың үнді мәдениетінен мол хабары барлығын айтасыздар. Ал мен осы уақытқа дейін қазақ киносын көрмеппін. Үн­ді­лік­тердің әлемге танылуында киноның алар үлесі мол. Неге сіздерге қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрі мен ғұрпынан, бүгінгі тіршілігінен хабар беретін фильмдер түсіріп таратпасқа? Тіпті біздің Болливудпен бірігіп, тарихи немесе басқа да бір фильмдер шығарылса, ол екі халықты жақындастыра түсер еді ғой», дейді. Менің ойыма осы тұста қазақтарды жағым­сыз, жалтақ, күлкілі етіп көрсететін отандық ки­нотуындылар оралды. Ал үнді фильмдерін көр­ген жандардың осы бір елге қызығу­шы­лықтары, құрметі оянып жатады емес пе. Қайшылығы мол, кедейі мен байы­ның ара­сы жер мен көктей, эко­но­ми­касының қарыштап дамуының көр­сеткіштері бойынша әлемде 5-ші орынға ие, заманауи IT технологиялармен, фармокологияда үл­кен жетістіктері бар, ға­рышты игеріп жатқан, зор әлеует иесі, көне мә­дениет бесігі Үндістан ғажайып­та­ры таң­ғал­ды­ра­ды, тамсан­ды­рады. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Астана–Алматы–Дели–Алматы–Астана.